Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам

0 291

2025 жылдан бастап еліміз латын графикасына толық көшуі тиіс.

Аяулым БАҚЫТ

Осынау ұтымды ой – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарының бірі. Шаһарда бұл үрдіс кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асырылып, жаңашылдықты жалпақ жұртқа түсіндіру жұмыстары жалғасып, айтылған ұсыныс-тілектер де қаперге алынуда.
Қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болған «Латын әліпбиі – тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» атты акция сөзімізге дәлел. Абай атындағы орталықтандырылған кітапханада өткен берері мол жиында тіл мамандары «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның қызметкерлеріне жаңа жазу төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі елімізді рухани жаңғыртудың басты өзегі болмақ. Ағартушы, ғалым А.Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», – деген екен. Сондықтан тілдің басты таңбасы – жазу десек, әліпбиді таңдау – ұлт болашағын таңдау екені белгілі. Деректерге сүйенсек, дүние жүзінде ең ірі ауқатты экономикасы бар 30 мемлекеттің 22-сінде, ал 10 жетекші экономикасы бар мемлекеттің 7-інде, ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда ең жоғары деңгейдегі 20 аса қуатты елдердің 18-інде, бизнес жүргізуге қолайлы 30 мемлекеттің 25-інде латын қарпі пайдаланылады екен. Елбасы Ақордада мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, түрлі ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, белсенді талқылаудан кейін қайта дайындалған 32 әріптен тұратын жаңа әліпби нұсқасы көңілден шығатынын айтты. Жарлыққа қол қойып, ендігі жерде іске көшу керектігіне баса назар аударды. «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Сонымен бірге қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын әрі қарай жалғастыру қажет», – деді Елбасы. Айта кету керек, алдыңғы Парламенттік тыңдауда ұсынылған жобадан айырмашылығы – жаңа әліпбиде диграфтар қолданылмайды. «Бір таңба – бір дыбыс» қағидасына сүйенгені бізді қуантты. Ендігі міндет – халық арасында дұрыс түсіндіріп, ұғынықты жеткізу, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Назгүл Әбдікәрімова.
Сондай-ақ келелі кездесуде баяндама жасаған тіл маманы, педагогика ғылымдарының магистрі Балмира Мырзабаева түбі бір түркі тілдес халықтардың басым бөлігі латын қаріптерін қолданатынын айтып, тың бастама арқылы өз білімімізді ары қарай жетілдіруге болатындығын жеткізді. Сәйкесінше, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мамандары да бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін алға тартып, ойларын ортаға салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.