Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Апатайым! Ауылды, Сені сағындым…»

0 327

1. МӘСКЕУДЕН ЖАЗЫЛҒАН ХАТТАР

Осыдан жиырма жыл бұрын болатын. Шер-ағаңның жетпіс жылдығының қарсаңы еді. «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі боп қызмет істеп жүргем. Жақсы мақаланы «жамбасы ойылғанша» жатқызып қоймайтын редакция қызметкерлерінің талабын түсініп қалғам. Сондықтан ылғи тәуір дүние жазғым кеп ізденем де жүрем.
Сөйтіп жүріп, Шер-ағаңнан сұхбат алуым керек деп ойладым. Өйткені ол кезде ҚР Парламенті Мәжілісінің мінберінен халқының сөзін қабағын түйіп, қаһарлана сөйлейтін қаламгердің мінезінен қаймыға ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір Шер-ағаңның болмысын ашатын күрделі әңгімеге еш журналист бара қоймаған. Сондықтан «Жығылсаң, нардан жығыл» деген» дедім де, жетпіс жылдығын бетке ұстап және соған орай жетпіс сұрағымды дайындап алдым да, Талаптыға тарттым. «Парламенттің депутаты Шер-ағаң еңбек демалысына шығып, елге кеп жатыр» дегенді естігем алдында. Талаптыға кешке қарай жеттім. Өрістен мал келіп, иттер үріп, ауыл іші азан-қазан болып жатыр екен. «Шер-аға, ауылыңызға барып сұхбаттассам, қалай қарайсыз?» деп алдын ала айтпасам да, қайраткер қаламгер кейбіреулердей кергіп, «ертең келсейші, бүгін демалып жатыр ем» демеді. Бірақ менің жетпіс сұрағымды көріп: «Оу, мұның бәрін қайда сыйғызасың?», – деп күлгені есімде. Алғашқы сұрақтарымның бірі «Шер-аға, Алматы асып, Мәскеудегі оқуға қалай түсіп жүрсіз? Атағынан ат үркетін Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсу ол кезде қазақтың қара домалақтары үшін қол жетпес қиял емес пе еді?» болып келетін.


