Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаламгердің балғындарға тартуы

0 239

Жуырда белгілі балалар жазушысы, сатирик Бақытжан Советұлының «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты.

Мұнда автордың балғындарға арналған өлеңдері мен шағын әңгімелері топтастырылған. Тақпақ, ертегі-хикая, мысал, ойын-есеп, мазақтама, жұмбақ түріндегі туындылардың тақырыбы сан алуан, мағынасы терең, ойы жүйрік, тілі жеңіл. Оқуға да, жаттауға да өте оңай. Ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік, адалдық тақырыбындағы әңгімелері де тартымды.

Кітаптағы қай шығарманың да тәрбиелік мәні, тағылымдық маңызы зор. Бес бөлімнен тұратын кітап оқыған сәтте-ақ адамды өзіне баурап, ерекше әсерге бөлейді. Кітап балаларға, сондай-ақ жас ұрпақтың болашағына бейжай қарай алмайтын қалың оқырманға арналған.

Қос қошақан

Атам барып базардан
Қос қошақан әкелді.
Екеуін де көз жазбай,
Маған бағу жүктелді.
Үй сенімін ақтамау,
Жігіттерге ұятты.
Қошақанды қой қылу
Бірақ қиын сияқты.
– Ертең-ақ қой болады,
Бағудан сен жалықпа,
Емізікпен сүт бергін,
Аузын ашып қорықпа, –
Деген атам сөзінен
Жігерленіп кеттім мен.
Сүт беремін күніге
Тұрып алып ертеңмен.
Қошақанмен ойнаймын,
Шыққанда кең далаға.
Жем де берем бір уақыт
Кіргізіп-ап қораға.
Атам мені мақтайды:
– Міне, нағыз жігіт! – деп.
Бетімнен сүйіп тастайды,
Әжем болса күліп кеп.

Бақытжан Советұлы, облыстық «Jambyl» радиосының жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.