Қалалық қоғамдық-саяси газет

Туризм тазалықтан басталады

0 196

Әлемдік туризмнің бүгінгі тренді зау биік ғимараттар мен жылтыраған үйлер емес, кәдімгі тұмса табиғат екені белгілі. Осы бір ғаламдық үдерісті үздіксіз бақылап, отандық туризмді жоғары деңгейге көтеру бағытында шаһарымызда «Taraz gid» жастар туристік слеті өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Юрий ЕФИМОВ

Екі күнге созылған жиынды туризм саласындағы жастардың үлесін арттыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы, «Jastar Taraz» жастар ресурстық орталығы, «Жамбыл облысының альпинизм, радиобағдарлау және спорттық туризм федерациясы» қоғамдық бірлестігі, «Отан.И» туроператорлары бірлесе ұйымдастырды.
Өңірдегі ЖОО студенттері мен еліміздің әр түкпірінен келген экскурсоводтар, шетелдік блогерлер бас қосқан слеттің алғашқы күнінде Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының «Коворкинг» залында Тараздағы туризмнің ахуалы кеңінен сөз болды. Ашылу салтанатында туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова меймандарға Әулиеатаның туристік әлеуеті жөнінде мол ақпар берді.
Жасыратыны жоқ, Жамбыл облысында туризм саласын ілгерілететін ілкімді істер аз емес. Дегенмен үздіктер қатарына әзірге үздіге қарауға мәжбүрміз. Себебі бұл сала біздің өңірде әлі де тиянақты талдауды, тереңірек зерделеуді қажет етеді. Жиында аталған саланың қыр-сырын меңгеріп, өңір келбетін шетелдік меймандарға кеңінен таныстырып жүрген мамандар да сөз алды. Солардың бірі – облысқа белгілі туроператор Ілияс Отан.
– Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – жастарға туризмнің халықаралық трендтерін таныстыру. Мұнда 15-17 жастағы студенттер жиналды. Біздің өңірде экскурсоводтар, нұсқаушылар, гидтер жетіспейді. Сол себепті бүгінгі шарада саяхатшы блогерлер мен туроператорлар өздерінің тәжірибесімен кеңінен бөліспек. Осындай жиындардың нәтижесінде біз Таразда туристік клуб ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Ілияс Отан.
Соңғы кездері экологиялық туризм мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажеттілікке айналып барады. Бұған арнайы жол салынған, адамдар жиі баратын демалыс аймақтарындағы қоршаған ортаның хал-күйі анық дәлел бола алады. Көретініміз – күл-қоқыс, бөтелке, қалдықтардың үйіндісі, бос құтылар, пластикалық пакеттер. Мысалы, Жуалы ауданындағы Ақсу-Жабағылы қорығына апаратын Көксай шатқалына автокөлік жолы төселген соң, аймақ экологиялық апат зардабын тартуда. Шатқалдың бүгінгі келбеті көңілге қаяу түсіреді. Осындай тәртіпсіздікке байланысты «Almighty Ecoiogy» қоғамдық қорының басшысы Алмат Сатыбалдин табиғат аясында жиі демалатын әуесқойларға қызмет көрсетуде пайда әкелетін, бірақ өсімдіктер мен жануарлар әлеміне зиян келтірмейтін экологиялық туризмнің дамуы туралы айтып берді.
– Біз қай аймаққа, қандай әсем орынға барсақ та, ондағы бәз баяғы сұлулыққа қол салмай, керісінше, келеңсіз жайттарды түзеп кетуге тырысамыз. Әлеуметтік нысандар мен адам жиі бара бермейтін орындардағы тазалық – экотуризмнің негізгі бағыттарының бірі. Біз мұндай экологиялық саяхат кезінде тіпті сирек кездесетін жануарларды да жолықтырып жатамыз. Алайда адамдардың мұндай табиғат маржандарын сақтауға тырыспайтындары алаңдатады. Жастардың санасына экологиялық туризм терминін сіңдірудің маңызы осында, – дейді ол.
«Коворкинг» орталығына туристік операторлар ғана емес, шетелдік саяхатшы блогерлер де келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал слеттің екінші күнінде қатысушылар Жуалы ауданындағы «Берікқара» шатқалында болып, таулы жерді бағдарлаудан сабақ алды. Таудағы тамылжыған табиғат жас туристердің қызығушылығын арттырып, таза ауа тынысты кеңейтті. «Тау самалындағы» шеберлік сыныбын бүгінде Жамбылдың «қар барысы» атанып кеткен, 2002 жылы «По тропам поднебесья» фильмінің түсірілім тобымен оңтүстік-батыс Тянь-Шаньды жүріп өткен, КСРО-дағы барлық жеті мың шақырымдық биіктікті бағындырған Бақытжан Ташманбетов пен Вадим Ким жүргізді. Осындай тұлғалармен өткен мазмұнды шарадан соң, жастар арнайы сертификаттарға ие болды. Екі күндік еңбектің тамаша қорытындысы ретінде жас туристер жүргізілген шеберлік сыныптарынан соң бассейнге түсіп, экологиялық таза өнімдерді тұтынудың артықшылықтарын сезінді. Слет барысында жастар туризм жөнінде мол мағлұмат алып қана қоймай, саланы дамытуда туған өлке тарихын тереңірек танудың маңыздылығына да ден қойды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.