Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өзінің Facebook-тегі парақшасында Түркіменстаннан Қазақстанға келе жатқан бір топ қандасымыздың шекарадан өте алмай тұрғанын айтты деп жазды turkystan.kz.
«Белгілі ақын, қоғам қайраткері Алмас Ахметбекұлы хабарласты. Түркіменстаннан Қазақстанға келе жатқан бір топ қандасымыз кешелі бері шекарадан өте алмай тұр екен. Бұл туралы фейсбукта да жарияланыпты. Фотосы мен видеосы да бар. Атамекен деп аңсап келе жатқан қандастарды шекарадан шеттетіп тұрған шекарашылардың сылтауы «Виза дұрыс емес, программа ауысқан» дегенге саяды. Біздің шекараның программасы құрғыр көршілес өзге елдерден өзге ұлттар ағылып келіп жатқанда еш ауыспайды екен де, тура біздің туғандарымыз, қандастар келе жатқанда ауыса қалатынына таңғаласың… Есіміз ауысып кетпесе болды бір күні бұндай кедергілерді көре беріп…» деп жазды Қазыбек Иса.
Сондай-ақ ол бұл іске Сыртқы істер министрлігінің назар аударуын талап еткен.
«Қарғаның миы қайнаған ыстықта қандастарымыз шекарадан өте алмай тұр! Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі төрағасы Ділманов тұтқындалғанмен орнына басқа бір төраға келген шығар… Үкімет, Еңбек министрлігі Көші-қон комитеті не істеп отыр? Тез арада қандастарымызды кіргізіп алуымыз керек!» деп жазды депутат.