Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғыс арқалаған абзал жан еді

0 2  131

Адам баласы жер бетіне пайда болғаннан бастап аурудан алыс болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі – жылдар бойы бұзылмай келе жатқан құбылыс. Адамдардың сырқаттануы мен дәрігерлерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні тереңде. Тіпті пайғамбар (с.ғ.с) Мұхаммедтің өзі аурудың алдын алуға аса мән беріп қана қоймай, амалын көрсетіп, дәрігерлерге ерекше құрмет көрсеткен. Иә, жер бетінде дәрігерліктен абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау. Бірақ оның құрметінің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де содан бір мысқал да кем емес. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды. Ал белгілі хирург, алтын қолды дәрігер Тұрар Көкеев сол жауапкершілікті толығымен сезініп, талай жанның алғысына бөленген білікті маман еді.

Тұрар Қойшығараұлының есімі еліміздің денсаулық сақтау саласына жақсы таныс. Оны әріптестері «Қазақстандағы қан-тамырлар хирургиясының негізін салушы» деп біледі. Ол «Хирург болу жұмыста кешкі алтыға дейін ғана жалғасатын кәсіп емес, ол күні-түні жұмыста болу деген сөз» деген ұстанымға өмір бойы адал болып өтті.
Киелі Талас топырағы талай дарынды түлетті. «Талай тарлан тұлға берген Алашқа» деп белгілі ақын Нарша Қашағановтың жырлауы тегін емес. Сол сайдың тасындай іріктелген саңлақтарды өмірге әкелген Таласта 1933 жылы Тұрар Қойшығараұлының да кіндік қаны тамды. Оның қиын да күрделі дәрігер мамандығын таңдауына әкесінің жаны қиналып жатқанда айтқан: «Балам, дәрігерлік оқуға түсуге тырыс», – деген бір ауыз сөзі сеп болыпты. Осылайша, өмір белестерінің сан түрлі соқпақтарынан өткен ардақты азамат әке аманатына қиянат жасамай, таңдаған кәсібінің шын шебері болып қызмет етті. Ол ауылындағы орталау мектепті үздік бітіріп, Жамбыл қаласындағы медучилищеге келіп түседі. Сөйтіп, белгілі ғалым-хирург, жоғары мәртебелі ұстаз, Талас өлкесінен ғылым жолына түскен алғашқы түлектердің бірі Тұрар Көкеевтің үлкен өмірдегі алғашқы қадамы осылай басталады. Кейін медучилищені қызыл дипломмен бітіріп, Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетінің студенті атанады.
Студенттердің көшбасшысы, үздік стипендиат, комсомол комитетінің хатшысы Тұрар Көкеев институтты да қызыл дипломмен тәмамдаған соң, еңбек жолын туған жерге өтер парызы ретінде Талас ауданының ауруханасынан бастады. Жас әрі білікті маманның тыным таппайтын ізденімпаздығы оны әрдайым абыройға бөледі. Көп ұзамай институтты үздік бітірген Тұрарды өзі түлеп ұшқан институты ұлттық ғылыми кадрлар дайындау жоспары бойынша хирургия аспирантурасына шақырту алды. Осы жерде атақты профессор Михаил Иванович Брякиннің шәкірті атанып, елімізде әлі кенжелеу дамыған қан-тамырлар хирургиясын игеруге белсене кірісті.
Тұрар Көкеевтің біліктілігін Кеңес одағы аумағындағы әріптестері де мойындап, жоғары баға беретін. Ал ол уақытта кеңестік жүйенің қазақтың дарындарын мойындауы өте сирек болатын. Осының өзі-ақ кейіпкеріміздің нағыз өз ісінің білгірі екенін айқын аңғартып тұрғандай.
Тұрар Қойшығараұлы ерен еңбегінің арқасында мемлекеттік деңгейдегі марапаттауларға да қол жеткізді. Атап айтқанда, хирургия саласына сіңірген еңбегі үшін 1970 жылы «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі, 1981 жылы Қазақ КСР Президиумы Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен «Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы табыс етілді. Ал 1997 жылы оған қан-тамырлар хирургиясын біліктілікпен ұйымдастырып, басқара білгені үшін және хирургия кадрларын даярлауға сүбелі үлес қосқаны үшін елімізде тұңғыш рет А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұған қоса 2011 жылы хирургтердің Халықаралық конгресінде «Алтын медальмен», ҚР Дәрігерлер қауымдастығының «Алтын дәрігер» төсбелгісін кеудесіне тақты. Бұдан бөлек, Құртқа Тәуіп атындағы қоғамдық академияның академигі болып сайланып, Алматы, Жамбыл облыстарының «Құрметті азаматы» атанды. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің интернатурасы мен резидентурасының хирургиялық аурулар кафедрасында мамандар даярлауға да сүбелі үлесін қосты.
Тұрар Көкеев қазақ тілінің де нағыз жанашыры болды. Оны нақты ісімен де дәлелдеп, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қазақ тілінде «Госпитальді хирургияның таңдаулы дәрістері», 5-6 курстарға арналған хирургия саласы бойынша 2 монография, 15 оқу-әдістемелік құралдарын жазып, жарыққа шығарды.
Саналы ғұмырында айналасына мейірім шуағын төгіп, соңынан көптеген білікті шәкірттерін тәрбиеледі. Қазір олардың барлығы дерлік еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Қашанда бар білгенін өзгелерге үйретуден жалықпаған ақ халатты абзал жан 2017 жылы фәниден бақиға бет түзеді. Марқұм тірі болғанда биыл тоқсан жасқа толған торқалы тойын дүркіретіп атап өтер ме еді?! Бастысы, оның артында өшпес мұрасы мен ғылымға сіңірген өлшеусіз еңбегі қалды.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.