Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақын мұрасы – қасиетті қазына

0 396

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Абай атындағы орталық қалалық кітапханасы Еңбекшілер депутаттарының Жамбыл қалалық Советі Атқару Комитетінің 12 қараша 1971 жылғы №7-632-32 Қарары негізінде ұйымдастырылып ашылған. Кітапхана тұрғын үй ғимаратының бірінші қабатында ыңғайластырылған орында орналастырылған.

Бәтес ШАПАҒАТ

Қаладағы барлық кітапханалар біріктіріліп, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі болып құрылып, жүйенің орталығы Абай атындағы қалалық кітапхана болды. Жүйені талантты, білікті маман иелері 2012 жылға дейін Ким Анна Григорьевна, 2012 жылдан күні бүгінге дейін Алибекова Роза Бозтайқызы басқарады.

Орталық кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету, кітапхананы дамыту және әдістемелік жұмыс, құжаттарды жинақтау және өңдеу, бірыңғай қорды ұйымдастыру және пайдалану, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімдері бар.
Штат кестесі бойынша 53,0 бірлікте, 53 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде тікелей оқырмандармен дәстүрлі және онлайн түрде 17,0 бірлікте, 17 кітапханашы және басқа лауазымдағы, кіші техникалық қызметкерлер жұмыс жасайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалардың аясында тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төл мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді оқырмандарға түсіндіру, Ұлы даланың жеті қыры әлемдік өркениетті құру мен дамытуға септік еткен ұлттық мұра топтарын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында кітапханалар жүйесінің «Дауыстап кітап оқу – руханиятқа талпынысты ояту», ашық аспан астындағы «Жазғы оқу залы», «Жастар – кітап әлемінде», «Виртуалды қызмет», «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобалары бойынша жұмыстар жүргізіледі.

2018 жылы «Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары заманауи білім орталығы» бастамашыл жобасы аясында елдегі кітапханалардың жаңа моделін енгізу үшін және қала тұрғындары бос уақытын тиімді пайдалану үшін заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру мақсатында «Коворкинг» білім беру орталығы ашылған.

Мүмкіндігі шектеулі және зейнеткер азаматтардың компьютерлік сауаттылығын ашу мақсатында «Ақпарттық білім беру» орталығы жұмыс істейді. Әлеуметтік тұрғыдағы оқырмандарға (ардагерлер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар) кітапханалық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін олардың сұраныстары бойынша кітапханадан тыс үйлеріне басылымдар апарып беру жұмысы жолға қойылған.
Кітапханада ағартушылық, танымдық және коммуникативті қызметтерінің негізгі бағыттары бойынша «Киелі, әулиелі Тараз өңірі» мақсатты кітапханалық-ақпараттық бағдарлама жұмысы жүргізіледі. «Шаңырақ», «Шабыт-Вдохновение» қызығу-шылық клубтары жұмыс істейді.

Кітапхана ісін автоматтандыру жұмысы бойынша кітапханалық (www.libr.e-taraz.kz) web-сайты жұмыс істейді. Кітапханалық веб-сайтқа әртүрлі айдарлар енгізіліп, барлық беттердегі материалдар үнемі жаңартылуда. Арнайы өңделген реляциялық веб-хабарлар кітапханалық ақпараттық жүйе «RWБИС» жаңа бағдарламасымен электронды каталогқа 337048 дана кітап енгізілді.

«Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы бойынша Жамбыл облысының қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау мақсатында Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде кітапханалардың кітап қорынан 20 жергілікті ақын-жазушының шығармалары келісімшарт арқылы цифрландырылып, электронды форматқа енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жүйе бойынша 67 атаумен 1269 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде 47 атау-мен 1147 дана. Сондай-ақ осы цифрланған кітаптар кітапхананың сайтында және «Инс-таграм», «Фейсбук» желілеріне қойылған.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мұрағатынан фотоқұжаттарды цифрлау бойынша «Фотоархив» ДҚ 5176 фотоқұжаттар енгізілді.
Кітап қоры – 138655 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде – 48528 дана. Оның ішінде Абай Құнанбаевтың шығармалары мен ол туралы әдебиеттер – 3188 дана, мемлекеттік тілде 2673 дана. Мерзімді басылымдар беттеріне жарияланған «Абай» толық мәтінді дерекқорына 601 дана мақала енгізілген, оның ішінде мемлекеттік тілде – 490 дана. Кітап қорында Абай және оның шығармалары туралы зерттеуші, абайтанушылардың ой-толғамдары мен пікірлері, лебіздері, өлеңдерімен арнаулары жазылған кітаптар да бар. Олар: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Зәки Ахметов, Мұхтар Әуезов, Мекемтас Мырзахметұлы және т.б.

