Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері жатақханадан шығарылады

0 212

Бірінші курс студенттеріне оффлайн режимде оқуға рұқсат етілді, жатақханада орын жеткіліксіз.

Алматыдағы Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан Абай атындағы ҚазҰПУ-нің №3 жатақханасынан   2-3 курс студенттері шығарылады.

Университет студенттеріне ректораттың хабарлауынша, бірінші курс студенттеріне оффлайн режимде оқуға рұқсат етілген.  Осыған байланысты олар жатақханаға  орналастырылуы тиіс, бірақ орын жеткіліксіз. Сондықтан 2-3 курс студенттері басқа қаладан келгендіктеріне қарамастан жатақханадағы орындарын босатып берулері қажет.

 

Университет басшылығы мәселені шешудің жолын – пәтер жалдауға қаражаты  жоқ 2-3 курс студенттерін жатақханадан  шығару арқылы шешкен сыңайлы. Олар наурыздың 21-і, яғни Наурыз мейрамы күні бөлмелерін  босатуы керек. Кетуге өтініш білдірілгендердің көпшілігі аз қамтылған отбасылардан шыққан және Алматыда туыстары жоқ. Сонымен қатар қаладағы пәтер бағасының да шарықтап кеткені де  барлығына белгілі.

— Мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс студентімін. Бір жарым ай бұрын жатақханадан орын берілді. Енді 1 курс студенттері оффлайн оқу форматына көшкеніне байланысты 21 наурызға дейін жатақхананы босатуымыз керек. Санаулы күнде пәтерді қалай табамыз?! Дәл қазір бәрі қымбаттап тұрған кезде, – деді Orda.kz тілшісіне университет студенті.

Orda.kz тілшісі оқу орнының баспасөз қызметіне телефон шалды, басшылық оқиғаға қатысты түсініктеме беруге уәде берді. Алайда әзірге ешқандай жауап болған жоқ.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі жағдайды анықтайтындықтарына уәде берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.