Әлемнің жарығын силаған аналардың орыны біздің халық үшін өте биік. Көктемнің алғашқы күндерімен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі аясында «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен қаламызда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу байқауының қортынды жиыны өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосу. Байқауға жалпы саны 35 қатысушы өтінім білдірген. Салтанатты жиынға Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қатысты.
– Әр кезде аналарымыз рақметін айтатындай ұрпақ өсе берсін деп тілеймін. «Анаға тағызым» орталығы адамдарға өзгеше әсер сыйлайтын орта. Бұл орталық қазақтың құндылықтарын, мәдениетін көрсететін шаңырақ болып ашылған. Бүгінгі таңда көп жұмыс атқарып жатқан орталық директоры Эльмира Мырза-Ғалиға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Жұматұлы.
Салтанатты жиын барысында «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясы қатысушыларының және орталықтың серіктесі, белгілі этнодизайнер, кәсіпкер Гүлнар Абдуллаеваның қолөнер туындылары бойынша ұйымдастырылған «Шебердің қолы – алтын» көрмесі, «Сырлы әлем» бейнелеу өнер үйірмесі қатысушыларының туындыларынан «Қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдары» атты көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қаламыздағы іргелі оқу орындарының студенттері әсем ән, тәтті күй, мың бұралған биімен қонақтардың көңіліне жылу силап жұрт алғысына бөленді.
«Анаға сәлем» мәнерлеп оқу байқауына аймағымыздан бөлек республикамыздың әр бұрышынан бақ сынаған жүзден озған жүйріктерді мәдениет және өнер майталмандарынан құрам тапқан әділ-қазылар алқасының анықтады. Байқау нәтижесінде 1 орын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Альбина Зауытбек бұйырса, 2 орынды Ерлан Әлишер мен Дильназ Тілепалды өзара бөліссе, 3 орын төрінен Шарафат Утар, Дильназ Усенова, Абзалбек Абдуллаев бұйырды. Өзге қатысушылар да Алғыс хатпен марапатталды.
Салтанатты кеш соңында «Анаға тағзым» орталығының ауласында байқаудың нәтижесі бойынша үздік атанған 10 қатысушы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевпен бірге өз аналарының құрметіне ағаш көшеттерін отырғызды.
Жұматай Көксубай