Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала халқына арналған жаңа жоба енгізілуде

0 249

Жанар Оспанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамитынын баса айтқан еді.

«Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», – деген Президент келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Соның аясында еліміз бойынша 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналмақ. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Бұған дейін қабылданып, 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы облысымызда, оның ішінде Тараз қаласында жемісті жүзеге асып келеді. Осы бағытта қыруар жұмыстар атқарылуда. Аталған жобада 8 өңірлік, оған қосымша спорт басқармасымен бірлескен 3 көрсеткіш қамтылған.
Жалпы облыс бойынша бүгінде 388 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Оның ішінде 26 аурухана, 6 қалалық емхана, 10 орталық аудандық емхана, 5 ауылдық емхана, 122 дәрігерлік амбулатория, 2 санаторий, 122 фельдшерлік-акушерлік пункт, 158 медициналық пункт және 6 өзге мекемелер бар. Сондай-ақ облыста 11 жылжылмалы медициналық кешен жұмыс істеуде. Осының арқасында биылға жоспарланған 322 елді мекеннің 281-і толықтай жылжымалы кешенмен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен материалдық-техникалық базасын нығайтуға, яғни медициналық құрал-жабдықтар және сол мақсаттағы бұйымдарға 2,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, 144 дана құрал-жабдық сатып алынды. Бұдан бөлек, республикалық бюджет қаражаты есебінен 2,0 миллиард теңге көлеміндегі 1 дана «Сызықты үдеткіш» қолданысқа берілді. Нәтижесінде облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 88,5 пайызды құрап, 0,3 пайызға төмендеген.
Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор. Мәселен, ағымдағы жылы жалпы құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын 24 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жылдың соңына дейін 23 нысан аяқталады деп жоспарлануда. Мұның ішінде Таразда бой көтеріп жатқан теңдессіз облыстық көпбейінді онкологиялық және хирургия орталығының жөні бөлек. Құрылысы 2018 жылы басталған орталық та биыл есігін айқара ашпақ. Мүгедектіктің алдын алу, оларды оңалтудан өткізу, сырқаттанушылық пен мүгедектікті ерте анықтау, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық оңалту көмегі желісін кеңейту жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Мәселен, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы неврология, нейрохирургия, ортопедия, травматология бейіндері бойынша жұмыс істеуде. Нәтижесінде өз өңірімізде сал ауруымен және тірек-қимыл қозғалысы ақаулары бар балаларды сауықтыру және емдеу мүмкіндігі бар. Орталық жылына 1 800-ге жуық баланы қабылдай алады. Биыл 1 624 балаға оңалту емі жүргізілген. Бұған қоса «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 3 үздік тәжірибе орталығы құрылды. Оның қатарында №5 қалалық емхана бар. Осы тұста айрықша атап өтерлігі, облыс әкімдігінің бастамасымен қала халқына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында, «Саламатты қалалар, өңірлер» жобасы енгізілуде. Бұл жоба шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулықтарын нығайтуға зор серпін берері сөзсіз. Тағы бір қоса кетерлігі, бүгінде телемедицина орталығы барлық аудандық ауруханаларда орналастырылған. Ол облыс орталығының емдеу-алдын алу ұйымдарымен, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының ғылыми-зерттеу институттарымен тәулік бойы байланыс орнатып, телесеанстар өткізуді қамтамасыз етеді.
Бұл атқарылған ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта халық денсаулығын жақсарту бағытындағы ілкімді істер қарқынды әрі үздіксіз түрде жүргізіле беретін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.