Меркі ауылдық округінде қазақстандық «ZETA» өндіруші компаниясына қарасты «MerkeIndustry» ЖШС өз жұмысын бастады. Бұған дейін ауданымызда өзінің дүкендерін ашқан өндіріс орны енді осы жерде зауытын іске қосып, өнімдерін жергілікті жерде өндіруге кірісіп кетті.
Қазақстандық «ZETA» өндіруші компаниясы жиһаздар, пластик және металл өнімдерін кеңінен өндіруде тұрақты көшбасшы болып келе жатқан кәсіпорын болып табылады. Ұлттық нарықта 1996 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл компанияның халыққа қолжетімді бірнеше зауыттары жұмыс істеп, ассортиментінің түрлілігімен дараланған жиһаздарын ұсынуда.
Зауыт іске қосылған алғашқы кездерде мұнда 20 адам ғана еңбек еткен еді, қазір олардың саны 40-қа жетіпті.
Жаңадан келген жұмысшылар осында, зауыттың өзінде үйреніп, машықтанады. Айлық жалақылары тұрақты, барлық салық және басқа да төлемдері ұдайы төленіп отырады екен. Ең бастысы, қажетті еңбек жағдайлары жасалынған.