Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыда Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы шығармашылық зертхана ашылды

0 209

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық тележурналистиканың көрнекті өкілі Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы «Qazaqstan» ұлттық арнасы оқу-шығармашылық зертханасы ашылды. Ұлттық журналистиканың ұстаханасы болып отырған университет ішінен саналы ғұмырын баспасөз қызметіне арнаған қайраткерге тағзым жасау шарасына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев қатысып, жаңа аудиторияның лентасын қиды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Egemen.kz. сайтына сілтеме жасап.

Салтанатты шараның модераторы, журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев еңбек жолын қатардағы тілшіліктен бастап, жоғары лауазымды жауапты қызметтерге дейін атқарған Нұртілеу Иманғалиұлының шығармашылық жолынан сыр шертетін фотокөрмемен таныстырып, өмір тарихының кезеңдері туралы баяндады.

Алғашқы сөз тізгінін алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева бұл ұйымдастырылған шараның ең алдымен, өзі бақилық болса да, соңында үлгі болатын ісі қалған журналистика сардарының рухына құрмет көрсету екенін ерекше атап өтті. Екіншіден, баспасөз жүйрігінің есімі берілген бұл аудиторияның студенттер үшін де маңызы зор екеніне тоқталды. Осында білім алатын әрбір студенттің журналист ағаларының есімін кірлетпей, лайықты деңгейде оқитынына сенім білдірді. «Нұртілеу Иманғалиұлы ғұмырының 35 жылын телевизияға арнап, түрлі бағдарламалар аясында 4000-нан артық хабар жүргізген тынымсыз тұлға болды. Ол тек сауатты тележүргізуші ғана болған жоқ, қазақ телевизиясында өзіндік мектеп қалыптастыра білді. Өзіне қарап бой түзеген жас журналистер қатарынан қаншама буын шәкірт тәрбиеледі. Өмірінің соңына дейін журналистикаға адал қызмет етті. Түрлі хабарларға қатысып, ой-пікірін білдіріп жүрді. Өз кәсібіне деген адалдық, журналистикаға деген құрмет осылай көрінеді» деді Аида Балаева.

ж
ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев та терең білімімен, ізденімпаздығымен биік белестерді бағындырған майталман журналистің кәсіби қыры мен адамгершілік тұлғасы туралы кеңінен әңгімеледі. «Нұртілеу Иманғалиұлын Қазақстанда білмейтін, танымайтын адам жоқ. «Бай-қуатты болайық!»  деген қанатты сөздің авторы саналы ғұмырының жарты ғасырын телевизияға арнады. Нағыз журналист қайда жүрсе де, қолынан қаламы түспейтін, жаңалықтың жаршысы, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ел мен жер, мемлекет пен ұлт дегенде жан аямай еңбек еткен Нұртілеу Иманғалиұлының ғибратты ғұмыры соның нақты дәлелі. Университетіміздегі «Qazaqstan» ұлттық арнасының оқу зертханасы енді Нұртілеу Иманғалиұлының ардақты есімімен аталып, тележурналистикаға қанат қаққан шәкірттердің ұстаханасы болатынына сенемін» деді университет ректоры Ж.Түймебаев.
ж
Кең әрі жарық, болашақ тележурналистерді әзірлеуге керекті құралдармен жабдықталған аудиторияда «Нұртілеу Иманғалиұлы деген кім? Оның ұлт руханияты алдында қандай еңбегі бар?» деген сұраққа толықтай жауап беретін мәліметтер молынан жинақталған.
ж
«Qazaqstan» ұлттық арнасының атынан Алматы бөлімшесінің жетекшісі, белгілі журналист Сәуле Жиреншина Н.Иманғалиұлының өз авторлық бағдарламаларында пайдаланған қамшысы мен асықтарын зертханаға табыс етті. «TV – менің бүкіл ғұмырым, тіршілігімнің бастау-бұлағы, тағдырымның тұмары, бірде шайқалған, енді бірде шалқайған көңілімнің сыңары, қырағы, өмірімнің шырағы» деген Нұртілеу Иманғалиұлы туралы бірге қызмет істеп, өмірдегі сәулелі сәттерін бірге бөліскен әріптес замандастары, жары Қарлығаш Советбекқызы, белгілі БАҚ өкілдері, университет ұстаздары мен студенттердің естелігі, негізінен, бір арнаға тоғысып, өз кәсібін жауапкершілікпен мінсіз атқарған білікті тұлғаны сүйсіне де, сағына да еске алды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.