Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

0 325

Алматыда алаяқтарға алданып жатқандар көп. Олар телефонындағы қаржы түсті деген жазуды көрсетіп, іле-шала із суытады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Ал шын мәнінде сатушыға бір тиын да аудармайды. Жалған түбіртектің түпнұсқадан ешқандай айырмашылығы жоқ. Биылдың өзінде Алматы қаласының Криминалдық полициясы мыңнан астам алаяқтық дерегін тіркеген. Олардың басым бөлігі мобильді банкинг қосымшалары арқылы ақша аудару кезінде жасалған.

Қаржы аударымын жасаған кезде ұялы телефонға электронды чек келеді. Ал жалған төлем жасаған кезде бұл болмайды. Тек қана аударым түсті деген жазу көрінеді. Алаяқтар осының бәрін электронды бот арқылы жасайды.

«Алаяқ телефон сатып аларда мені 210 мың теңгеге алдап кетті. Шынымды айтсам күмәнді ештеңе байқаған жоқпын. Бәрі көз алдымда қас-қағым сәтте болды. Аударым түсті дегенді көрсетті де кетіп қалды. Тіпті мен оның үстінен арыз жазбадым. Бәрібір таппайтын шығар деп ойладым», – дейді жәбірленуші.

Прокурор Алматының бір ғана Алатау ауданында 20-дан аса дерек тіркелгенін, зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмін екенін айтады.

«Чектердің түбіртектерін жалған жасау мәселесі бойынша бізде 3 қылмыстық іс тіркелді. Екеуі бойынша сот үкімі шықты. Біреуі бойынша қазіргі таңда адам ұсталған. Тергеу іс-әрекеттері жасалып жатыр. Қазір тосқауыл қою мәселесі бойынша біз өз тарапымыздан прокурорлық акт сотқа енгіздік. Қазір соттта қаралып жатыр. Қазіргі таңда бізде 5 интернет желісі бар. Телеграм ботқа қатысты», – деді Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.

Қазір прокурорлар екінші деңгейлі банктерге қорғау шараларын күшейтуге қатысты ұсыныстар жолдаған.

Айта кетейік, Қылмыстық кодексте бір рет алаяқтық жасағандарды екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.