Негізі, Шер-ағаң сұсты көрінгенімен, жаны жайсаң, әзіл-қалжыңды да жақсы көреді, әңгіме-дүкенге сараң емес. Менің сауалыма: «Жамбыл мектебінде оныншы сынып оқып жүргенде үш-төрт баланы обком комсомолдың бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырды. Қаратай Тұрысов, Ергеш Есімов, сосын Әбдуәлі Данаев дейтін бір жігіт бар. «Мәскеуден разнарядка келді. Төртеуің Тынық мұхит әскери училищесіне оқуға барасың- дар», – деді. Оның не екенін түсініп жатқан жоқпыз. Бастық «барасыңдар» деген соң, «барсақ, барайық» дедік. Бірақ жайдан-жай жібере салмайды екен. «Жарайсың ба, жарамайсың ба?» деп денсаулығымызды тексерді. Қаратай деген досым о кезде бойы кішкентай, шынжау, тырылый арық жігіт еді. Оны «сен жарамайсың» деп бірден шығарып тастады. Менің кәдімгідей әл-қуатым бар. Біздің интернатпен бір қорада «РУ» дейтін (Ремесленное училище – К.С.) болатын. Кілең зіңгіттей-зіңгіттей орыстың балалары оқиды. Солармен ұдайы төбелесіп жататынбыз. Тоғызыншы класта оқып жүргенде болған бір қырғын «соғыста» мына құлағыма кілтпен ұрды ма, әйтеуір, жарғағы жарылып кетіпті. Комиссияның қырағы көзі сол жарғағы жарылып кеткен құлақты көріп қойып, «сен жарамайсың» деп мені де шығарып тастады. «Ойбой, мыналарды Асқаровтың өзі Мәскеуге жібергелі жатыр екен. Жоқ, Владивостокқа жібереді екен» деп жұрттың бәрі құлақтанып қалған. Содан «жарамай қапты» деген сөзге қатты намыстандық. Қарекең геология институтына баратын болды. Мектепте газет шығарып, әдебиеттен кәдімгідей тәуір баға алып жүруші ем, мен де Алматыға барып, Московский полиграфический институттың «редакционно-издательский» деген факультетіне тәуекел деп құжат тапсырдым. Өтіп кеттім әйтеуір. Енді шегінерге ешқандай жол жоқ. Болары болды. Шешенің жағдайы анау. Беретін түгі жоқ. Бірақ «не болса да бара беру керек» деген балалық әсермен кете бардық. «Ол жақта қалай күн көреміз, арты қалай болады?» деген уайымға салынбадық. Стипендияға бірде ілініп, бірде ілінбейміз. Бір жолы «үш» алып қалып, бір сессия стипендиясыз қалдық. Жаңағы вокзалға барып жұмыс істеп жүргеніміз содан. Елу үшінші жылы Сталин қайтыс болды. Өлерінің алдында полиграфия институтының редакциялық-баспалық факультетін Мәскеу университетінің журналистика факультетіне қосу жөніндегі қаулыға қол қойып кетіпті. «Ленин таудағы» МГУ-дің жаңа біткен кезі. Сол қаулының күшімен университеттің студенті болып шыға келдік. Онда екі бөлім болды: журналистика бөлімі және баспа бөлімі. Мен баспагерлік бөлімінде оқыдым. Менің ә дегеннен баспамен «байланысып» жүргенім сондықтан», – деп МГУ сияқты білім ордасына қалай түскенін бүге-шігесіне дейін асықпай баяндап берді.
Ол кезде маған Шер-ағаңның осы айтқанының өзі әжептәуір олжа болатын. Сондықтан сұрақты басқа арнаға бұрып, әңгімені жалғастыра бергем. Жақында Шер-ағаңның 90 жылдық мерейтойына орай үйіндегі архивін жинап, бір ізге түсірген іні-қарындастарым қаламгердің Мәскеуден жазған хаттарын көрсеткенде, осыдан жиырма жыл бұрын Талапты ауылындағы інісі Батырханның шарбағындағы алма талдың түбінде отырып, Мәскеуге қалай барғаны туралы айтқан әңгімесі есіме түсті.
Мынау Шер-ағаңның Мәскеуден жазған сол хаттары.

«Москвадан сәлем!

Апатайым!
Аман-сау, оқып жатырмын. Денсаулығым жақсы. Оқу да жақсы. Бүгін, 28 сентябрьде посылкелеріңізді алдым. Бәрі қалпында, бүлінбепті. Мені өте қуантқан тері көкірекше болды. Бұл жақта қанша дегенмен күн ызғарлы ғой. Апа, енді посылкенің онша керегі жоқ. Өйткені сіздерге қиын соғатынға ұқсайды. Алыс жер болғандықтан, көп ақша шығын болады. Өте керек болып қалған уақытта өзім хат саламын ғой. Елдің, өздеріңіздің әл-ахуалдарыңыз қалай, қысты қалай қарсы аласыздар?
Қаржаубайға ағалық рахметімді айтамын, аз күн ішінде 2 хатын алдым. Әйнек апайдың, Шебелдің халдері қалай? Сәлем айтыңыздар. Қуанышбай қалай жүріп жатыр, Байбосын науқасынан айықты ма? Пашира апайға сәлем, Өсекең неге хат жазбайды? Басқа не айтамын, әзірге жаңалығым жоқ. Сау болыңыздар! Апа, мені уайымдамаңыздар, тек аманшылық тілеп, қайратыңызға мініп жүре беріңіз!
Апа! Бұл жақта қазақша кітап жоқ, сондықтан сағындым. Үйде менің кітаптарым көп болушы еді ғой, атап айтқанда, «Ботагөз» деген кітапты Машанға айтып, сол арқылы почтамен жіберулеріңізді өте сұранамын. Оған онша көп ақша да алмас. Ол посылкадай қиын емес. Жақсы қағазға орап, 2-3 кітап салуға болады. Шерхан Мұртазаұлы, 29/IX-50 ж.».

