Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол

Тараздықтар «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде

0 685

Соңғы жылдары кәсіп ашып, нәсібін көрсем дейтін азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мысалы, 2013 жылдан бастапарқылы  бизнес жоспарын құрып, соны жүзеге асыруды ойластырған тараздықтар жұмыспен қамту орталығы қайтарымсыз грант алуда. Әрине, грант екінің біріне беріле бермейді. Мысалы, биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша арнайы комиссияның шешімімен 500 адам 583 мың 400 теңгеден алды. Яғни бағдарлама бойынша меже орындалып, 291,7 миллион теңге толықтай игерілген. Ал былтыр қайтарымсыз грантты 1119 адам алып, іс бастаған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Биылғы статистикаға көз жүгіртсек, грант алған 500 адамның ішінде 241 азамат аз қамтылған отбасыдан шыққан болса, 154-і 29 жасқа дейінгі жастар. Осы тізімде көпбалалы 84 ана болса, 16 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Ал бес адам – қысқа мерзімді оқудан өткендер. Демек, бағдарлама аясында бизнес бастауға идеясы мол жастар және әлеуметтік осал топтағы азаматтар тартылған. Бағдарламаға атаулы әлеуметтік көмек алатын, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсынан өткендер, қандастар және «Еңбек» бағдарламасы аясында мамандығы бойынша қысқа мерзімді курстан өткен азаматтар қатысқан. Оның басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысып, кондитерлік өнімдер шығаруды да қолға алған. Әрине, грант алуға өтініш білдіргендердің ішінде түрлі бағыттағы идеясын жүзеге асыруды ойластырғандар да баршылық. Мысалы, Талғат Кеншінбеков қайтарымсыз грантқа қажетті техникалар алып, жылыжай ашқан. Қияр өсіруді бастаған кәсіпкер өнімін жинап, топырағын қопсытып, қайта отырғызған.

– Биыл жыл басында әлеуметтік желіде жұмыспен қамту орталығының хабарландыруын көзім шалып, орталыққа бардым. «Еңбек.кз» сайтына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына жолдамамен барып, оқудан өттім. Онда «Бастау бизнес» жобасының Тараз қаласы бойынша бизнес тренері Жазира Тоқабаевадан бизнестің қыр-сырын тереңірек меңгердік. Бизнес жоспарымызға қарап, дұрыс бағыт-бағдар көрсетті, ақшаны үнемдеуді де үйретті. Жылыжайды дайындаған соң, қияр ұрығын сеуіп, сәуір айынан бастап өнім жинадық. Бес айда шамамен 3 тонна 172 келі қияр алдық. Енді қияр көшеттері жоспардағыдай өнім берсе, бір жылда шамамен 6,5 тонна өнім алуға болады. Мен жылыжайды былтыр салған едім. Бірақ қажетті техникалар болмаған соң, тек жаз мезгілінде өнім алдым. Өскіндерді тамшылату әдісі арқылы суғарамыз.

Осылайша суды да үнемдеп, тыңайтқыштарды да сумен жіберудеміз. Әр өсімдік бала секілді. Оның топырағын Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылындағы қойлы ауылдан әкелдік. Топырақтың, оған құятын судың температурасын жіті бақыламаса, еңбектің барлығы текке кетеді. Сондықтан бізге әлі де болса, жұмысты жеделдететін құрал-жабдықтар қажет-ақ. Енді 6 пайызбен несие алып, сол қаражатқа жоғымызды түгендеп алу жоспарда бар, – дейді Талғат Дүкенбайұлы.

Жалпы шаруа жылыжай салуды бес жыл бұрын ойластырып, шаруашылықты жан-жақты зерттеген. Нәтижесінде мақсатын жүзеге асырып, химиясыз табиғи өнім шығаруды бес саусағындай біліп алған. Тіпті қалада жылыжайда өнім алып отырған кәсіпкерлер де Талғат өсірген көшеттерді сатып алуда. Бұл, әрине, қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың бірі ғана. Ал бағдарлама аясында үш жылда Талғат секілді жоспары жүйелі, мақсаты айқын азаматтардың көп болғаны біз айтпай-ақ белгілі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.