Қалалық қоғамдық-саяси газет

«А-статус» мектебінде жас экологтар тәрбиеленуде

0 368

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Каспий теңізі жағалауында итбалыққа тас лақтырған балаларды мысалға келтіріп, орта білім бағдарламасына өскелең ұрпаққа экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Бұл пән әлі мектеп бағдарламасына енгізілмесе де, қала орталығында «А-Статус» балабақша-мектеп-гимназия кешені бұл жұмысты бастап кетті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

2016 жылы жаңа оқу жылында материалдық-техникалық базасы бар білім мекемесі жекеменшік иелігінде қатарға қосылған. Бес жылдың ішінде үлкен нәтижеге жеткен білім ордасы «Жасыл мектеп» экологиялық жобасын іске асыруда. Білім мекемесінің құрылтайшысы – «Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле Рысбаева.

– Мектебіміздің болашағын «ЭКСПО-2017» көрмесі айқындады. Оның аясында Қазақстанның жасыл экономикаға негізделген адамзат дамуының жаңа бетін ашу жөніндегі жаһандық миссиясы болды. Экологиялық білім берудің басымдылығын бүгінде бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отыр. 2017-2018 оқу жылында мектепте «Жасыл мектеп» экологиялық жобасын жүзеге асыру басталды. Өйткені жаңа ұрпақ балаларын болашақта табиғи экожүйелерді, биоәртүрлілікті және тұрақты смарт қалаларды құру үшін ерекше шешімдерді табу, талдау және іздеу қабілеттері алға шығатындай жылдам дамуда. Біз де әлем елдерінен қалмай, бұл үрдісті бастап кеттік, – дейді С.Рысбаева.

Бастапқыда балабақша, мектепалды даярлық сыныбы, бірқатар базалық пәндер және өнер үйірмелері бойынша қосымша білім беруді қолға алған мекеме екі қабатты ғимарат соғып, кейін мектеп-гимназияға айналған. Бүгінгі таңда тек мектеп-гимназияның өзінде 1 мен 6-шы сынып аралығында 15 сынып, әр сыныпта кемі 22 баладан білім алады. Кешенде интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықталған, робототехника негіздерін үйрететін сынып, шахмат, бірнеше өнер үйірмелері бар. Балғындар өз таңдаулары бойынша бес үйірмеге жалпы оқу ақысы негізінде, сабақтан тыс мезгілде қатыса алады. АКТ, спорт залдары бар. Жеткіншектерге спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Оқу кешені жобасының негізгі ерекшелігі де осында. Балабақшада да, мектепте де балалардың сабақтан тыс уақытын пайдалы іске бағыттау жоспарланған.

Мұнда балғындарға арналған дүниелердің барлығы бір кешеннің ішінде. Бастысы, балабақшадан кейін балаларға жаңа ортаға қайта бейімделуге тура келмейді. Білім және тәрбие беру үдерісі үзіліссіз жүреді. Ертеңгі сағат 8.30-дан басталатын сабақ кешкі 18.00-ге дейін жалғасады.

– Оқушыларға қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндік мол. Біздің мақсатымыз – балғындар кішкентай кезінен бір ортаға үйреніп, үш тілде білім алып, 6-сыныпты бітіргенде, облыстағы үздік білім ошақтары – Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Білім-Инновация», «Дарын» мектеп-интернаттарына түсуге дайындау. Одан бөлек, мектепке келген оқушы азанда сабақ оқыса, түстен кейін 1 сағат таза ауада тынығып, кейін үй жұмысын орындайды. Сосын үйірмелерге қатысады. Бізде тәртіп темірдей қатал. Басымдық ағылшын тілі мен математика пәніне берілген, – дейді «А-Статус» мектеп-гимназиясының директоры Сағадат Искакова.

Ал жаңа оқу жылы басталғанда әр сынып өздері отырғызатын дәннің тұқымдарын бөліп алады екен. 1-6 сынып оқушыларының бірі қызанақ, бірі қияр, енді бірі аскөк сияқты дән-дақылдарды алып, сыныпта отырғызады. Оқушылар жеміс берген тұқымды мектеп-гимназиясының асханасына өткізіп, қалған өнімді өзара бөлісіп жейді. Аптасына бір рет болатын экология сабағында оқушылар қоршаған ортаның қыр-сырымен, оны қорғау үшін жасалынуы керек дүниелермен танысады. Еліміз бойынша тек экология сағаттары өтіп жатқанда, аталмыш мектеп-гимназиясында пән ретінде қолға алынған экология сабағының болашағы зор екені сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.