Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматы облысында 100 жастағы әже тастай суық үйде тұрып жатыр

0 959

Алматы облысы, Талғар ауданының Кеңдала ауылында 100 жастағы әжей суық үйде тұрып жатыр. Жақында 101 жасқа толатын Ұлсүйген Сүтенқызы қызының қолында тұрады. Қызы да жалғызбасты ана, үйіне газ тартуға шамасы келмепті. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ғасыр жасаған кейуананың бұл жағдайынан жергілікті әкімдік хабарсыз болып шықты.

Өзі де егде жасқа келіп қалған қызы анасына қолынан келгенше жағдай жасауға тырысады. Алайда қарапайым ғана газдың жоқтығы әжейді тым болмағанда жылы үйде баптауға мүмкіндік бермей отыр.

Қарияның аяқ-қолын жылыту үшін қызы бөтелкеге ыстық су құйып, денесіне басады. Бірақ тастай суық үйде ол судың өзі тез суып қалады, дейді.

Әжей мекен-жайы бойынша Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылында тіркеуде болған. Ондағы қызының отбасы ковидпен ауырғанда Нұршай Сәрсебаева «өзім бағамын деп» қолына алған. Алты айдан бері жағдайы жақсы еді, күн суығалы мүлдем мазамыз кетті, дейді.

Үйге газ кіргізу үшін 700 мың теңгеге жуық қаражат керек. Оған шамалары келмей отыр. 

«Бүгін памперсі жоқ. Ауыстыратын нәрсе жоқ. Киімдерінің бәрі бүлінген, ауыстыруға да болмады. Анам екеуміз бір бірімізге қарап жыладық. Қиын болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл кісінің де мазасы кетеді. Сүйектерінің бәрі сықырлап тұр ғой», – дейді Нұршай Сәрсебаева.

Айтуынша, Еңбекшіқазақ ауылының әкімдігі қарияның жағдайын мүлдем сұрамапты. Ал, Талғарға келгелі әкімдікке бармаған. Себебі тіркеуді сұрап, кері қайтарады деп ойлаған. Бір жағы, бұған дейін ешкімнен көмек сұрап көрмеппіз, – дейді өзі.

Кеңдала ауылының әкімдігі, әжейдің жайын ести сала үйіне келді. Кешке дейін жылытқыш жеткіземіз, газ кіргенше ғасыр құрдасын суықта қалдырмаймыз, деп уәде берді.

«Алты ай бұрын келген екен. Қазіргі мекен-жайы да көрші аудандыкі болып тұр. Газ жүргізіп жатқан мәселені инвестор компаниямен және ауылдағы кәсіпкер азаматпен сөйлесіп, ары қарай жағдайды бақылауға алатын боламыз», – деді Кеңдала ауылының әкімі Алмас Өмірзақов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.