Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыда әр төртінші тұрғын банкрот деп танылуы мүмкін

0 129

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің мәліметіне сәйкес, Алматыда 1 миллионнан аса тұрғынның несиесі бар. Ал олардың 450 мыңнан астамы 90 күннен бері несиелерін төлемеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бір жыл бұрын Алматы тұрғындарының саны ресми түрде 2 миллионнан асқан. Демек олардың төрттен бірі өз қаржылық жағдайына байланысты банкроттықты рәсімдей алады.

«Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің несиелері, салық қарыздары мен коммуналдық төлемдерден қарыздары ең жоғары және көп шоғырланған облыс орталықтары мен қалаларында азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кездесу барысында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жобасының (Заң жобасы) мәселелері талқыланды. Алматыда заң жобасын талқылауға жеке тұлғалар, жеке және заңды кеңесшілер, меморгандар мен банк өкілдері қатысты», – делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.

Бүгінгі таңда заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Мұнда халықаралық тәжірибені ескере отырып, 3 түрлі рәсімді енгізуді қарастырылып жатыр.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық, оны азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:

  • банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлар алдындағы борыш, борыш сомасы 4,9 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспауы тиіс;
  • ресми табыс жоқ немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаса (оның ішінде асырауындағы адамдарды (отбасы мүшелері) қоса есептеледі, ол адам басына 36018 теңгені құрайды).

«Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауы тиіс және банкпен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады», – деп қосты агенттік өкілдері.

Екінші рәсім  бойынша сот азаматтардың қарызы 4,9 млн.теңгеден асқанда және борыштың қалған түрлері бойынша банкроттық жариялай алады.

«Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі болса, саудаға шығара алады. Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі», – деп түсіндірді агенттік өкілдері.

Үшінші рәсім – азаматтың тұрақты табысы болған жағдайда, сотта қарыздарды (5 жылға дейін) бөліп-бөліп төлеу арқылы төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі.

«Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, комитет өкілдері банкроттықтан кейінгі салдары туралы айтты:

1) жобада 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу көзделген;

2) азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;

3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген

Сондай-ақ жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі көзделген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.