Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қандасты қажытқан құжат. Қытайдан келген қазақтардың неке куәлігін растату әуре-сарсаңы

0 206

Атамекенге көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алғанына он жылдан асқан қазақтар баяғыда Қытайда алған неке куәлігін растату машақаты кесірінен сатып алған үй, жерін заңдастыра алмай жүргенін айтады. Қытай консулдығы Қазақстан азаматының құжатын растаудан бас тартады. Шарасыз күйге тап болған қандастардың кейбірі жұбайынан ажырасып, қайта некеге отыруға мәжбүр болған.

54 жастағы Бақытнұр Ақатай Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында тұрады. 2010 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасымен атамекенге Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысы Дөрбілжін ауданынан көшіп келген. Екі баласы бар Бақытнұр Ақатайдың отбасына совет кезінде салынған көпқабатты үйден 61 шаршы метрлік пәтер жалға берілген. Содан бері отбасы он жыл бойы ай сайын 5 мың теңгеден төлеп келген.

Шетелден атамекенге қоныс аударған қазақтарға арнап салынған "Нұрлы көш" ауылы. Өскемен, Шығыс Қазақстан облысы, 2011 жылғы қараша айында түсірілген сурет.
Шетелден атамекенге қоныс аударған қазақтарға арнап салынған «Нұрлы көш» ауылы. Өскемен, Шығыс Қазақстан облысы, 2011 жылғы қараша айында түсірілген сурет.

2020 жылы Бақытнұр пәтерді сатып алмақ болып, тиісті мекемеге құнын бағалатып, соның 30 пайызын төлеген. Үйді күйеуі Бақыт Жұмағұлдың атына рәсімдеген. Ол кезде ешқандай қиындық болмаған еді дейді Бақытнұр. Ал былтыр жұбайы дүние салғаннан кейін баспананы өз атына шығармақ болғанда күтпеген кедергіге кезіккен.

– Пәтерді 2 миллион 100 мың теңгеге бағалады. Қазір соның 800 мыңдайы қалды. Енді соны төлеп, үйді атыма шығарайын, содан кейін баламның атына аударайын десем, [Қытай берген] неке куәлігін растатып әкел дейді. Қытайдың Астанадағы елшілігіне де, Алматыдағы консулдығына да бардым. Олар «сендер Қазақстан азаматысыңдар, бізге қатысың жоқ» деп, ешқандай құжат бермейді. Енді не істейтінімді білмеймін, – дейді Бақытнұр Ақатай.

«Нұрлы көш» бағдарламасы

Қазақстан үкіметінің 2008 жылғы 2 желтоқсанда қабылдаған №1126 қаулысына сәйкес, 2009-2011 жылдарға арнап дайындалған «Нұрлы көш» бағдарламасына республикалық және жергілікті бюджеттен жиынтығы 67,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған еді.

Бағдарламаның негізгі шарттарының бірі – шетелден Қазақстанға көшіп келген қазақтарды жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Тұрғын жайларды жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіндегі тұрғын үй есебінен үлестіру, кейбір аймақтарда шеттен келген қазақтарды шоғырландырып қоныстандыратын қалашық салу, олардың қарызын қайтару үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» 4 пайыздық мөлшерде несие беру көзделген болатын.

«ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН МҰНДАЙ ТАЛАП ЖОҚ ЕДІ»

Қытайда алған неке куәлігін растата алмай жүрген тек Бақытнұр ғана емес. Нұрбақ Еркінқызы да 2010 жылы Қазақстанға Шыңжаңның Алтай аймағынан көшіп келген. Ол да содан бері Курчатов қаласында он жыл бойы аумағы 61 шаршы метр пәтерді жалдап тұрып келген. Былтыр жергілікті әкімдік Нұрбақ тұрып жатқан үйді 2 миллион 700 мың теңгеге бағалапты. «Оның 30 пайызын құйып қойдық» дейді Нұрбақ.

Нұрбақ Еркінқызы да үйді өз атына аударма болып халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Орталық қызметкерлері Нұрбақ Еркінқызына «үйді өз атыңа рәсімдету үшін неке куәлігіңді Қытай консулдығына барып растатыңдар, болмаса ажырасып, қайтадан қосылыңдар» деген шарт қойған.

– Былтыр енем қайтыс болды. Ол кісінің атында үй бар еді. Соны қайнымның атына аудармақшы болдық. Ол үшін біздің де келісіміміз керек екен. Барғанымызда «неке куәлігің жарамайды, сондықтан ажырасып барып, бір айдан кейін қайтадан [некеге отырып], Қазақстанның неке куәлігін алыңдар» деді. Біз оған келіспедік. Үй әлі енемнің атында тұр, – дейді Нұрбақ.