Хаттағы сөз өмір көріп, әбден ысылған ересек адамның сөздеріндей мағыналы, мәнді, ақылды. Сондықтан сөйлемдерді оқып отырып: «Сол кезде Шер-ағаң қанша жаста болды екен?» деген оймен есептеп көрсем, небары 18 жаста екен. Сол кездің өзінде болашақтағы қарымды да қайраткер қаламгерге тән мінезі де, стилі де қалыптаса бастаған ба, қалай?
Тағы бір хат. Мұны інісі Батырханға жазыпты.

«Батеке!

Қалай, саулықпен оқуыңды ойдағыдай үлгеріп жүрсіңдер ме? Әлде Жақсымбет асық ұтса, сен соны ұтқызып, сөмкедегі кітап босқа жүр ме?
Батырхан!
Кітаптарымды ешкімге бере көрме. Алыста жатсам да, «Мың бір түннің» қайда, кімде жүргенін түс көріп, біліп жатырмын. Білсең, ол кітаптар менікі емес, өссең сенікі ғой.
Хат жазыңдар, жақсы оқыңдар. Мұртазаұлы Шерхан. 10 февраль 1950 жыл».

Ал 1951 жылдың 17 январь күнгі хатын қарындасы Құрмашқа арнапты.

«Құрмаш!

Хатыңды алып, амандықтарыңды естіп, өте қуандым. Апамның денсаулығы қалай? Батырхан неге хат жазбайды? Ал саған айтарым: үй тіршілігін атқарып, апаңа көмек тигізгенің өте жақсы. Бірақ оқудан да қол үзбе, есің кірді, жақсы оқып, кластан класқа көшетін мезгілің жетті ғой. Неге жап-жас болып мұңаясың, мынандай хатты екінші рет жазушы болма. Әлде апамның әл-ахуалы өте нашарлап кетті ме? Ашып айтыңдар, апамның денсаулығын айтып, тез хат салыңдар, онсызда мен оны өте сағындым. Солай, Құрмаштай, егер апам онша нашарламай, тұрып, жүріп жүрсе, сен де еш нәрсені уайымдамай, қыздармен бірге күліп-ойнап оқи бер, киім, анау-мынау жоқ деген нәрсе сөз емес, амандық болса, әлі-ақ бәрі естен шығады.
Апа! Мені көп ойламаңыз, маған ренжіп те жүрген боларсыз, өсірдім, бақтым, қайырымсыз, жүгенсіз, өз бетімен кетті деп. Бір жәрдемшіге (Құдайға – К.С.) жалбарынып, амандық тілеңіз, бәрі болады. Денсаулығыңызды сақтаңыз. Жазда өзім дәрігерге қаратамын.
Ал, Бәтеке! Сізден хат күтемін, көптен бері жазбайсыз, әлде өкпелеп жүрсіз бе?
Құрмаш! Солай, еш нәрсені ойламай, есі бар адам болуға тырыс, жиі-жиі хат салып тұр.
Зор бақыттың иесі болуларыңызға тілектес Шерхан».

Шер-ағаңның «Ай мен Айшасындағы» ана бейнесі сонау Мәскеу хаттарынан басталып, осылай ойға салмақ салып, осылай жүректі шымырлатып өріле бергенге ұқсайды. Көңіліңді босатып, көзіңе жас үйіретін хаттарды оқып отырып, ең бастысы, Шер-ағаңның айтқаны айдай келіп, анасы, қарындасы, інісі – бәрі Мәскеудің МГУ-інде білім алған перзенттің жақсылығын көруі, септесіп жүріп, қиындықты жеңіп шыққанына тәубе дейсің.
Журналист атанып, облыстық газетке тілші болып келген кезімде Әбдуәлі Данаев деген бір кісі орталықтағы Баспасөз үйіне жиі келіп тұратын. Бірақ екінші қабаттағы біздің қазақ газетінен өтіп, үшінші қабаттағы орыс редакциясына көтеріліп, жазған әңгіме, мақалаларын соларға беретін. Үстінде ылғи теміржолшылардың жез түймелі қара көк кәстөм-шалбары болатын. Тура бір маңғаз генерал сияқты еді жүріс-тұрысы. Журналист ағаларымыз болса, аяғын асықпай басатын сол кісіні нұсқап: «Бұл кісі Ленинградтағы теміржолшылар институтында оқыған. Орыс тілінде жазады. Шерхан ағаңның досы», – дейтін сыбырлап.
Кейін сол ағамен жақын таныстым. Тіпті әкемдей болып кетті. Шер-ағаң да сол досының киімі мен мінезіне қарап, «Теміржол генералы» дейді екен қалжыңдап.