Атап айтсақ, белгілі абайтанушы, филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахметұлының Абай шығармаларындағы күрделі термин сөздерді анықтап, мәнін ашып, түсіндіріп, ой-танымды танытатын «Абай лұғаты», А.Құнанбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай ақын мұрасы жөнінде жазылған 1889-1965 жылдар аралығында жарық көрген деректер көзін тақырыптық жүйеде тұтас қамтыған «Абайтану» библиографиялық көрсеткіш, ұлы ақын нәр алған рухани үш бұлақтың бірі – шығыс мәдениеті, оған Абайдың қарым-қатынасы ғылыми тұрғыдан жүйеленіп баяндалған «Абай және шығыс», ұлы Абай мұрасы, оның зерттелуі туралы жазылған құнды деректер мен архив қазыналары абайтану тарихының қалыптасу жағдайы сала-салаға бөлініп баяндалған «Абайтану тарихы» кітаптары және Досым Омаров «Абайтану немесе ұлы ойшылдың рухани кемелдену туралы ілімі» атты оқу құралында ұлы ойшылдың бүкіл болмысқа, дінге, Жоғары Жаратушыға, әлемнің жалпы заңдылықтарына деген өзіндік көзқарасы зерделенеді. 2020 жылы кітапхана қорына Абай туралы «Абай-Abai 2020» күнтізбе-күнделік, «Абай (1845-1904)», Абай «Шығармалары», Айнаш Қасымның «Абай және парсы әдебиеті», А.Құнанбайұлы «Көңілімнің санасы», Мекемтас Мырзахметұлы «Абайтану әліппесі», Оразалы Сәбден «Абай: Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» кітаптары түсті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 9 қаңтарындағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі», – деп атап көрсеткендей, ұлы Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамда оқуға деген қызығушылықты арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге, оқып-білуді дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы комиссиясының шешімі бойынша 2020 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей оқу үшін, биылғы қазақтың бас ақыны Абайдың туғанына 175 жылдық және шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын атап өту мақсатында Әнуар Әлімжановтің «Ұстаздың оралуы» романы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы таңдалынып, ұсынылғандығына байланысты және жалпы орталық кітапхананың жоспары бойынша дәстүрлі түрде және онлайн режимінде көптеген мәдени іс-шаралар өткізілді.

Кітап көрмесі – әдебиеттердің көрнекі жарнамасының бір түрі, кітапхананың айнасы. Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына байланысты «Абай – адамзаттың шамшырағы», «Абай – ақыл-ойдың алыбы», «Абай әлемі» атты тұрақты кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Дара құбылыс, ақыл-ойдың, парасаттың асқар биігі Ұлы даланың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттау мақсатында ақынның «Қыз жауабы» атты өлеңі орыс тілінде, адамды адам болуға, ізгі ниетті адамгершілік қасиеттерінің мол болуына, жаман дағдылардан аулақ болуға үйрететін жалпы саны қырық бес бөлек шығарма болатын «Қара сөздер» кітабынан «21 қара сөзі», жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын насихаттау мақсатында роман-эпопеяның екінші томынан «Тайғақта» атты бөлімі дауыстап оқылып, «31 қара сөзі», «24 қара сөзіне» және «Адам деген даңқым бар», «Сен де бір кірпіш дүниеге» атты кітаптарына онлайн-шолу өткізілді. Әділ Несіпбаевтың «Абайға» атты өлеңіне бейнеролик ұйымдастырылды.

Алдағы уақытта «Мен Абайды оқимын», «Әлем таныған ұлы Абай», «Абай мұрасы – асыл қазына», «Абайды оқы, таңырқа» дауыс-тап оқулар, «Абай ілімі –ұлттық идеямыздың іргетасы» Абай оқулары, «Абай – ұлт биігі» оқырман конференциясы, «Абайдың ұлы мирасы» поэзия кеші, «Абай – ұлы тұлға» әдеби кеші, «Абай мұрасы – халық ұлағаты» ашық есік күні тақырыптарында мәдени іс-шаралар өткізіледі.

Абайдың өзіне теңдесі жоқ, ғұлама екенін уақыт дәлелдеп отыр. Абай – өткен мен өз заманын салыстыра отырып, артына ұлы өсиет қалдырған хакім. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді Абай. Абайдың хакімдігі оның әр сөзінен, әр өлеңінен білінеді.

Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы Абайдың мәңгі өшпес даңқының ең асқақ айғағы – міне, осында.

Абай – халқының, оның ұлттық өмірінің символы. Оның өлмес шығармашылығында халық рухының жарқын күші, қайғысы мен қуанышы сақталған. Ол соның бәрін көркем сөздің күшімен бейнелеп, бүкіл адамзат мәдениетінің тарихына қосты.

Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі бірге жасайды. Ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.

Абай есімі, Абай мұрасы мәңгілік!
Кітапханада дәстүрлі және онлайн режимінде өткізілген және алдағы уақытта өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралар осындай қиын кезеңде қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп, қалыпты тіршілігінен қол үзіп, үйінен шыға алмай отырған тұрғындардың, әсіресе жастардың, балалар мен жасөспірімдердің ертеңге деген сенімін арттыра түседі деген ойдамыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.