Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абырой асқарындағы академик

0 2  273

Қаншалықты терістеуге тырысып баққанымызбен, кешегі өткен кеңестік жүйеден де сабақ алатын тағылымды тұстардың табылатынын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе сол тұстағы қоғамдық сана тәрбиесіне бағытталған патриоттық, рухани-құндылықтық нормалардың айқындығы, нақтылығы, жүйелілігі мен насихатталу технологияларының нәтижелі көрініс бергендігі мәлім. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап октябрят, пионер, комсомол, одан әрі коммунистік нормада жүйеленген мақсат-міндеттердің жалпы мазмұны тұлғаның отаншылдық, патриоттық, халықшылдық сезімдерін ұштауға, бекітуге негізделіп отыратын-ды. Сол арқылы мектеп жасындағы жас өреннен бастап әрбір саналы азаматтың өзін қоғамдық ортадағы жауапты тұлға ретінде сезіну мүмкіндігі нығая түсетін. Осы монолитті сезім әсері аға буын ұрпақ өкілдері тарапынан әлі күнге дейін терең аңғарылып тұрады. Сол ыңғайына қарай, дәл қазіргі жағдайда сол кездегідей әртүрлі ұрпақ өкілдеріне теңдей тиесілі таным мен түсінік, тәлім мен тәрбиенің жаңа форматтағы моделіне қазақ қоғамы қатты сусап тұрғанын айта кеткеніміз артық болмаса керек.

Аспанмен астасқан Хантәңірінің етегін ен жайлаған Алматы облысының аумағында кіндік қаны тамған Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов та сол өз заманының темірдей тегеурінді тәлімі мен тәрбиесін көрген өрелі жан.
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам!
Тау деген Ана туған, дара тұлғам,
… Тауға барып,
Көкке ұшып кетсем бе екен,
Ұстап алып қыранның қанатынан, –
деп ақиық ақын Мұқағалидің жырлағанындай, өзі туып өскен өлкені сән-салтанатқа бөлеген алып таудың асқар шыңдары рухтандырып, қиялына қанат бітірген тұлға ерте бастан алдына биік мақсаттар қоюдан жүрексінбеді. Адами тыныс-тіршіліктегі кез келген мәселе әуел баста қойылатын мақсаттың межесіне байланысты екенін уақыт төрешінің өзі үнемі мәлімдеп келе жатыр емес пе?!
Бозбала Бақытжан 1977 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, орта мектепте алған білім нәрінің күшімен Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанды. Яғни «Математика – ғылымдардың патшасы» дейтін таза ой ұшқырлығы мен зейін зеректігін талап ететін «Математика» факультетіне оқуға түседі. Студенттік өмірдің алғашқы сәттерінен-ақ оқу үлгерімі жағынан өз қатарластарынан оза шапқан талантты жастың бойындағы тасқындаған қарым мен қабілет қоғамдық өмірдің қым-қуыт тіршілігіне қарай икемдейді. 1978 жылдың көктемінде сол кездегі университет ректоры Өмірбек Жолдасбековтің арнайы бастамасымен бүкілодақтық жастар мен студенттердің ХІ Бүкілодақтық «Достық» фестивалін өткізу мәселесі көтеріледі. Бұл ауқымды іс-шараны ұйымдастыру міндеті тікелей комсомол комитетіне жүктеледі. Алдағы жаз айында өткізуге жоспарланған бұл ауқымды іс-шараға дайындық барысында ұйымдастырылған кеңесте топты жарып, өзінің ұсыныс-пікірлерін байсалды түрде ортаға салған бірінші курстың студенті Бақытжан Жұмағұловтың қоғамдық ортадағы танымалдылығы нақ осы сәттен басталған екен. Сол кездің өзінде оған университеттің комсомол ұйымының хатшылық міндеті сеніп тапсырылды. Содан бері өмірлік ұстанымы, азаматтық даңғылында кісілік пен кемелділіктің озық үлгісін танытып келе жатқан ұлт перзенті Бақытжан Тұрсынұлының ата тектік тамыр өрісі де кең жазиралы.
