Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсылықтың жаршысы – «Jambyl TV»

0 275

Аймақтың ғана емес, еліміздің ақпарат айдынында өзіндік орнын қалыптастырған «Jambyl» телеарнасының құрылғанына бүгін – 1 қарашада тұп-тура 35 жыл толып отыр. Алғаш эфирге шыққан күнінен бері қалыптасудан бастап, жаңару мен жаңғыру, жаңашылдық пен жетістіктер жолымен жүріп келе жатқан телеарна бұл белеске зор табыспен жетуде. Заман ағымымен өркендеп келе жатқан «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Жамбыл облыстық филиалы бүгінде облыс жұртшылығын жаңа жобаларымен, жағымды жаңалықтарымен қуантуда. Аймақ айнасының тарихында аға буын ардагер журналистер еселі еңбегімен қалса, олардан үлгі алған телеөнердің марқасқалары бүгінде алдыңғы толқынның ізін жалғап келеді. Телевидение табалдырығын кеше аттаған жас тілшілердің де айтары, көрерменге жеткізері мол. Осы орайда біз көгілдір экран арқылы көрермен қауымның көзайымына айналған әріптестерімізді мерейтойларымен құттықтай барып, телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаевамен сұхбат құрған едік.

– Гүлбаршын Қайратқызы, «Jambyl» телеарнасының 35 жылдық мерейтойы құтты болсын! Осы ретте әңгімеміздің әлқиссасын телеарнаның құрылу тарихынан бастасақ…
– Терең тарихы мыңжылдықтар қойнауынан сыр шертетін Әулиеата өңірінде 1989 жылдың 1 қарашасында облыстық телерадиоарна өз жұмысын бастады. Бұл оқиға облыс жылнамасындағы жарқын беттердің бірі болды. Өйткені телеарна республика көлемінде 21 жыл үзілістен кейін электронды ақпарат кеңістігіне қосылған тұңғыш ұжым еді.
Алғашқы кездері телеарна эфирге аптасына екі-үш мәрте ғана шықты. Хабарлардың ұзақтығы 15-20 минуттан аспайтын. КСРО Телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті облыстық телехабарларға 40-45 минут уақыт беріп, соған ғана қаржы бөліп отырды. Бірінші кездері хабарлар жылжымалы телестанция арқылы таратылды. Көп ұзамай Жамбыл гидромелиоративтік инженерлік құрылыс институты күрделі жөндеуден өткізіліп, техникалық жарақтандырылған ғимараты телеарнаға басыбайлы берілді. Облыстың ақпарат кеңістігінде әр жылдары «ЖТД», «Қазақстан-Тараз» деп аталып келген телерадиоарнаға 2017 жылы ребрендинг жасалып, «Jambyl» атауымен айдарланды.
Осылайша 35 жылдан бері телеарна аймақтың мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосып келеді. Тәулігіне 14 сағат эфирдеміз. Арнадағы жаңалықтар мен хабарларда аймақ тынысы, сан саланың қыруар жұмысы қамтылады. Ауыл тіршілігі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шалғайдағы шаруа да телеарна эфирінде.
Қазіргі «Jambyl» телерадиоарнасы уақыт талабын тақымдап келеді. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының өзге филиалдары арасында Жамбыл филиалы шығармашылық жағынан да, қаржылық табысы жөнінен де үздіктер қатарында.
Телеарнамыздың таралу кеңістігі облыстың 99,3 пайызын қамтиды. Сондай-ақ «Қазтелерадио», «OTAU TV» және кабельдік телевидение операторлары арқылы республика көлеміне таралып отыр. Өзіндік өніміміз хабарлардың 70 пайыздан астам бөлігін құраса, қалғаны – фильм және басқа да өнімдер. Күнделікті таңертең 1,5 сағат «Рауан» ән-сазды бағдарламасы мен 3 мезгіл жаңалықтар қызметі тікелей эфирге шығады. Бұдан бөлек, аптасына 30-ға жуық хабар көрерменге жол тартады.