Мына хатты Шер-ағаң сол Әбдуәлі досына жазыпты. «11 февраль 1952 жыл. Ардақты Әбдуәлі!

Хатыңды алғалы 6 күндей болды. Амандық хабарыңды, игілікті табыстарыңды оқып білдім. Қуаныштымын. Біздерге тек жақсы оқып, табыстардан табыстарға жете беру ғана тән.
Өзім де сау-саламатпын, оқу басталған, жаңа жігер, жаңа күшпен қайта кірістік.
Хатыңда аздап болса да намысың ба, әлде арынды ашуың ба, майданға кіріп, ойран салған екенсің. Орынды-ақ. Орынды болды – мені дұрыс емес, бұрыс түсінгендігіңнен екені айқын көрініп тұр. Бірақ көптеген қомды (Шер-ағаңның осы теңеуі қатты таңғалдырды, өйткені бұрын-соңды мұндай орынды және тың теңеуді оқымаппын да, естімеппін де – К.С.), салмақты сөздерің болса да, зәредей ашу шақырып, шамданатын мен емес. Бұл жерде айтылған сөздерді қайталап, талдап, мән-жайын түсіндіріп, ақталып та жатпаймын. Өйткені оның көмегі аз. Дегенмен мынаны саған ерекше ескертуім қажет.
Мен өзімді орташа қарапайым жігіттің бірі деп білемін. Артықшылығым аз, кемшілігім де бар шығар. Сол кемшіліктің ішінде менде «бәлсіну» жоқ! Мұндай әрекетті мен әйелдің ісі деп білемін, ер жігітке тән емес, (саяси қателік деп есептеуіңе болады) мына сөзіңде шындықтың ұшқыны бар: бірақ бәрі шындық емес. Қазір мен тіл ғылымын зерттеуші ғалым емеспін. Рас, болашақта айналысамын деген ниетім бар. Әзірше қарапайым студент екенімді естен шығарма.
Ауылдан хабар алып тұрамын. Көктем шыға бастаған құсайды. Кейде елді сағынып, аңсап кететінім бар. Енді 3,4-ақ ай қалғаны – көңілге жұбаныш. Әбеке, библиотекаға қатынап, қазіргі кезде қолда аз шығармаларды оқып жүргенің дұрыс екен. Маған да оқу керек. «Адасқандар», «Қорғансыздың күні» сияқты оқылған кітаптардан бөлек, мен көбінше қазіргі өтіліп жатқан сабақтарға байланысты кітаптарды оқудамын. Бальзак, Стендаль, Шекспир, Сервантес, Гете, т.б. Сөз жоқ, ал бос уақыттарда Ленин библиотекасына барып, қазақ жазушыларын да оқуға тырысамын.
Ал, Әбеке, үзбей хат жазып тұр. Жаңалықтарды, көрген-білгендеріңді айт. Жалықпастан жақсы оқыңдар. Жақында елге қайтып, айбарлы Алатауға, өз ұямыз – сүйікті Жамбылда кездесіп, өткен-кеткенді еске түсіріп, жан тебірентер достық әбзел (!!!-К.С.) әңгімелер қыздырармыз. Мүмкін, жол болса, бірге де қайтармыз.
Москвалық жалынды сәлеммен Шерхан».

