Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дала төсіндегі дүбір

Көктемгі егіс жұмыстары қалай жүруде?

0 3  222

Көктем келіп, жер аяғы кеңіген мезгілде күллі дүние оянып, қарбалас тірлікке кіріседі. Қыстың қамын жазда ойлайтын жұрт та осы уақытта егін алқабына ағылады. Ал биылғы дала жұмыстарының барысы қалай болмақ?

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында дала жұмыстары басталып кеткен. Айталық, Т.Рысқұлов ауданында 545 гектар алқапта жаздық масақты дақылдары себілген. Сондай-ақ жоспарлы жыртылуы тиіс 101,9 мың гектардың 2,1 мың гектарында айдау жұмыстары басталса, 2,1 мың гектар алқапта дайындау жұмыстары жүргізілуде екен.
– Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 77,9 мың тонна тұқым көлемінің, бүгінгі күнге 78,3 мың тоннасы толығымен дайындалды. Оның ішінде түп нұсқалы тұқымы – 3 тонна, супер/элита – 498 тонна, элита – 3069 тонна, I репродукция – 14 007 тонна, II репродукция – 27 819 тонна, III репродукция – 22 758 тонна, будандар 9723 тоннаны құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, облысымызда соңғы 2 жылда егіс алқабына сапасы тексерілген жоғары репродукциялы тұқымдар мен I-II-III репродукциялы тұқымдар егіліп, нәтижесінде өндірілген өнімнің сапасы да жылдан-жылға артып келеді. Көктемгі дала жұмыстарына 7317 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Бұдан бөлек, шаруашылықтарға ақпан-мамыр айларына жалпы 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны 194-208 теңге аралығында бөлінуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы 52,4 мың тонна минералды тыңайт-қышты егістік алқабына енгізе отырып, 46,6 пайызға тыңайту жоспарлануда. Бүгінгі күнге 59 шаруашылық тарапынан түскен өтінімге сәйкес, Аграрлық несие корпорациясымен көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие көлемі 437,1 миллион теңгені құрап отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.

Су тапшылығы биыл сезілмей ме?

Ауа райының жылы болуына байла- нысты көктемгі дала жұмыстары ертерек басталғаны белгілі. Алайда жауын-шашын да аз болғандықтан, ағын судың азабын да ескерген жөн. Басқарманың дерегінше, ағын су көлемі өткен жылдың деңгейінде қамтылған жағдайда, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 752,6 мың гектарға орналастырылып, былтырмен салыс- тырғанда 1,7 мың гектарға ұлғаймақ. Ал судың түсу көлемі және ішкі су көздерінің толу көрсеткіші төмен болған жағдайда 752,6 мың гектардың ішінде суды көп қажет ететін көкөніс (пияз) – 12,0 мың гектар, бақша дақылдары – 4,0 мың гектар, қант қызылшасы – 0,9 мың гектар, жалпы 16,9 мың гектарға көлемі кеми отырып, суды аз қажет ететін дақылдармен алмастырылатын болады. Бұл ретте 179,2 мың суармалы алқапта орналасатын дақылдарға талдау жасалып, қажетті су көлемі есептелген. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 50,2 мың, майлы дақылдар – 3,5 мың, қант қызылшасы – 6,3 мың, картоп – 8,2 мың, көкөніс, бақша дақылдары – 50,0 мың, мал азығы дақылдары – 60,9 мың, таңқурай, құлпынай 0,1 мың гектар екен.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгеріміндегі 105 су қоймасының 35-і егін шаруашылығына пайдаланылса, 27-сі балық және егін шаруашылығына, 14-і балық шаруашылығына, 23-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, 1-і экологиялық мақсатқа пайдаланылады. Былтыр бұл су қоймаларына нақты 116 миллион текше метр су жиналып, барлығы 8278,8 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер сумен қамтылған. Қазіргі уақытта су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аудандарда орналасқан су қоймаларына орта есеппен 51,24 миллион текше метр су жиналған. Алайда бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмен екендігі байқалуда. Бұдан бөлек, жер үсті су тапшылығы бар аудандарда жер асты суының потенциалын толығымен пайдалану мақсатында облыс бойынша 2022 жылы 177 ұңғыма (дебит 30-50 л/с) қазу арқылы жетіспейтін 275,0 миллион текше метр суды 220 миллион текше метрге төмендету көзделуде. Бүгінгі күнге шаруашылықтар тарапынан 182 ұңғыма қазуға өтінім түсіп, қазу жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, Меркі ауданында 46 ұңғыма қазу жұмыстары аяқталып, қосымша 17 ұңғыма қазылуда. Ал Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында 25 ұңғыма қазылып, 760 гектар алқап суландырылған. Жалпы облыс бойынша 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылған. Сондай-ақ облысымызда орналасқан 106 ішкі кіші су қоймалары және тау сулары арқылы 65,0 миллион текше метр су жоспарлы түрде беріледі деп күтілуде.
Осы орайда биыл облыстың су жүйелерін қалпына келтіру жол картасы бекітілгенін айта кеткен жөн. Осыған орай жол картасы аясында коммуналдық меншіктегі 55 каналдың құжаттарын дайындау жоспарланған. Бүгінгі күнге ұзындығы 154,7 шақырымды құрайтын 53 каналдың құжаттары әзірленген көрінеді.

Осылайша облысымызда дала жұмыс- тары қарқын алғанын анық аңғаруға болады. Бастысы, күз келгенде қамбамызға астық толып, табыстың тай- қазанын тасытып жатсақ болғаны.

Рахманбек Дінасыл
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
журналистика мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.