– Телеарна тізгінін қолыңызға алғалы 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында «Jambyl» телеарнасында қандай өзгерістер болды? Жарыққа шыққан жобалардың ішінен қайсыларын ерекше атап өтер едіңіз?
– Өздеріңіз білетіндей, «Jambyl» телеарнасы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына қарайды. Корпорация – 14 аймақтық филиал, 4 республикалық телеарна мен 4 радио және 23 интернет-порталды біріктіретін еліміздегі ең ірі медиақұрылым. Мен осы корпорация Жамбыл облыстық филиалының директоры қызметіне 2022 жылдың 28 қыркүйегі күні тағайындалдым.
Менің мұнда басшылыққа келгендегі ең басты мақсатым – өзім шыққан қара шаңыраққа тың серпіліс, жақсы жобалар әкелу, жұмысына жаңашылдық енгізу және жамбылдық тележурналистердің ұстаханасына айналған арнаның қаржылық жағдайын жақсарту болды. Себебі телевизия – журналистиканың қаржыны ең көп қажет ететін саласы. Қарапайым ғана мысал, біздің қолданыстағы түрлі құрылғылар мен қондырғыларды сатып алу, күтіп ұстау, студияларды безендіру секілді сансыз жұмысқа қыруар қаражат жұмсалады. Меніңше, осы 2 жылдан астам уақыт ішінде бұл мақсатымды толықтай орындай алдым. Өйткені 2022 жылдан бері жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыстың нәтижесінде, телеарнаның бюджеті 100 миллион теңгеге дейін өсті.
Жалпы телевидение көрермені үшін жұмыс істейді. Егер біз өзіміздің көзі қарақты көрерменімізге мазмұнды, сапалы жобалар ұсына алсақ, біздің жеткен жетістігіміз сол деп білемін. Мұндай жобалардың қатарында облысымыздағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып отырған «Aulieata-Media» холдингімен бірлесе ұйымдастырған «Қаламгер клубы» бағдарламасын айтуға болады. Онда өңірдегі мәдениет пен әдебиетте жүрген талантты тұлғалардың қатысуымен руханият тақырыбында түрлі мәселелер қозғалды, танымал азаматтардың өмір жолындағы қызықты кездері жайлы әңгімелер өрбіді.
Осы ретте «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығымен бірге көрерменге тарту еткен «Бақыт кілті» жобасын да атап өткім келеді. Қазақ келіндерінің бітім-болмысын боямасыз көрсету, ене мен келін арасындағы сыйластық, ер азаматқа құрмет сынды қазақ қызының бойында бар игі қасиеттерді көрсету, насихаттауға бағытталған бағдарламаның 22 саны халық назарына ұсынылды. Бір жылдан астам уақытқа созылған ауқымды жобаның қорытындысы «Енелер мен келіндер» форумында түйінделді.
Сондай-ақ құпиясын құм жасырған киелі Әулиеата өңірінің шежіресімен таныстыру мақсатында «Таразы» хабары жарыққа шықты. Белгілі тарихшы, ғалымдардың қатысуымен түсірілген «Таразыда» аймақтағы 12 көне қаланың тарихы мен тағылымы көрсетілді.
Тағы бір айта кетер жайт, біз хабарлар мен жобалардан бөлек, деректі фильмдер түсіру ісіне де бет бұрдық. Осы бағыттағы тынымсыз ізденістің нәтижесінде, Социалистік Еңбек Ері Дариха Жантоқова жайлы «Дариха» атты фильм түсірілді. Көрермендер жылы қабылдаған туындыда қаршадай қазақ қызының еселі еңбегі, өмір жолы жайлы баяндалады. Ал қазіргі таңда белгілі ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбеков жайлы деректі фильм дайындалуда. Бұл ойымызды жүзеге асыруға телеарнамыздың Алтын қорының көп көмегі тигенін айта кетуіміз қажет. Арнада бізге дейін жұмыс істеп, құнды мұраларды көзінің қарашығындай сақтап, жүйелеп кеткен аға-апаларымыздың арқасында ұзақ уақыт бойы жинақталған материалдарды пайдалану арқылы біз өткеннің бейнесін қайта қалпына келтіріп, жұртшылықтың жадында қайта жаңғыртатын сапалы дүние жасай алдық.
