Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дарынды жастар – ұлт болашағы

Облыс әкімі Н.Нұржігітов озат оқушылармен жүздесті

0 333

Ағымдағы жылы жамбылдық дарынды оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 252 медаль иеленген. Оның ішінде 30 медальді халықаралық білім жарыстарында жеңіп алған. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің дарынды оқушылармен кездесуінде айтылды.

«Баласағұн» орталық концерт залында өткен жиынға 100 дарынды оқушы және бірқатар ұстаздар қатысты. Шара барысында аймақ басшысы әуелі халықаралық, республикалық ғылыми жоба жеңімпаздарының көрмесімен танысып, жақсы бағасын берді. Көрмеге оқушылардың өздері және жетекшілерімен бірге әзірлеген түрлі жобалары қойылды.
Кездесуде Нұржан Нұржігітов кезекті оқу жылын жамбылдық оқушылар табысты аяқтағанын атап өтіп, әсіресе дарынды оқушылардың жетістіктері облыстың мерейін асырғанын жеткізді.
– Сіздер оқушылар арасында түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда облыстың мерейін асырып жүрсіздер. Бұл жеңіс – сіздердің терең білімдеріңіз бен ізденістеріңіздің жемісі. Осы жетістіктеріңіз үлкен өмірдегі табыстарыңыздың бастауы деп білемін. Біз сіздермен мақтанамыз! Елімізде, оның ішінде біздің облыста да оқушылардың сапалы білім алуына баса мән беріліп, дарынды оқушыларға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Еліміздің барлық өңірі секілді облысымызда да қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған жаңа үлгідегі мектептер салынуда. Соған сәйкес, жыл өткен сайын білімді жастардың қатары көбеюде, – дей келе облыс әкімі бірқатар жетістіктерге тоқталды.
Айталық, республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан жүлделі бірінші орынды иеленсе, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Ал 4-ші сынып оқушыларының оқу сауаттылығын айқындайтын «PIRLS» халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Жамбыл облысының оқушылары республика бойынша екінші орынды иеленген.
Мектеп бітіруші түлектердің жыл сайын жоғары оқу орындарында білім алуы үшін жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім беру грантына қаржы бөлінуде. Мәселен, биыл 10 педагогикалық, 15 су шаруашылығы, 25 химия, 5 мәдениет саласындағы мамандықтарға барлығы 55 орын берілді.
Сондай-ақ ағымдағы жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында үшжақты меморандум жасалды. Осы құжат шеңберінде өңірімізге қажетті инженерлік химия мамандарын даярлау үшін биыл жоғарыда атап өткен 25 білім беру гранты бөлінуде. Бұл мамандық бойынша бітірген түлектер болашақта қос университеттің де дипломдарын алып, өндірісте қызмет ете алады.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов дарынды жастарға ризашылығын білдіріп, 100 мың теңгенің сертификаттарын сыйлады. Ал жеңімпаз оқушыларды дайындаған 15 мұғалім Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Шарел Марғұлан өзінің орамды ойын ортаға салып, жан-жақты қолдауы үшін облыс басшылығы мен ұстаздар қауымына ризашылығын жеткізді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.