Шер-ағаңның хатындағы Әбдуәлі аға тоқсаныншы жылдардан былай қарай тек қана қазақ тілінде жаза бастады. Теміржолдағы салалық һәм техникалық терминдерді тәржімелеп, орысша-қазақша үлкен сөздік жасады. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне жиі-жиі келіп тұратын болды. Бірақ біраздан бері көргем жоқ, Құдай қаласа, Шер-ағаңның тоқсан жылдығында кездесіп қалармын.
Ал мына хатты Шер-ағаң 1953 жылы, яғни Мәскеуге де, МГУ-ге де еті үйренген кезінде жазыпты. Оқып отырып, «Шіркін, Мәскеуге, ондағы «Ленин тауға» орналасқан МГУ-ге, оның жатақханасына барып, бір кездерде Шер-ағаң жатқан бөлмені тауып алып, ескерткіш тақта орнатса, қандай керемет болар еді» деп те ойладым. Өздеріңіз де оқып көріңіздерші.

«Москва. 12 декабрь 1953 жыл.
Құрметті бауырларым!
Аман-сау боларсыңдар. Өзім де сау-саламатпын. Қазір сын тапсыруға дайындалып жатырмыз. Тез-тез хат жазып тұрыңыздар. Махан жұмысын атқарып жүр ме? Одан жақында хат алдым. Адресті тура жазбайды, кешігіп тиді. Сентябрьде жіберген ақшасын алғанмын.
Менің адресім: Москва, 76. До востребования, не болмаса Москва, 76, Студенчес. МГУ, комната, 246.
Махан-комсорг 549 деп жазады, ол дұрыс емес. Мына суретті жақында жолдас балалар сұранып түсірткізді. Нашарлау, мұны да көріп жылап жүрмеңдер. Үйдегі суреттерді өздерің көріп жүрсеңдер де, ешкімге таратпаңдар. Керек болады.
Сау болыңдар! Шерхан».

Шер-ағаңның Мәскеуден жазған хаттары алғаш оқуға түскен 1950 жылдан 1955 жылға дейін, яғни МГУ-дегі оқуын аяқтағанға дейін жалғасқан. Әрине, ел ішіндегі хаттары да бар. Жұрт бәрін мерейтойға орай басылып шығатын кітаптан оқып алар. Сондықтан Құрмаш қарындасына жазғандарымен «Мәскеу хаттарын» аяқтайын.

«11 апрель 1955 жыл.
Құрмаш!
Хатыңды алдым. Мен қуанатын дәнеңе жазбапсың. Оқасы жоқ. Бәрі де оңалар. Апамыз да оңалар. Ал алған ақшаңды жарат, өзіңе, апайға. Мен, керек болған жағдайда, тойды өзім істеймін. Сондықтан тоқтышақ, пәлен-түген сатып алып, менің тойымның қамын ойлаудың еш қажеті жоқ. Солай. Түсінікті болар. Сау бол, ешбір уайымдама. Апаңды күт, күткенің үшін рахмет, тағы да күт. Хат жаз. Жоғары айтылғанды орында. Сәлеммен Шерхан».

«18 май 1955 жыл.
Құрмаш!
Сау-саламат болуларыңды күн санап тілеп, сәлем жолдаушы Шерхан.
Есен-саумын. Енді аз уақыттан соң, дәлірек айтқанда, 1 ай 10 күннен соң жолға шығамын. Жұмыс орны әзірше Алматы болып белгіленді, басшылар солай ұйғарды. Ал қазір баяғы жұмыс, әбден жалықтырып, қажытқан емтихандар. Маханға айтарым жоқ. Ауылдың барлық жаңалығын айтып хат жаз. Өсер жұмысқа нақты қай жерге орналасты?

Сау болыңдар! Шерхан Мұртазаұлы».

Біз осы күні Кеңес өкіметі кезінде фамилиясының соңына «ов», «ев» емес, «ұлы» деген сөзді жазған тек қана Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы деп жүрміз ғой. Ал мына өздеріңіз оқыған хаттардың соңына Шер-ағаң да «Мұртазаұлы» деп қол қойғанын көріп, біліп отырмыз. Бірақ кітабына, мақала, әңгіме, аудармаларына олай деп жазуға басшылары тыйым салған болуы керек. 1970 жылдары, яғни бала кезімде мен де аудандық газетке жолдаған мақалаларымның астына «К.Сәттібайұлы» деп жазып жіберсем, редакциядағы ағайлар «К.Сәттібаев» деп «жөндеп» қоятын.