Ел басына күн туған 1941 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыста қолына қаруын алып, Отан алдындағы парызын адалынан атқарған әкесі Тұрсын – толарсақтан қан кешкен майдангер. Соғыстың басталған сәтінен бастап жеңіс туы желбірегенге дейін қолынан қаруы түспеген майдангер Сталинград шайқасы, Днепрден өту, Украинаны азат ету, одан қала берді Польша жеріндегі қиян-кескі шайқастарға дейін қатысады. Сөйтіп, әскери жорық сапары 1946 жылы Кенигсберг жерінде аяқталып, елге оралады. Сын сағатта саптан сытылып қалмаған ержүрек әке соғыстан кейінгі өмірін де елі мен жерінің көркеюіне арнайды. Ол жер жәннаты Жетісу өңіріндегі шаруашылық орындарында жауапты қызметтер атқарып, көпшіліктің ықыласына бөленеді. Өзгені өзіндей көретін адалдығымен, қысылғанға қол ұшын созынудан тартынбайтын кеңдігімен, қара басының қамынан көптің күйін күйттеуді жоғары санайтын ірілігімен, топ бастайтын көсемдігімен ел ардақтысына айналған Тұрсын әке болмыс-бітімімен айналасындағыларға өнеге берген жан екен. Осылай көптің көңілін тауып, жарық дүниеде алғыс арқалаудың жемісі – бейнетқор әкеге өмірден өз орындарын адаспай тапқан перзент қуанышы, бала бақыты ретінде бұйырады. Ал анасы Кенжетай есімді бекзат болмыс иесі екен. Келіс-келбеті, бой бітімі, сөз саптауы тал бойында тең үйлескен Бақытжан мырзаның әз анасы да игі жақсының батасын алған текті жан болған деседі. Ата тектік тамыры жағынан да анамыз күллі қазаққа ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ арасында ен дәулетімен ерекшеленген Маман бидің жуан әулетінен екен. Ең бастысы, Маман би – өз заманындағы Алаш деп ұрандатқан қайратты ерлердің ұлт келешегі жолындағы ұлы мақсаттарын жүзеге асыруға материалдық жағынан демеушілік жасаған әйгілі меценат ретінде тарихта аты жазылған кесек тұлға. Қара ормандай сыңсыған қалың найманның бетке ұстары саналған Маман бидің көпке шашқан шапағаты туралы ел аузында әңгіме көп. Тіпті ұрпақтар буыны алмасып жатқанымен, сол есте ұстарлық естеліктер шашау-шайрысыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Сол Маман бидің бел баласы Тұрысбек мырза екі мәрте Меккеге табан іліктірген қажы атанған. Ол қатарынан 18 жыл бойы болыстық қызметте болып, әкеден мирас болып қалған мал-дәулеттің құтын асыра білген іскер. Әке дәстүрін әрмен қарата үдете дамытқан Тұрысбек – қолындағы дүние-дәулетін халықтың өнер-білімге ден қойып, кәсіп үйренуіне арнаған жомарт жан. Атадан балаға өнеге болып өрілген өрісті арнаны игілікті істерімен жалғауда Тұрысбек қажының балалары Құдайберген, Тәңірбергендердің де үлесі зор. Бұл екі ағайынды, әкелері Тұрысбектің інісі, есімі жалпақ Жетісуға мәшһүр Есенқұл қажымен күш біріктіріп, 1909 жылы Қарашаш деген жерде әйгілі «Мамания» мектебін салдырады. Кезіндегі «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде кеңінен насихатталып, күллі қазаққа үлгі ретінде жария етілген Маман би мен оның әулетінен тараған ұрпақтардың ұлағатты тарихы бұдан да басқа игілікті істерге ұласып жатыр.
