Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада жол құрылысы қарқынды

0 376

«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейміз. Расында, қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көріністі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың көмегінен болары анық.

Бұл ретте облыс орталығында қыруар жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, жол жабыны тозған көшелер күрделі жөндеуден өтіп жатса, бұрын-соңды асфальт салынбаған көшелер тақтайдай тегіс жолдарға айналып келеді. Соның бірі – «Арай» тұрғын алқабындағы Домалақ ана көшесі. Аталған көшеге бұған дейін асфальт жабындысы төселген болатын. Алайда көшенің аяғында тұратын тұрғындар бұл игіліктің рақатын көре алмаған еді. Күні кеше осы бір олқылықтың орны толып, Домалақ ана көшесінің аяғы мен ондағы барлық тұйықтарға асфальт жабындысы төселді.
Құрылыс жұмыстары жүрген көше мен тұйықтардың жалпы ұзындығы 880 метрді құрайды. Екі аптада елдің рақметін алған мердігер мекеме «B grass» ЖШС асфальтты барлық талаптарға сай етіп төсеп шықты. Оған техникалық қадағалаушы «Акгем строй» ЖШС бақылау жасады.
Жалпы құрылыс жұмыстары 45 күнге жоспарланған. Бірақ мердігер мекеменің ілкімді ісінің арқасында асфальт толық екі аптада төселіп болды. Қазір мұнда жол жиектерін тегістеу мен өзге де тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
Сонымен қатар шаһардағы ірі көшелердің бірі болып саналатын Шостакович және Мәмбет батыр көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде жалпы ұзындығы 2,8 шақырым болатын Шостакович көшесін «Uniserv» ЖШС жөндеуден өткізіп жатыр. Жұмыстардың талаптарға сай болуына техникалық қадағалаушы «Қабылан Эксперт» ЖШС жау- апты. Қазіргі таңда құрылыс нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Мәмбет батыр көшесін жөндеу де қарқынды. Жалпы көшенің ұзындығы – 4,9 шақырым. Құрылыстың мердігері – «МКДСМ» АҚ. Бүгінгі таңда көшенің 3-ші учаскесінде асфальт жабындысының бірінші қабаты салынып, бордюрлер орнатылған. Алдағы уақытта асфальт жабындысының екінші қабаты төселмек.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.