2. ШЕР-АҒАҢ ӨЛЕҢ ДЕ ЖАЗҒАН

Жетпіс жылдығына орай әңгімелескен кезімде: «Шер-аға, әдебиетке қалай келдіңіз? Ең алғаш жазғаныңыз өлең болды ма, әлде әңгіме болды ма? Мүмкін, шағын мақала шығар?» – деп сұрағам. Сонда қаламгер қалың қабағын қайшылап: «Бұл ойланатын нәрсе. Өйткені қыздардың альбомдарына, анау-мынауға өлең жазатын жастық шақ та бастан өтті», – деген. Шер-ағаңның жеке архивінде сол жастық шағында жазған өлеңдері де көп екен. Мынау сол өлеңдерінің біреуі ғана.

«Сұлу май, сүйікті май, сәулетті май!
Жамылып жасыл желек, дәулетке бай.
Жасанып жас арудай келгеніңде,
Менің де жомарт көңілім болады жай.

Сұлу май, сүйікті май, ғашығымдай!
Сағынып күткен едім сені ұдай.
Қойныңды аш, сүйіселік құшырланып,
О, шіркін, бой балқытқан лебің қандай!..

Елім бай күннен-күнге, жылдан-жылға,
Ат қойып, атой салдық асау тыңға!
Ер халқым еңбегімен орасан зор,
Сені, май, қарсы алады бұл жолы да. Шерхан Мұртаза, 55».
Өлең астындағы «Шерхан Мұртаза, 55» деген жазуға қарағанда, өзінің 23 жастағы 1 мамырын 1955 жылы осындай жырмен қарсы алған сияқты.

3. ТӨРТІНШІ КУРС СТУДЕНТІ
ҚАЛАЙ КӘСІПҚОЙ АУДАРМАШЫҒА АЙНАЛДЫ?

Жас кезімде башқұрт халқының классик жазушысы Мұстай Кәрімнің балалық шақ туралы керемет повестерін сүйсіне оқысам да, соны қазақ тіліне аударған адамның кім екеніне назар салмаппын. Шер-ағаңнан «Әдебиетке қалай келдіңіз?» деп сұрағанымда: «Студент күнімде, бір жағы, күнкөрістің қамы, бір жағы, әдебиеттің әлеміне енудің қамы, аудармадан бастадым мен. Мәскеуде оқып жүргенде арттан келетін көмек жоқ, жалғызбасты анамыз Айша колхозда істейді. Колхоз еш нәрсе бермейді. Елден көмек жоқ. Жалғыз өзіммін. Сөйтіп жүріп, «Москва сортировочный» дейтінге барып вагоннан жүк те түсірдік. Көмірден бастап Алматының апортына дейін. Тынық мұхиттың «селедка» деген балығына дейін. Сонымен төртінші курсқа барған кезде Мұстай Кәрім деген башқұрттың классигінің «Біздің үйдің қуанышы» деген бір шағын повесін аудардым.
Аударғанда, оның алдындағы әңгімесі көп. Шаяхметов дейтін біздің ЦК-нің бірінші хатшысы бір сессияға келіп жатыр екен. «Не де болса тәуекел, көмек сұрайын, маған баспадан бір жәрдем берсін» деген оймен барып жолықтым. Әрине, қарауылдары бар екен, солардан рұқсат алдым. Шаяхметов менің арызымды алып қалды. Арызда: «Студентпін. Жәрдем беретін ешкім жоқ. Болашақта әдебиетпен айналысқым келеді. Сондықтан баспадан бір аударма кітап алып берсеңіз, сонымен шұғылданар едім», – деп жаздым. Алып кеткен. Шамалы уақыттан кейін хат келді. О кезде «Жазушы» баспасын «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы» деп атайтын. Хат содан келіпті. Өмірімде бірінші рет фирмасының аты бар, тасқа басылған хат алдым. «Осындай да осындай, Мұстай Кәрім деген башқұрттың жазушысы бар. Біздің жоспарымызда соның осындай дүниесі тұр. Алдымен соның бір тарауын аударып, беріп жібер. Жараса шарт жасасамыз, жарамаса өкпелемейсің», – депті. Олардікі де дұрыс қой енді. Содан Ленин кітапханасына бардым. Дүниежүзінің кітаптары иін тіресіп тұр. Әлгі кітаптың алдымен орысшасын тауып алдым. Сосын башқұртшасын таптым. Екеуін салыстырып отырып, бір тарауын зырылдатып аударып жібердім. Алматыдан іле-шала хат келді. «Аяғына дейін аударып, қолжазбаңызды жіберіңіз», – депті. Келесі жылы сол баспаға практикаға келдім. Қолжазбамды ала келгем. Баспа аударманы қолма-қол қарап, өндіріске жіберді. Сөйтіп, практикам біткен кезде Мәскеуге кәдімгідей көп ақша алып қайттым.
Содан кейін дәндеп алдым. Баспа Лазарь Лагин дейтін мықты жазушының «Старик Хоттабыч» деген кітабын тағы берді. Оны да аударып бердім. Демек, менің әдебиеттегі тырнақалды дүниелерімнің бір парасы аудармадан басталғаны ғой. «Қазақстан пионері» дейтін газетке бір майда-шүйде әңгімелерім шығып жүрді. «Әңгелек», «Пистолет» дей ме, аттарын да ұмытып қал- дым», – деген.
Қаламгердің архивін ақтарып отырып Шер-ағаның Шаяхметовке жазған сол хатына да тап болдым. Маржандай әдемі әріптермен (жастарға бір үйренетін нәрсе, Шер-ағаңның жазуы өте көркем – К.С.):

