Әулиеата өңірі қарымды қаламгерлерге кенде болып көрген емес. Билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген білікті журналистер баршылық. Алайда солардың арасында республикалық аймақтық ««SALYQ TÁRTIBI» газетінің директор-бас редакторы, Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, көптеген мерейтойлық медальдардың иегері, Қордай ауданының Құрметті азаматы Ғалым Қасабайдың шоқтығы биік. Саналы ғұмырының 30 жылдан астам уақытын қазақ баспасөзіне арнаған Ғалым Иенбергенұлы күні кеше 63 жасқа толды. Осыған орай, қарымды қаламгерді қуанышымен құттықтай барып, редактордың өмір жолы, бүгінгі журналистика мен оның келешегі төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Ғалым Иенбергенұлы, Пайғамбар жасы – 63 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Осы орайда әңгімеміздің әлқиссасын балалық шақ, туып-өскен ортаңыздан бастасақ… Бала Ғалым қандай еді?
– Мен 1961 жылы 4 тамызда Қордай ауданы, Қызылсай ауылында зиялы отбасында дүниеге келдім. Әкем Иенберген саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз еді. Сексен жастан асып, дүниеден озды. Анам Сағымбүбі – денсаулық сақтау саласының ардагері. Фельдшер-дәрігер қызметін атқарып, Қызылсай ауылындағы және іргелес жатқан елді мекендердегі талай нәрестеге «кіндік шеше» болған, өзі де үш ұл, екі қызды өмірге алып келген ардақты ана. Арғы атам Қасабай құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Аңшылықтан оралған сәттерінде олжасын ауылдастарына бөліп беретін жомарттығы өз алдына бір төбе. Ашаршылық жылдарында ауылдастарын аң аулап жүріп асыраған. Соғыс кезінде майдандағы жауынгерлерді етпен қамтамасыз етуге де өз үлесін қосқан. Ал өз атам Сексен Ұлы Отан соғысына аттанып, кейін денсаулығының жарамсыздығына байланысты елге қайтып оралады. Сонда Қасабай бабамның адам емдейтін де қасиеті болса керек, ұлын қауіпті кеселден өзі емдеп жазып алыпты. Соның арқасында Сексен атам құлан-таза айығып, туған ауылының экономикасын арттыруға атсалысып, ерен еңбек сіңірді.
Жалпы туған жерім Қызылсай – екі-ақ көшеден тұратын аядай ғана ауыл. Екі көшенің ортасын сай бөліп, сол сайдан сарқыраған таудың суы ағып жатыр. Ол жердің Қызылсай деп аталуының өз тарихы бар. Сонау өткен ғасырдың 16-шы жылдарындағы ақтар мен қызылдардың соғысында қызылдардан қашып бара жатқан ақтың жендеттері ауыл тұрғындарын жас демей, кәрі демей қырып салуға көшеді. Сонда Қасабай атам ақтың солдаттарын бірінен кейін бірін сұлатып, ауыл адамдарын түгелдей қырылып кетуден аман алып қалған. Осылайша кезінде «Жандысай» аталатын өзеннен қызыл қан аққандықтан, «Қызылсай» аталып кетіпті. Міне, осы ауылдың топырағында аунап, ауасын жұтып, суын іштім. Сондағы 8 жылдық мектептің табалдырығын аттап, кейін Ауқатты ауылындағы орта мектепте (бұрынғы Кишмиши орта мектебі) білімімді жалғастырдым. Мұның бәрі «Аманатқа адалдық» атты кітабымда егжей-тегжейлі жазылған.
– Биылғы тағы бір мерейлі белесіңіз – редактор қызметін атқарып келе жатқаныңызға 30 жыл толып отыр. Журналистика саласына қалай келдіңіз? Сөз өнеріне деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Жалпы осы салада жүріп көңіліңізге не түйдіңіз?