Міне, сол текті тамырдан тараған Кенжетай ана – кезіндегі Алаш туын желбіреткен даңқтылардың тұстасы, үзеңгілес дос-жараны, тілеулесі, дем берушісі де, демеушісі де бола білген атақты Маман бидің тікелей төртінші ұрпағы. Жастайынан хат танып, ілім-білімге барынша қанық болып өскен Кенжетай ана өзінің бар саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнайды. Отбасылық тәрбиенің тұтқасы әйел адамының қолында екендігі мәлім. Соған орай Жұмағұловтар ұл-қыздарының барлығы тегіс кітапқұмар болып өседі. Тұрсын мырза мен Кенжетай шуағы мол шаңырағында тәрбиеленіп шыққан жеті бірдей ұл-қыздың барлығы да жоғары оқу орындарын тәмамдап, әртүрлі мамандық иелері ретінде халқына қызмет жасап келеді. Алды ғылым докторы дәрежесін иеленсе, енді бірі ғылым кандидаты, бірі академик, бірі министр мінберіне көтерілген Жұмағұловтардың династиясының айрықша қыры ретінде ғылымилық сипатын атап көрсетуімізге болады.
Кітапхана қызметіндегі анасының етегіне оратылып жүріп жасынан ерте хат таныған Бақытжанның жалпы табиғатына тән қасиет – елгезектік. Оның жайын Бақытжан Тұрсынұлының өмір картасын шиырлап жатқан иір-иір асу-белдердің барысын барлап, байыптау барысында анықтауға болады. Әңгімеге арқау болып отырған кейіпкеріміздің бал балалық дәурені 1921 жылға дейін Жетісу өлкесінде Верныйдан кейінгі екінші үлкен уездік қала санатын құраған Қапал ауылы екендігі жоғарыда айтылды. Бақытжан Тұрсынұлы сол жердегі орыс мектебінде білім алады. Орта мектептің 8-ші сыныбына дейін кілең бестік бағада үздік оқыған талапты өрен, мектептегі қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен танылып, спорттық жарыстардағы топ жарғыштығымен әйгіленді. 8-ші сыныпты аяқтаған соң, Новосібірдегі спорт техникумына барып түседі. Алайда алты ай қыс бойына күн көзі бір көрінбейтін Сібірдің тоңтеріс табиғатынан көңілі қатты құлазиды. Жазы майса, күзі керімсал оңтүстік өңірдің оғланын ұзаққа созылатын қақаған қыстың бұйығы тіршілігі мезі қылып жібергендей. Сөйтіп, өздігінен шешім қабылдаудан тайсалмайтын Бақытжан табан асты жинала салып елге тартады. Қапалға қайта оралғасын бұрынғы өзі оқыған мектебіндегі білімін әрмен қарай жалғастырады. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, сол кездегі партия ұйымының талабына сай ауылда қалып жұмыс істейді. Ол өзі оқып бітірген мектепте математика пәнінен сабақ береді. Бір жыл абыроймен жұмысын істеп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Сол кездегі Кеңес әскерлері орналасқан Германиядағы таңдаулы бөлімде әскери міндетін абыроймен атқарып, старшина шенімен елге оралады.
