Қаңтар оқиғасы кезінде Өзбекстанның екі азаматы хабар-ошарсыз кеткен. Бірі оқиға басталар қарсаңда жоғалып кеткен, екіншісінен полиция ұстап әкеткелі бері хабар жоқ. Полиция «оны босатып қоя бердік» дейді, бірақ туыстары күмән келтіреді.
«ҚАМАУДАН БОСАТҚАНЫНА АЙҒАҚ ЖОҚ»
Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы республикасынан Қазақстанның Жаңаөзен қаласы мен Атырау қаласына көшіп келген ағайынды Мейіргүл Қанатбаева мен Бөгенбай Қанатбаев қаңтардың басынан бері Алматыға бірнеше рет келіп, апталап жүруге мәжбүр болды. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде полиция алып кеткен інілері Мақсет Қанатбаевты іздеп, таба алмай жүр.
Мейіргүл Қанатбаеваның сөзінше, 1990 жылы Қарақалпақстанның Тақияташ қаласында туған Мақсет Қанатбаев 2020 жылы Алматыға келіп, «Алтын орда» базарында арбакеш болып жұмыс істеген.
– Өзі секілді қара жұмыс істейтін Қарақалпақстан жастарымен бірге базар маңында пәтер жалдап тұрды. Олардың бәрі Қаңтар оқиғасынан кейін бет-бетімен кетіп қапты. Кей жолдастарының айтуынша, 4 қаңтарда ереуіл басталғанда олар қорқып, үйден шықпаған. Өйткені «Алтын орда» маңына полиция жасағы (ОМОН) келген. Полиция үйден әкетіп жүре ме деп сескенген Мақсет танысына хабарласып, өзін басқа жаққа алып кетуін сұраған. Оларды 6 қаңтар кешке жолда кетіп бара жатқан жерінен полиция тоқтатып, екеуін де қолын қайырып алып кеткен, содан бері хабар жоқ, – дейді Мейіргүл Қанатбаева.
Мейіргүл Қанатбаева мен Бөгенбай Қанатбаев інілері Мақсетті іздеп, Алматыдағы құқық қорғау органдарына шағым түсірген, қаладағы мәйітхана мен түрмелерді түгел аралап шыққан, бірақ туысынан әлі күнге дейін еш дерек жоқ.
Полиция оларға «Мақсет Қанатбаев 12 қаңтарда босатылған» деп жауап берген.
Ағайынды Қанатбаевтардың сөзінше, Мақсеттің қолында құжаты мен ұялы телефоны болған. Полиция босатып қоя берсе, туыстарына хабарласпауы мүмкін емес деп күмәнданады жоғалған жігіттің аға-әпкесі.
– Үйдегі жетінші бала еді. Қазақстан азаматтығын алған соң үйленемін деп жүрген. Туыстарымыз әлі Қарақалпақстанда тұрады. Мақсеттің жоғалып кеткенін анамызға айтпай отырмыз, – дейді Мейіргүл.
Бөгенбай Қанатбаев та Алматыны бір жарым ай әбден шарлап, інісін таба алмай Атырауға қайтқан.
– Ініммен бірге қамалған жігітің ағасы екеуміз адвокат жалдадық. Полицияға, прокуратураға бардық. Інімді ұстап әкелгені, тергелгені, қайтадан босатылғаны жазылған видеоны бермеді. Ақыр аяғы інімді кім тергегенін де, кім босатқанын, не үшін босатқанын да айтпай отыр. Бұл – абақтыға кірген із бар да, шыққан із жоқ деген сөз, – дейді ол.
Хабар-ошарсыз кеткен Мақсет Қанатбаевтың ісімен айналысып жүрген адвокат Нұрхан Амангелді Алматы қаласы прокуратурасына шағым түсіргенін, олар шағымды Алмалы аудандық прокуратурасына жібергенін айтады.
– Мақсет Қанатбаевты сыныптасы Мейіржан Камаевпен бірге көлікпен кетіп бара жатқанда Абай мен Алтынсарин көшелері қиылысында, «Москва» сауда орталығының алдында ұстаған. Мейіржан Камаев сот шешімінсіз Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында 10 күн қамауда отырып, 16 қаңтарда босатылған. Онымен бірге қамалған Мақсет Қанатбаевтың бостандыққа жіберілгеніне ешқандай дәлел жоқ. Бұл жөніндегі сұрақтарымызға жауап бере алмады. Біздің шағымымыз бойынша, Алмалы аудандық полициясы Мақсет Қанатбаевқа іздеу жариялап, 29 қаңтарда іс қозғады, – дейді заңгер.