– Өзім мектепті жақсы оқыдым, аттестатымда бірде-бір «3» деген баға болған жоқ. Әсіресе гуманитарлық пәндерге жүйрік едім. Содан мектепте оқып жүргенде, бірнеше мақалам аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде жарық көрді. Бұл – менің өмірімдегі ең қуанышты сәттердің бірі. Орта мектепті тәмамдаған соң, бірден арман қуып Алматыға кетіп, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) «Журналистика» факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Алайда шамалы ұпай жетпей қалып, сол жылы оқуға түсе алмадым. Содан амал нешік, ауылға қайтып, «Коммунистический» колхозындағы жездемнің қол астына шопанның көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Бұл менің еңбек майданында шынығуыма зор септігін тигізді. Келер жылы оқуға түсуге қайтадан талаптанып, дайындық бөліміне қабылдандым. Университет қабырғасында Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Қоянбек Ахметов, Намазалы Омашев, Рахым Сатаев, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі секілді ұлт мақтаныштарының дәрісін тыңдап, тәлім-тәрбиесіне қанықтым. Ол кезде білімнің жүйелі болғаны соншалық, алғашқы сабақ алфавитті жатқа айтудан басталатын. Мектеп кезінен қазақ тіліне жетік болғандықтан, сабақ барысында үнемі белсенділік танытып, ұстаздармен пікір таластыратын да кезім аз болған жоқ. Әсіресе Қадыр Мырза Әлінің дәрістері өте қызық өтетін. Әр сабағында түрлі мысалдарды, әңгімелерді келтіріп, шәкірттерін бір сәтке де жалықтырмайтын. Ең ерекшелігі, бір әңгімесі екіншісіне мүлде ұқсамаушы еді. Ол кезде жоғары оқу орнын тәмамдаған студенттерді жұмысқа арнайы жолдамамен жіберетін. Мен университетті жақсы бағамен аяқтаған соң, «еркін диплом» берді. Яғни қайда жұмысқа орналасқым келсе де өз еркім. Содан деканымыз Темірбек Қожакеев Мемлекеттік комитеттің «Телерадио хабар тарату» мекемесіне баруды ұсынды. Мекеме басшысы Мадрид Рысбеков жылы шыраймен қарсы алып, сол жерде тілшілік тіршілігім басталды. Алайда жатын орын, жайлы жағдай дұрыс болмаған соң, туған жеріме бет түзедім. Осындағы аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне тілші болып орналасып, көп ұзамай бөлім басшысы қызметіне тағайындалдым. Журналистиканың әртүрлі жанрында қалам тербеп, әсіресе қазір ұмытыла бастаған фельетон жазуға ден қойдым. Ол заманда газетке шыққан сын мақала аудандық партия комитеті бюросының күн тәртібіне шығарылып, олқылыққа жол берген колхоз-совхоз төрағасы мен директоры, кәсіпорын, мекеме басшысы партиялық жауапкершілікке тартылатын. Соның арқасында талай кемшіліктің түзетілуіне септігімді тигізіп, өзекті мәселелердің оңынан шешілуіне қаламның күшімен ықпал еттім. Арада біраз уақыт өткен соң, тоқсаныншы жылдардың басында Тараз қаласына қоныс аударып, Жамбыл жеңіл тамақ өнеркәсібі институтының «Қазақ тілі» бөлімінің меңгерушілігіне қабылдандым. Осында жүріп алғаш рет институттың фольклорлық ансамблін құрдым. Ол кезде ансамбльге қажетті аспаптарға қол жеткізу үшін кемі 3 жыл кезекте тұруың керек. Ал мен Алматыдағы таныстарым, дос-жарандарым арқылы аз уақытта ансамбльді керекті аспаптармен қамтамасыз еттім. Бұдан кейін Жамбыл гидромелиоративті институтының «Гидротехник» газетіне редактор болып тағайындалдым. Мұнда институттың іс-қағаздарын түгелдей қазақшалап, аудармасын дұрыстадым. Баршаға мәлім, ол кезде еліміз егемендігін алып, жекешелендіру жұмысы қарқын алып жатқан кез еді. Жаңадан қабылданған Салық кодексінің