Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақ Жайықтан Ақұштап ақын арнайы келді

0 152

Тараздағы «Анаға тағзым» республикалық форумына еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар халық алдында жүрген аналар қатысты. Осы күні Тараз өңірлік университеті, «Ұстаз» институтының студенттері «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» деген атпен танылған ақын, публицист, қоғам қайраткері, Мемлекеттік және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

«Сіңліге сыр» атты кездесуде «Жасын» әдеби жастар ұйымының шығармашыл жастары Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңін оқып, қонақтарды тәнті етті. Жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы мен «Ұстаз» иститутының оқытушылары Ақұштап ақын жайында сыр бөлісті. Бұдан соң «Ақжайықтың ақын қызы» қыз баланың қоғамдағы рөлі жайында тереңнен ой қозғады.

–Қоғамда аналардың орны ерекше екенін бұрыннан білеміз. Соның ішінде қыз балалардан ақын көп шықпады. Сол үшін Фариза Оңғарсынова, Күлаш Ахметовалар секілді маған да өзімді дәлелдеу керек болды. Фариза бір сөзінде « не қатын бол, не ақын бол» деген еді. Мен соның екеінде қатар алып жүрдім. Түсінгенім кез келген мамандықты оңай игеруге болады екен, бірақ соның ішінде ең қиыны ана болу екен. Қазір шүкір, үш қызымыз бар. Әкем соғыстан жараланып қайтқан солдаттардың бірі еді. Мені атқа мінгізіп үйреткенде сол. Сонда маған «неге ұл болып тумады екен» деген бір өкініші болды, білем. Кейін 17 жасымда Қыздар педагогикалық институтына оқуға түскенде «Әке» деген өлең жаздым. Сол өлеңге елге белгілі ақындардың «әке туралы жазылған ең тамаша өлең» деп пікір білдіргені бар. Ақындарға өзіңді дәлелдеу де оңай емес. Түйгенім, қалам ұстау қазақ қызына қай ғасыр болса да қиын.

Өмірде қыз балаларға жаным ашиды. Бүгінде кейбір аналар өзінің өзегін жарып шыққан қыздарымен сөйлесе алмайды. Ана мен қыз көп сырласуы керек. Себебі ұлдардың өжет болуына да қыздар әсер етеді. Балаларын күйеуіне тастап кеткен қыздар жайында естідік. Жаным соған ашиды. Сіздер қателеспеңіздер, себебі ұрпақ тәрбиесі, яғни ұлттың тәрбиесі тікелей сіздерге байланысты,–деді Ақұштап ақын.
Тағылымы мол кездесуде студенттер Ақұштап Бақтыгереевамен еркін пікір алмасып, соңыра естелік суретке түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.