Әскерден келген бетте қарап жатпастан, бірден сол замандағы «рабфак» деп аталатын жоғары оқу орнына дайындық бөлімінде оқып, мектепте алған білімін барынша пысықтайды. Сөйтіп, қабылдау емтихандарынан мүдірмей өтіп, сол 1977 жылы жаңадан ашылған «Механика және қолданбалы математика» факультетіне оқуға түседі. Студенттік шақта оқудағы алғырлығымен қоса, қоғамдық жұмыстардағы белсенділік қырынан қатар танылған табанды жасты университет басшылығы ерекше құрметтейді. Бақытжан Тұрсынұлының алдағы уақытта ғылымның биігін бағындырар тұлға болатындығы сол студенттік кездің өзінде республикалық, одақтық деңгейдегі олимпиадалар мен түрлі жарыстардағы жеңістері, ғылыми конференциялардағы баяндамары барысында айқын аңғарылып тұратын-ды. Сондай-ақ өз ортасын үйіріп әкете білу, замандастарымен тіл табыса білу шеберлігі оның бойындағы көшбасшылық қасиеттің болмысын айшықтап тұратын. Тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан жастығына қарамастан, ол өзінің парасаттылығымен, жоғары деңгейдегі мәдениеттілігімен, сабырлы, салмақтылығымен, байсалдылығымен, жан-жақтылығымен, өзім деген адам үшін өзегін жұлып беруге даяр тұратын кеңпейілділігімен жүрген ортасының лидеріне айналып шыға келетін. Содан да болар, ұжымдық басқару тізгіні Бақытжан Тұрсынұлының қолына студенттік кезеңнен тиген. Жатақханадағы студенттер кеңесінің төрағасы, студенттік құрылыс отрядының командирі, университет комсомол комитеті хатшысының орынбасары деген сынды жауапкершілігі зор міндеттер Бақытжан Тұрсынұлының лидерлік қырынан кемелденуіне серпін болды десе болғандай.
Топжарғыштық қасиеттің ұрығы табиғи болмысына дарыған Бақытжан Тұрсынұлының қарым-қабілеті басқару ісінде барынша шыңдалған университет ректоры Ө.Жолдасбековтің қырағы назарына бірден шалынған. Сондықтан да университетті тәмамдаған соң, ректор оны арнайы шақыртып алып, университеттің комсомол ұжымын басқаруды ұсынады. Шындығында, ол кездегі кеңестік билік жүйесіндегі комсомол ұйымының рөлі аса зор еді. Үкімет пен партияның ең серпінді отряды саналатын комсомол ұйымын басқару дегеннің жауапкершілігіне кез келген төтеп бере алмайтын. Ең бастысы, бұл жауапты міндетті атқару барысына жастар саясатына қарасты тәрбие, мораль, тәртіп, әлеуметтік-материалдық мәселелер, т.б қоғамдық өмірдегі қым-қуыт маңызды тармақтардың барлығы тегіс тиесілі екендігі. Сондықтан жан-жақтылық пен істің көзін таба білетін ептілікті, білімділікті, біліктілікті, қажетіне қарай ұстамдылықты, тіпті елге сөзін өткізе білетін шешендікті, тапқырлықты, т.б. толып жатқан іскерлік шеберлікті талап ететін бұл қызметтік лауазым кез келгенге сеніп тапсырыла бермейтін. Демек, осының өзі Бақытжан Тұрсынұлының қандай мәселе болмасын жауапкершілікпен қарай білетін, өзіне-өзі сенімді азамат ретінде студенттік жылдардың өзінде тұлғаланып үлгергендігін аңғартады.
Ғылымға деген құштарлығы басым болғанымен, білдей университет басшысының өзіне деген сенімін құрметтеп, әрі десе үлкеннің сөзін жерге тастамайтын қазақы тәлім-тәрбиенің әсерімен аталған қызметті атқаруға келісімін берді. Талабы қиын, сынағы қилы комсомол комитетін басқару ісіндегі тәжірибесі аттай 12 жыл бойына жалғасты. Осы аралықта талай таланттың танылуына, үйсіз-күйсіз жас отбасылардың баспаналы болуына, жастардың арасындағы телі мен тентектерді жөнге салуға, т.б. да игі істердің жүзеге асуына Бақытжан Тұрсынұлы білек сыбана үлес салмағын қосты. Еліміздегі ең тұғырлы оқу орны ҚазМУ комсомол жастар саясатын жолға қоюдағы жетістігі жағынан көпке үлгі болды. Университет студент жастары халықаралық деңгейде өнерімен, спорттағы жетістіктерімен, ғылымдағы жаңалықтарымен жан-жақты танылу масштабы арта түсті. Осындай жоғары сападағы ұйымдастырушылық, басшылық шеберліктің арқасында Бақытжан Жұмағұлов орда бұзар 30-ында университеттің проректор лауазымына көтерілді.