талаптарын қайта ұйымдастырыла бастаған жеке шаруашылық құрылымдарының басшыларына, жекешеге өтіп жатқан басқа да мекеме, кәсіпорын жетекшілеріне, әрбір салық төлеушіге жете түсіндірудің қажеттілігі туды. Осы мақсатта «Салық саласының өз төл басылымы болу керек» деген ұсыныс-пікірімді облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісовке айтып едім, ол кісі бірден қолдап, жаңа газетті жарыққа шығарудың қамына кірісіп кеттік. Ақпарат министрлігінен тіркеуден өтіп, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында алғашқы саны 10 мың таралыммен оқырманға жол тартты. Салық жүйесінің талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газеті елеулі рөл атқарды. Оның әр тарауын, әр бабын оқырманға түсіндіруде салық басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлерінен бөлек, қаржы саласының тәжірибелі қаржыгерлері де тартылды. Облыстық, қалалық және аудандық салық құрылымдарының қызметкерлері басылым бетінен жиі орын алып, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кеңінен материалдар жарияланды. Кәсіпкерлер тарапынан газетке деген қызығушылық артып, басылымның таралымы жыл сайын арта түсті. Соның нәтижесінде газет тек облыс шеңберімен ғана шектелмей, Түркістан, Алматы өңірі мен қаласы, Жетісу және Қызылорда облыстарына да кеңінен таралып, аймақтық сипат алды. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындалып, басылымның көкжиегі кеңейді.
Содан бері міне, 30 жылдан астам уақыт зулап өте шығыпты. Қазір заман сұранысына орай, «SALYQ TÁRTІBІ» газеті тәуелсіз басылым ретінде өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі күні таралымы 15 мыңға жетті. Тараз қаласының орталығындағы үш қабатты өзіміздің ғимаратта редакциямыз орналасқан. Газетіміз де өзіміздің баспаханамызда теріліп, беттеліп, басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етуде.
– Біраз жыл облысымыздың ата басылымы – «Ақ жол» газетін басқардыңыз. Сол жылдары басылымда ешқандай қаржылық мәселе туындамағанын, сіздің басшылығыңызбен тілшілер қауымы қаржылық қиындықтар көрмегенін газетте жұмыс істеп жүрген азаматтар бүгінгі күнге дейін айтып жүр. Алайда қазір басылымдардың бәрін тендерге телміртіп қойғаны жасырын емес. «Бұл, бір жағынан, журналистердің кеңінен көсіліп жазуына мүмкіндік бермей жатыр» деген пікір де жиі айтылады. Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай оңтайлы шешкен дұрыс?
– Журналистік еңбек жолымның 3 жылын облыстық «Ақ жол» газетіне арнадым. Ол кезде тілшілердің әлеуметтік жағдайы төмен еді. Бас редактор қызметіне кіріскен соң, бірден осы мәселені сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа жеткіздім. Қанат Алдабергенұлы мен ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қолдау танытты. Соның арқасында басылым қызметкерлерінің айлық жалақысы 3 есеге дейін артты. Барлық журналистер заманауи компьютерлермен қамтамасыз етілді. Тіпті пәтер жалдап келген ұжым мүшелеріне редакция бюджетінен ссуда беріп, баспаналы болуларына күш салдық. Басылымның жазылымы артты. Жеке сатылымға шығаруды ісі де жолға қойылды. Соның нәтижесінде, «Ақ жолдың» таралымы 20 мыңнан асып жығылды. Ата басылымның 90 жылдық торқалы тойын да сән-салтанатымен айрықша атап өттік. Соған орай, редакцияға 3 бірдей су жаңа қызметтік көлік те берілді. Әрине, мұның бәрі жалғыз менің емес, сол кезде қолдау танытқан басшылардың, ауызбіршілікте жұмыс істеген әріптестерімнің арқасы.