Оралмандар тұратын елдімекендегі Наурыз мейрамы кезінде ұлттық киім киіп, сырмақ тігіп отырған әйел. Көрнекі сурет.
Оралмандар тұратын елдімекендегі Наурыз мейрамы кезінде ұлттық киім киіп, сырмақ тігіп отырған әйел. Көрнекі сурет.

Нұрбақ Еркінқызы кейбір қандастардың үйді атына аудару үшін ажырасып, қайтадан некеге отырып жатқанын айтады. Солардың бірі Бақыт есімді азамат 35 жыл бұрын Қытайда үйленген.

– Алматыдан бір жер телімін сатып алған едім. Соны атыма шығарайын десем, неке куәлігің жарамайды дейді. Сосын сотқа арыз беріп, әйеліммен қағаз жүзінде ажырастым да, бір айдан кейін қайтадан некелестім, – деп күледі Бақыттың өзі.

Бақытқа жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығы өкілдері «[Қытай берген] неке куәлігіңіз базада жоқ. Сондықтан қазақстандық неке куәлік алуыңыз керек» деп түсіндірген.

«Нұрлы көш» бағдарламасымен көшіп келгендер бұл талаптың кейінгі уақытта пайда болғанын, бұрын ондай шарттың болмағанын айтады. Олардың сөзінше, пандемия басталғанға дейін барлығы жылжымайтын мүлікті кедергісіз алып-сатып жүрген.

Қазақстанға шетелден көшіп келіп, құжат ала алмай жүрген қазақтар Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп тұр. Жамбыл ауданы, Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстанға шетелден көшіп келіп, құжат ала алмай жүрген қазақтар Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп тұр. Жамбыл ауданы, Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

«Қазақстан азаматтығына құжат өткізген кезде Қытайда алған неке куәлігіміз жарамды болды ғой» деген Елшат Әжиакпар есімді азамат «Нұрлы көш» бағдарламасымен алған үйін 2020 жылы өз атына кедергісіз аударғанын, бірақ қазір сол пәтерді сатайын десе, «неке куәлігің жарамсыз, сондықтан әйеліңнен ажырасып, некеге қайта отыр» деген кеңес естігенін айтады.

– Ажырасып, қайта қосылған қолайсыз ғой. Бұрын жарайтын. [Қытайда берілген] осы неке куәлікті нотариуске апарып, қазақшаға аудартып, растатып әкеліп өткізетінбіз. Енді аяқасты жарамай қалыпты. Себебін сұрасақ айтпайды. «Жоғары жақтан түскен бұйрық солай» деп иығын көтереді, – дейді кейиді ол.

Курчатов қалалық әкімдігінің дерегінше, 2010 жылы осы қалаға «Нұрлы көш» бағдарламасымен шетелден барлығы 140 қазақ отбасы (520 адам) көшіп келген. Соның ішінде тек төрт шаңырақ Моңғолиядан, қалғаны – Қытайдың Шыңжаң өлкесінен атамекенге қоныс аударған.

2009 жылы Курчатовтағы совет кезінде салынған, әскерилерден қалған пәтерлерді «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы есебінен жөндеп, атамекенге қоныс аударған қазақтарға ұзақ мерзімге (50 жылға дейін) жалға берген.

«ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕНДЕР ҚҰЖАТЫН КОНСУЛДЫҚ АРҚЫЛЫ РАСТАТУҒА МІНДЕТТІ»

Қазақстан әділет министрлігі Қытай мен Біріккен араб әмірліктері Гаага конвенциясына қосылмағандықтан, олардан келген кез-келген азамат шетелдік құжатын консулдық арқылы растатуға міндетті екенін айтады.

«ТМД елдері Минск, Кишинев конвенцияларына қол қойған. Ал Моңғолиямен арада екіжақты келісімшарт бар. Қытай бұлардың ешқайсында жоқ. Сондықтан міндетті түрде заңдастыруы тиіс» деп жауап берді Азаттыққа әділет министрлігінің ресми өкілі.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі алдына жиналып тұрған Қытайдан келген қазақтар. Көрнекі сурет.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі алдына жиналып тұрған Қытайдан келген қазақтар. Көрнекі сурет.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі де Азаттыққа дәл осылай жауап берген болатын.

«Қытай Гаагадағы 1961 жылғы 5 қазанда жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенцияға қатысушы мемлекет болмағандықтан, Қытайдан көшіп келген азаматтардың барлығы жеке тұлғасын растайтын құжаттарды Қытай сыртқы істер министрлігінің заңдастыруынан өткізуі тиіс» дейді сыртқы істер министрлігі.

Азаттық бұған дейін Қытайдың Қазақстандағы консулы Чжан Вэйге хат жазып, Қытайдан атамекеніне көшіп келген қазақтардың Шыңжаң өңірінде алған туу туралы куәлік, неке куәлігі, сот шешімі мен еңбек өтілін растайтын құжаттарды консулдық арқылы растату мәселесіне байланысты сауал жолдаған еді. Бірақ Қытай консулдығы жауап бермеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.