Жамбыл өңірінің өнерпаздарға бай мекен екені баршаға мәлім. Осыған орай жергілікті талант иелерінің, жалпы өнерпаздардың шығармашылығын жамбылдықтарға паш ету, ән мен жырға шөлдеген көрерменді саф өнермен сусындату үшін «Кеш жарық-2» атты хабар жарыққа шықты. Оның ерекшелігі сол – өткен ғасырдың 90-шы жылдары «Кеш жарық» атты бағдарлама республикалық арнадан берілетін еді. Жүргізушісі жерлесіміз, ақын, журналист Тынышбай Рақымов болатын. «Кеш жарық-2» ашылмас бұрын белгілі режиссер, Т.Рақымовтың ұлы Таңат Рақым телеарнамызға арнайы келіп, осы бағдарламаны қайта жандандыру туралы ұсынысын білдірді. Біз де оңтайлы ойға қолдауымызды көрсетіп, танымал хабардың екінші демін аштық деуге болады. Нәтижесінде, бағдарламада әр ауданның өнерпаздары өзара бақ сынасып, төл өнеріміз ұлықталған жоба көрермендер арасында үлкен қолдауға ие болды. Бұл бағдарлама қазір де эфирге шығарылып тұрады. Соңғы хабарында ақындар – Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Бабажанұлы қонақ болып, сырлы сұхбат құрдық.
Облысымызда ұлттық спорттың дамуына да көп көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Талай биікті бағындырған Бейбіт Ыстыбаев секілді балуанның, «Әулиеата» көкпар клубының бізден шығуы – осының айқын дәлелі. Аталар жолын жалғап, ұлттық құндылығымызды жастар арасында насихаттау мақсатында өткен маусымда «JasSAQ» этно-реалити жобасы қолға алынды. 10 бөлімнен тұратын бағдарлама Жамбыл телеарнасында жүргізілген тұңғыш реалити шоу болғанын айта кету керек.
Сонымен қатар 2023 жылдың басында телеарнада креативтік топ құрылды. Осылайша арна анимациялық контент жасауға назар аударып отыр. Аталған топ «Тараз», «Тектұрмас» сынды анимациялық бейнероликтермен қатар, түрлі каверлер, әлеуметтік роликтерді көрермен назарына ұсынып келеді.
Айта берер болсам, мұндай жарқын жобалар аз емес. Оны «Jambyl» арнасын үзбей көретін жамбылдықтар жақсы біледі деп ойлаймын.

– Келер уақытта телеарна өз көрермендерін қандай қызықты хабарлармен, байыпты бағдарламалармен қуантпақ? Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– 2023 жылы біз әлеуметтік зерттеу жүргізген едік. Оның аясында 2 мыңнан астам жерлесімізден онлайн сауалнама алынды. Осылайша біздің телеарнаны қай жас аралығындағы тұрғындар, қай уақытта көретінін және қай журналистің хабарын жиі тамашалайтынын бағамдадық. Нәтижесінде, көрермендердің көпшілігі 30 жастан жоғары азаматтар, басым бөлігі ауыл тұрғындары екені белгілі болды.
Осыны ескере отырып, біз жаңа маусымды жоспарлауға ерте бастан кірісіп кеттік. Нәтижесінде, биылғы маусымға біз 7 жаңа жоба ұсынып отырмыз. Олардың барлығы – осыған дейін болған жобалардан ерекше, бір-бірін қайталамайтын және белгілі бір аудиторияға бағытталған бағдарламалар.
