Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақтауда облыстық жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері шу шығарды

0 282

Ақтауда облыстық жедел жәрдем қызметінің бір топ жүргізушісі айлығымыз аз деп наразылық білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтуларынша, жалақы бірнеше жылдан бері өспеген. Осыны айтып талай табалдырықты тоздырғанымен, жанайқаймызды ешкім естімейді дейді жиналғандар. Басшылық уәдені үйіп-төккенімен, оны орындамайтын көрінеді.

Облыстың түкпір-түкпіріндегі жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері жиналып басшылыққа келді. Талап — жалақыны өсіру. Айтуларынша екі-үш жылдан бері алып келе жатқан 80-90 мың теңге ештемеге жетпейді. Осыған дейін тек дәрігер, фельдершерлердің жалақысы өсіп, жүргізушілердікі сол күйі қалыпты.

“90-100 мың теңгеге өмір сүру қазір өте қиын. Барлық жерде қымбатшылық. Ақтау, Ақшұқыр, Жаңаөзен, Мұнайлы бүкіл Маңғыстау облысындағы жағдай осындай”, – дейді жедел жәрдем жүргізушісі Мұрат Белбаев.

“2014 жылдан бері қарай біздің негізгі айлық деген бар. Қосқанда фельдшер, санитарлар бар, солардікі көтеріледі. Біздікі, жүргізушілер жайына қаламыз. Медицина қызметкерлерінің қатарына жатпайсыңдар дейді. Ол қалай? 2014-тен бері қарай айлық көтерілген жоқ. Жыл сайын жиналамыз, уәде береді, бірақ сол бойы өзгеріссіз қалады”, – дейді жүргізушілердің бірі Ержан Меңдалиев.

Жиналғандар осы күнге дейін жалақының мәселесін бірнеше мәрте көтеріпті. Бірақ еш  нәтиже жоқ. Жұмысшылардың мұңын жеткізетін кәсіподақ та үнсіз деп налыды. Сондықтан тек ақша жинауды білетін бұл ұйымды таратып жіберсін дейді. Алайда басшылар бар мәселеден хабардармыз дейді. Тіпті жүргізушілердің жағдайын жақсарту үшін жыл соңында сыйақы беріліп, қосымша 25 мың теңгеден төленіпті.

“Мекеменің атынан қараша, желтоқсан айына бұрынғы 25 мың теңгенің үстіне тағы 25 мың теңге қосып төледік. 2022 жылы алайын деген ақшасы Үкіметтің бекітілген жалақысынан 50 мың теңге көп. Биыл тағы да 12 айға төлеуге шешім шығарып отырмыз. Бұл өзіміздің мекеменің тауып отырған ақшасы. Қазір бюджетімізге қарап отырып, біздің мекемеден қсоылған 50 мың теңгені жылдың аяғына дейін сақтайын деп отырмыз”, – дейді Маңғыстау облысы жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаев.

Десе де жедел жәрдем жүргізушілері жауаптылардың уәдесі орындалады деген үмітте. Егер мәселе шешілмесе, шағым айтып облыс әкіміне барамыз деп бекініп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.