«Жас келсе – іске!» демекші, үлкен ұжымды басқару ісіне ерте жастан араласқандықтан барынша ысылып, төселіп, кез келген тығырықтан жол тауып шығудың ұтымды әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген білікті басшы, проректор Бақытжан Тұрсынұлы бұл қызмет барысында да көптеген сынақтан сүрінбей өте алды. Ол министр мен ректордың тарапынан өзіне сеніп тапсырылған жауапкершілік жүгін барынша адалынан атқаруды қызмет бабындағы басты кредосына айналдырды. Ол проректорлық қызметке келген тұс Қазақстан аумағындағы ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны саналатын ұлттық университеттің 50 жылдық мерейтойы қарсаңы болатын. Соған байланысты небір ауқымды іс-шаралардың жоспары құрылып, көптеген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қойылып жатты. Солардың барлығына тікелей мұрындық болу міндетін проректор Бақытжан Тұрсынұлы атқарды.
Мерейтойға даярлық барысындағы қысқа мерзім аралығында сол заманның ең биік ғимараты саналатын жиырма бес қабатты «Қазақстан» қонақ үйінен кейінгі екінші биік ғимарат ретінде университеттің бас әкімшілік корпусы ректорат бой көтеріп, ару қала Алматының сәнін арттыра түсті. Бұдан басқа да толып жатқан шаруалардың жайын қырағылықпен өз қадағалауына ала отырып, абыроймен жүзеге асыруда Бақытжан Тұрсынұлының үлесі қомақты. Әдетте жауапкершілігі зор адамға өзгелерге қарағанда басымдау міндет жүктелетіндігі белгілі. Сол ыңғайда мамандығы математик болуы себепті есеп-қисапқа жүйрік, кіріс-шығыс мәселесінде қырағы проректорға университет ректоры құрылыс, шаруашылық мәселелерімен қоса, қаржы-қаражат пен экономика мәселесін де қамту міндетін жүктеп қойған екен. Осыншалықты жан-жақты жауапкершілік пен міндет жүгін арқалаудан тайсалмаған проректор бұл жолда да абыройлы істерімен танылды. Республиканың бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі келіп қатысқан мерейтой аса жоғары деңгейде өтеді. Осылай өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, азаматтық қырынан көпке таныла білген Бақытжан Тұрсынұлының тағдыр жолы қызметтік өсу мен өрлеудің биіктерінде ұлғая берді. Сөйтіп, университет партия ұйымы хатшысының орынбасарлығына жоғарылатылады.
Алайда табан астында тұтанған Желтоқсан оқиғасына байланысты қазақ ұлтының көрнекті тұлғалары, бірталай белді азаматтарының басына бұлт үйіріліп, ұлтшылдық таңбасы басылады. Көпе-көрінеу күйе жағылып, азаматтық ары тапталған ұлттық топтың құрамында Бақытжан ағамыз да болады. Ол өзінің білім алып, еңбегін сіңіріп жүрген оқу орнынан, қызмет лауазымынан шеттетіліп, бірталай уақыт тағдыр тәлкегіне тап болады. Бірақ университеттегі көзі қарақты зиялы топ серкелерінің үн көтеруімен ұлттық университетке қайта оралу мүмкіндігіне ие болады. Орыс халқының «Не было бы счастье, да не счастье помогло» дегеніндей, бұл «қайта айналып соғу» жолы оның осы кезге дейінгі орындалмай жүрген арманының кілтіне айналады. Сөйтіп, КСРО Ғылым академиясында қызмет атқарып, одақтық деңгейде танымал математик-ғалым Шалтай Смағұлов басқаратын «Механика және қолданбалы математика» факультетінің «Дифференциалды теңдеулер» кафедрасына орналасады. Университет басшылық ұйымының қарсылығына қарамастан, «қуғындағы математиктің» өз ортасына оралуы тікелей Шалтай Смағұловтың ықпалымен жүзеге асады. Енді қол астындағы қызметкерінің ғылымға деген құштарлығы мен тиянақтылығын тап басып таныған профессор Ш.Смағұловтың ұсынысымен «Көпбайланыс саласындағы Навье-Стокс теңдеулерін шешудің сандық методтары» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылымның қайнары терең қойнауларын тереңінен үңги жүріп, талмай ізденудің барысында 1990 жылы аталған тақырыптағы кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шығады.