Мәселен, «Қоғамдық талқылау» хабарында біз қоғамда болып жатқан мәселелерді өз студиямызда талқылауды көздеп отырмыз. Ал «Келіп, көр» туристік бағдарламасында туған жеріміздің тұмса табиғаты мен тарихи орындарын аралап, олар жайлы мол мағлұмат, қызықты деректер беру арқылы ішкі туризмді насихаттамақпыз. Келесі жобамыз «Біздің пікір» деп аталады. Ток-шоу форматында өтетін бағдарламада жүргізуші қонақтармен бірге ел ішіндегі түрлі түйткілдерді ой елегінен өткізіп, пікірлерін ортаға салады.
Ұлттық болмыс, ұрпақ тәрбиесі, кемел келешек қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейтіні белгілі. Осыған орай біз өңіріміздегі өнегелі отбасылардың, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды берік ұстанатын жанұялардың тұрмыс-тіршілігін өзгелерге насихат ету мақсатымен «Бақыт мекені» атты жобаны қолға алдық.
Ал түп қазығымыз – ауылдың боямасыз болмысын, күнделікті өмірін, жұпар ауасын, бозарып атқан таңы мен қызарып батқан күнін сағынған көрерменге «ДемАлыс» атты бағдарламаны дайындап отырмыз. Жобаны 2 жүргізуші қыз жүргізеді. Олар облысымыздың ауылдарын аралап, бірі сол елді мекеннің тарихымен, ол жер жайлы аңыз-әпсаналармен, ел ішіндегі өнерпаздармен, қолөнершілермен таныстырса, екіншісі қарапайым тұрғындармен бірге бір күнін өткізеді. Солармен бірге таңнан кешке дейінгі тіршілігіне қанығып, бірге еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік жағдайын бағамдайды.
Жуырда облысымызда идеологиялық кеңес құрылғаны белгілі. Сол кеңестің алғашқы отырысында зиялы қауым өкілдері Тараз қаласының аумағы үлкейіп, ауқымы кеңеюіне, жаңа алқаптар ашылып, көшелердің пайда болуына байланысты тұрғындарды шаһардағы мәдени-тарихи нысандар, көшеге есімі берілген кісілер, олардың өмір тарихы жайлы ақпарат беретін бағдарлама ашу туралы ұсыныс айтқан болатын. Осы идеяны басшылыққа ала отырып, жаңа маусымда тағы бір тың жоба бастап отырмыз. «По родному городу» деген атау алған бағдарлама әзірге орыс тілінде жарыққа шықпақ. Алдағы уақытта қазақ тіліндегі нұсқасын жүргізу де жоспарда бар.
Соңғы жылдардың көлемінде жамбылдық оқушылар халықаралық, республикалық білім олимпиадаларында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Қанша жылдан бері республикалық рейтингте көш бастап тұрғаны тағы бар. Алайда көпшілік қауым шетелдіктерді тәнті етіп келген білімді жеткіншектерді жете тани бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру, жұртшылықты білім саласының қол жеткізген биіктерімен таныстыру, өзге де балақайларға қатарластарының жеңістерін үлгі ету мақсатымен «Бұлақ көрсең…» деген хабар ашуды жөн деп санадық. Бағдарламада білім бәсекелерінде топ жарған балалардың жетістіктері, олардың өнертабыстары мен тәрбиелеген ұстаздары жайлы баяндалмақ.
– Журналистика саласында жүргеніңізге 20 жылға жуықтады. Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тумасымын. 2001 жылы сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Мекемтас Мырзахметұлы секілді мықты ұстаздан білім алу бақыты бұйырды. 2005 жылы 4-курста оқып жүрген кезімізде Мекемтас ағайымыз облыстық телеарнада дикторларға кастинг болып жатқанын, қатысып көруіміз керек екенін айтты. Тәуекелге бел буып, курстастарымызбен байқауда бақ сынап көру туралы шешім қабылдадық. Телеарнаның табалдырығын алғаш аттаған күнім әлі күнге дейін көз алдымда. Ол уақытта арнаның директоры ардагер журналист, ақылшы ағамыз Бекет Момынқұл болатын. Өзі бастаған шығармашылық кеңестің алдында берілген тапсырмаларын орындап, сынға түстік. Қазылар біздің сөйлеу мәнеріміз, сауаттылығымыз, камера алдында өзімізді ұстауымыз, келбетіміз секілді бірнеше критерий бойынша бағалады. Нәтижесінде, кеңес мүшелері менің дикцияма жоғары баға беріп, жұмысқа қабылдады.