«Қазақстан коммунистік партиясы
орталық комитетінің секретары
Шаяхметов жолдасқа Ломоносов
атындағы Москва университетінің
4-курс суденті Мұртазаевтан

Арыз

Мен, Мұртазаев, Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде (редакторлық бөлімі) төртінші курста оқимын. Өзімнің болашақ қызметіме жақын болғандықтан, қазірдің өзінде орыс тілінен қазақ тіліне аударып дағдылана берсем деп едім. Бұл, біріншіден, менің білімімнің өсе беруіне себеп болар еді, екіншіден, қазіргі студенттік жағдайда материалдық көмегі тиер еді. Мен интернат-пансионатта тәрбиеленіп өстім. Жалғыз анам – жұмыс жасынан асқан қарт. Қарындасым мен інім – әлі оқу жасындағы жастар. Жәрдемдесер жақын ағайын менде жоқ.
Менің сізден сұрайтыным: Қазақстан Жазушылар одағы арқылы маған орыс тілінен қазақ тіліне аударуға шағындау көркем әдебиет кітабына рұқсат алып берсеңіз.
Мұртазаев»

Сөйтіп, Шер-ағаңның аудармашы ретіндегі ең алғашқы шығармашылық жолы студент кезінде басталады…

4. ШЕР-АҒАҢНЫҢ КИЙІ

Талапты ауылындағы Шер-ағаңның музей үйінде кезінде қайраткер жазушының ермегі болған бильярд үстелі, сол бильярдтың шарлары және шар ұратын таяқ – кийі тұр. Соларды көрген кезде бір оқиға еріксіз есіме түсіп кете береді.
Бір жолы Астанаға бардым. Қасымда әйелім, кішкентай қызым бар. Соларға үлкен дүкендер мен ғимараттарды аралатып, тамашалатып жүргем. Қызыға-қызыға үстіңгі қабаттағы бильярд үстелдері қойылған кең залға шығып кетіппіз.
Бірақ зал бос. Тек бір үстелде ғана екі адам шарларды тарс-тұрс ұрып жүр. Анықтап қарасам, бірі Шер-ағаң да, екіншісі көп жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болған жазушы-журналист Әділ Дүйсенбек аға екен. Таныған соң бұрылып кету ыңғайсыз, барып сәлем бердім.
Сәлемнен соң Шер-ағаң әзілдескісі келген кездегі әдетімен Әділ ағаға қарап:
– Сонымен Поскребышев Сталинге не деп айтты деп ең, ей? – деді кийінің ұшын бормен ысқылап жатып.
Әділ аға алдымен лекілдете бір күліп алды. Сосын Шер-ағаңа әңгімесін бастады. Маған да бір қарап қойды.
– Поскребышев Сталинге барып, маршал Рокоссовскийді жамандап жатыр дейді. Ол ар-ұяттан әбден жұрдай болды, өз әйелі бола тұра Валентина Серовадан бастап бірнеше көңілдестері бар, анау-мынау, бәлен-түген…
Сонда мүштігіне темекі салып жатқан Сталин асықпай:
– Ал сол Рокоссовскийің қалай соғысып жүр? – деп сұрайды.
– Соғысуы… жақсы енді.
Сталин мүштегін түтіндетіп ойланып тұра береді. Сол кезде сабыры таусылған Поскребышев:
– Жолдас Сталин, сонымен Рокоссовскийге не істейік? – деп сұрайды.
Сталин тағы біразырақ үнсіз тұрыпты да:
– Не істеуші еңдер, бұдан былай да оның мықтылығын қызғанып, жамандап жүре берің- дер, – депті.
Шер-ағаң рахаттана күліп алды. Шер-ағаңның бұл әңгімені тура мен келген кезде не үшін сұрағанын ішім сезді. Өйткені «Егемен Қазақстанға» мақаланы жазуын жақсы жазсам да, кейде «мінез көрсетіп» қоятын кездерім де жоқ емес еді. Оны, әрине, Шер-ағаң да естісе керек. Қайран, Шер-аға, соны меңзеп маған «жазуым жақсы деп дандайсымай, тыныш жүр» деп тұр да.
Ол кезде фотоаппарат алып жүретін әдетім бар еді, Шер-ағаңың көңілді сәтін пайдаланып:
– Аға, ескерткішке суретке түсейікші, – дедім.
Шер-ағаң қарсы болған жоқ. Өзі де Қарағанды өңірінде тілші болып жүргенде фотоаппарат арқалап, суретке түсірумен кәдімгідей айналысқан ғой.

5. «БЕСКЕ» ТОЛЫ АТТЕСТАТ

Архивтен Шерхан ағаның «бес» деген бағаға толы аттестатын көргенде таңғалдым. Бір «төрт» пен бір «үш» қана «сынды бұзып» тұр. «Төрті» орыс әдебиетінен екен де, «үші» геометрия деген сабақтан болып шықты.
Бірақ көңілім сенбеді. Мектепте де небір қысастықтар болады ғой, сондайлардың салдары шығар деп ойладым. Өйткені Шер-ағаңдай даңғайыр білімді адамды орыс әдебиетін «төртпен» бітірді дегенге сенгім келмеді. Сосын «бильярд ойнаудың хас шеберлерінің бірі қалайша геометриядан «үш» алады?» деп ойладым. Өйткені бильярд деген ойын ең әуелі геометрияға жүйрік, «үшбұрыш», «төртбұрыш», «диагональ» дегендердің ойша білгірі болуы керек емес пе?!
Қай сабақтардан «бес» қойылыпты деп қарасам, олар: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі, алгебра, тригонометрия, жаратылыстану, психология, ССРО тарихы (ол кезде ССРО деп жазған екен – К.С.), жалпы тарих, ССРО Конституциясы, жағрафия (сол кездің өзінде география «жағрапия» болып жазулы тұр – К.С.), астрономия, химия, шетел тілі.
Қазақ ССР Оқу министрлігінің кәмелеттік атттестаты болашақ бас радактор, жазушы, депутат, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаға 1950 жылы 27 июньде Жамбыл қаласында беріліп:

«Бұл аттестат Қаратөбе а/советі, Жамбыл ауданы, Жамбыл облысында 1932 жылы туған Мұртазаев Шерханға 1947 жылы Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектепке түсіп, сол мектептің толық курсын бітіргендігі және мінез-құлқы өте жақсы болумен қатар оқыған пәндерінен білімі төмендегіше болғаны үшін берілді», – деп жазылыпты.

Тараз қаласы

Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.