Осылай тар жол, тайғақ кешулерден сағы сынбай, бойдағы ерік-жігерін ғылымға салған Бақытжан мырзаның өміріндегі ендігі бағындырар белестері ғылыми қырынан айшықтала түседі. Ол өзінің рухани досы әрі ғылыми жолбасшысы Шалтай Смағұлов, терең пайымды ғалым-әріптесі Нарғозы Данаевпен бас біріктіре отырып Навье-Стокс теңдеулерін шешудің цифрлық әдістері төңірегіндегі есептеу теориясын жетілдіру тақырыбына қатысты аса сүбелі ғылыми еңбек жазып шығады. Тақырыптық маңызы зор, ашқан жаңалығы орасан бұл жұмыс нәтижесі ғылыми орта тарапынан аса жоғары бағаланады. Сөйтіп, бұл ғылыми шығармашылық топтың мүшелері профессор Шалтай Смағұлов пен ғылым кандидаттары Бақытжан Жұмағұлов және Нарғозы Данаевқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріледі.
Сонымен Бақытжан Тұрсынұлы кандидаттық диссертациядан бастау алған есептеу техника бағытындағы зерттеуін одан әрі қарата дамытуға күш салады. Ол математикалық модельдеу әдісімен ұштастықтағы, мұнай өндірісіндегі технологияны жетілдіру мәселесі қарастырылған докторлық диссертациясымен шұғылданады. Сөйтіп, математиканы техника және технологиямен ұштастырып, мұнай-газ кеніштерін игеру барысында компьютерлік технология мен математикалық модельдеуді пайдаланудың өзекті мәселелері кеңінен ізерленген докторлық диссертациясын ғылыми ортаға ұсынады. 1997 жылы Ресейдің Ғылым академиясына қарасты М.Лаврентьев атындағы гидродинамика институтының ғалымдары қызу түрде қолдаған диссертациялық жұмысы үшін техника ғылымдарының докторы атағына ие болады.
Бүгінгі таңда өзінің сан қырлы шеберлігімен көпке танымал тұлға Бақытжан Жұмағұловтың ең асқаралы әрі ешқашан мәні де, мағынасы да жойылмайтын еңбегі – Қазақстанда тұңғыш рет мұнай-газ саласын математикалық және компьютерлік модельдеудің жаңа ғылыми мектебінің іргетасын қалап, ғылыми фундаментальды негіздерін қалыптастырып беруінде.
Қорыта айтқанда, «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?!» деп халқымыздың дана перзенті Абайдың айтқанындай, еліміздің даму тарихында еселі еңбегімен тұлғалық портреті таңбаланып қалатын Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов мырзаның жолын жарқыратып, биіктерге самғатқан тылсым күштің білтесі – білім қуаты екендігіне көз жеткіздік! Осыдан келіп, білім адам өміріндегі тозбайтын құндылық, таусылмайтын байлық, теңдессіз күш, сарқылмайтын бұлақ екендігіне көз жеткіземіз. Білім – адамды алға жетелеп, биіктерге самғатып, абыройдың тұғырына қондыратындығын геройымыздың өмір картасын зерделеу барысында көз жеткіздік.

Мұхтар Байжұманов,
физика-математика ғылымдарының
кандидаты, доктор (PhD), доцент,
ҚР ҰИА корреспондент мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.