Жалпы бұл салаға кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Себебі өзім ұстаздар отбасында дүниеге келгенмін. Кітап пен газетті жата-жастана оқып өстім десем, артық айтқаным болмас. Оның үстіне атам ауыз әдебиетінің білгірі еді. Батырлар жырын таңнан таңға жалғап айтуға дайын өте білімді азамат болатын. Сол кісінің берген тәрбиесінің арқасында біз де әдебиет әлеміне ерте ендік. Сөздік қорымыздың, әдебиет саласындағы біліміміздің қалыптасуына ол кісінің сіңірген еңбегі зор.
– Еңбек жолыңызда мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы да болдыңыз. Бүгінде біреулер баспасөз хатшыларын мемлекеттік қызметшілердің қатарына қосса, енді бірі журналист ретінде санайды. Сіздің ойыңызша, баспасөз хатшыларын осы екеуінің қайсысына жатқызғанымыз дұрыс?
– Телеарнаға жұмысқа қабылданған күннен 8 жыл табан аудармай тілшіліктен бастап, түрлі қызметтер атқардым. Алайда мұндағы жалақымның жоғары болғанына қарамастан, мемлекеттік қызметке бару туралы шешім қабылдадым. Өзім «өзеннің арғы бетін де, бергі бетін де көрген адаммын» деп үнемі айтып жүремін. Өйткені журналистикада да, мемлекеттік қызметте де еңбек етіп, екі жақтың қызығын да, қиыншылығын да бастан өткіздім. Бұл сала маған өте үлкен мектеп болды деп айта аламын.
Баспасөз хатшысының қызметіне келер болсақ, мен оларды журналистен гөрі мемлекеттік қызметші ретінде қабылдап, өзіндік орнын айқындау керек деп ойлаймын. Себебі олар бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беретіндіктен, жазу стилі өзгеше болады. Тарататын хабарламалары барынша дәйекті әрі нақты болуы қажет. Егер шұғыл жағдай орын алғанда, баспасөз хатшысының деректері кешігіп жатса, ақпараттық вакуум орнап, жалған хабарлар тарап кетуі мүмкін. Сондай-ақ хатшы тарапынан қате мәлімет берілсе, оқырман мен көрерменнің арасында ол мекеме жайлы бұрыс ой қалыптасады. Сондықтан да кез келген басшы мен ол басқаратын мекеменің абыройы баспасөз хатшысына тікелей байланысты.
Екіншіден, олардың жұмыс режимі мүлдем бөлек. Газет немесе телевидение қызметкерлері ақпарат алу үшін ел аралап жүрсе, хатшылардың жұмыс күні толықтай өзі қызмет ететін мекемеде өтеді. Былайша алғанда, өзге мемлекеттік қызметшілермен қатар, уақытпен санаспай жұмыс істейді. Сол себепті олар журналистен гөрі мемлекеттік қызметке бір табан жақын деп санаймын.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға облысымыздан шыққан белгілі азаматтардың телеарнаның мұрағатында сақталған бейнежазбаларын жариялап, кейбір оқырманыңыздың сағынышын оятсаңыз, енді бірінің көзден кетсе де, көңілінен кетпейтін жақындарымен қайта қауыштырып жүрсіз. Бұл телеарна жұмысына жұртшылықтың назарын аударудың жолы ма, әлде жеке бастамаңыз ба?
– «Jambyl» телеарнасының Алтын қоры өте қомақты. Онда облысымызға ғана емес, елімізге белгілі көптеген тұлғаның бейнелері, дауыстары сақталған. Мәселен, батыр Бауыржан Момышұлының, шындықтың шырақшысындай болған Шерхан Мұртазаның, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сұхбаттары қордың сөрелерінде тұр. Ендігі кезектегі біздің, кейінгі ұрпақтың мақсаты оларды дембіл-дембіл эфирден беріп, ұлт тарихындағы асыл азаматтардың атын, салиқалы сөздерін жұртшылық жадында жаңғырту болмақ.
Ал желідегі жарияланымдар туралы айтсам, бұл менің жұмыстан бос уақытта айналысатын жеке қызығушылығым десе де болады. Арнада журналист болып қызмет етіп жүргенде, жұмыс барысымен мұрағатқа талай жол түсті. Сол кездері сөрелерде тұрған ескі бейнекассеталардың ішінде не барын білу маған өте қызық болатын. Кейін директор болып тағайындалғаннан соң, жұмыстан тыс шақта әр таспаны жеке-жеке қарап шығуды әдетке айналдырдым. Қорда сақталған әр бейнежазбада бір адамның сағынышы, бір адамның қайта келмес жастығы, енді бірінің өшпес өнегесі бар. Сондықтан бұл, бір жағынан, мұрағатты қайта жүйелеп шығудың жолы болса, екінші тұрғыдан, өмірден өтіп кетсе де, таспа бетінде мәңгі жас бейнесі қалған арыстай азаматтарымыздың рухына тағзым ету.
– «Jambyl» телеарнасы республикалық корпорацияға қарайтынын айттыңыз. Ал жергілікті билік арнаға қандай да бір қолдау көрсетіп отыр ма?
– Біздің арна облысымызда мемлекеттік ақпараттық саясатты, Президенттің реформаларын, бастамаларын халыққа таныстырып, насихаттап отырғандықтан, жергілікті билікпен тығыз байланыс орнатылған. Тиісінше, ол тараптан қолдау да беріліп келеді. Мысалы, осы уақытқа дейін қызметкерлердің жылдық жалақы қоры, материалдық-техникалық базаны жаңарту, ғимаратты күрделу жөндеуден өткізу секілді мәселелер шешімін таппай келген еді. Қуанышымызға орай, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен, аудан әкімдіктерінің сеп болуымен бірнеше кабинет, ғимараттың кіреберісі мен аумағы жөнделіп, 35 жылдық мерейтойымыздың қарсаңында қалпына келтірілді. Келер жылы тағы бір бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Корпорация тарапынан соңғы 2 жылда қызметкерлердің жалақысы 60 пайызға көтерілсе, жергілікті билік оның үстіне тағы 15 пайыз үстеме қосып берді. Материалдық базамызды нығайтуға да жан-жақты демеу көрсетілуде. Осының барлығы өзара ынтымақтастық пен берік байланыс орнағанының белгісі деп айтуға болады.
– Телеарнаның 35 жылдық мерекесіне орай қандай ізгі тілек тілейсіз?
– Осыдан 35 жыл бұрын дүниеге келген сәби бүгінде бір әулетке тіреу болатын жігіт ағасы атанып отыр. Осы уақыт ішінде қаншама аға-әпкелеріміз «Jambyl» телеарнасының қалыптасу, өркендеу жолында еңбек етті. Олар арнамыздың тарихын жасады. Бүгінгі буынға азық болатын өлшеусіз мұра қалдырды. Бүгінгі таңда біз бұл жолда ерен еңбек сіңірген алдыңғы толқын ағалармен мақтанамыз, жастарға үлгі-өнеге етеміз. Қазіргі уақытта арна қызметкерлерінің сапында көптеген майталман журналистер олардың ізін басып, ісін жалғап келеді. Осы сәтті пайдалана отырып, осы күнге жетуіміз үшін аянбай тер төккен барша азаматтарға зор денсаулық, бірлік-береке, отбасыларына амандық тілеймін! Ал бұл тұлғалардың бастаған ісін ары қарай абыроймен жалғастыру бізге парыз болмақ!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.