Өзің жоғарыда айтқандай, қазір газет-журналдарды қаржыландыру мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асатыны жасырын емес. Бұл, бір жағынан, тәуелсіз басылымдарға өте тиімді. Өйткені журналистердің өзекті мәселелерді көтеріп, әр саладағы кем-кетіктерді бүкпесіз жазуына жол ашады. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Мәселен, бүгінгі күні мемлекеттің үлесі бар газеттер тендерлік тапсырысқа байланған. Салдарынан олардың көпшілігі мақаланың сапасы мен мазмұнына емес, саны мен көлеміне ғана мән береді. Дайын баяндамалардың сәл өңін өзгертіп, газетке жариялау – журналистика емес. Бұл өз кезегінде газеттерге деген оқырманның сұранысын азайтып, болашағын бұлыңғыр етуде. Оның үстіне қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонға телміретін заман келді. Ғаламторда жарияланған ақпараттың рас-өтірігін ешкім тексермейді. Осы жағдай да өскелең ұрпақтың газеттен қол үзіп, таным-түсінігінің тарылуына әкеліп соқтыруда. Жалпы газетті өміршең ету – өзіміздің қолымызда. Ол үшін басылымның әр санында өзекті мәселелерді қозғаған, салмағы басым кем дегенде бір материал жарық көруі қажет. Өкінішке орай, кей әріптестеріміз көзбен көргенін сол күйінде ғана жазумен шектеліп жатыр. Ал оның нәтижесі қалай болды, өзі не түйді, ол жағына көп бойлай бермейді. Шыны керек, қырағы көз редакторлардың да қатары қазір сиреді. Мұның барлығы газеттердің сұранысына тікелей әсер етуде.
– Республикалық «SALYQ TÁRTІBІ» газетінен бөлек, бірнеше аудандық газеттің құрылтайшысысыз. Қазір «Жекеге өткен басылымдарды мемлекет меншігіне қайтару керек» деген ұсыныстар жиі көтеріліп жүр. Бүгінде аудандық газеттердің ахуалы қандай? Жекеге өткен басылымдарды мемлекет меншігіне қайтару туралы бастамаға көзқарасыңыз қалай?
– Керісінше, өз басым газет-журналдарды мемлекет меншігінен алып, жеке қолға беруді құптаймын. Себебі тәуелсіз басылымдардың көбеюі сөз бостандығының орнығуына ықпал етеді. Сол арқылы бәсекелестік пайда болады. Ал бәсекелестік артса, сапа да жоғарылайды. Мемлекеттен қаржы алып отырған басылым биліктегі кем-кетіктерге көз жұма қарайды. Бір сөзбен айтқанда, су ішкен құдығына түкірмейді. Сондықтан газеттің бет санын көбейтіп, тапсырысты ғана орындау басылымды өшірмесе, өсірмейді.
– Жуырда Мемлекет басшысы «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Аталған құжаттан көпшіліктің күткені көп еді. Сіздің ойыңызша, журналистика саласын биікке көтеріп, қаламгерлердің мәртебесін қалай арттыруға болады?
– Журналистердің мәртебесі ең әуелі олардың материалдық жағдайына келіп тіреледі. Өйткені сананы қашанда тұрмыс билейді. Еліміздің алғашқы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының кезінде газет-журналдарды мемлекеттің қаржысынан алыстатып, дербестік әперу бастамасы қолға алынды. Әрине, бұл іс жүзінде дұрыс идея болғанымен, оның кесірі журналистерге тиіп жатыр. Соның кесірінен тілшілер не мемлекеттік, не бюджеттік қызметкерлердің санатына кірмей қалды. Еш санатқа жатпаған соң, баспана кезегі секілді көптеген әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып жатыр. Ал жекеменшік ұйым ретінде де коммерциялық іс-әрекеттерді орындай алмайсың, тек газет шығарумен ғана шектелесің. Осындай кері факторлар өте көп. Ақпараттық саясат ақыры солай болғандықтан, әр редакция соған қарай бейімделіп, өз пайдасына жұмыс істеуі керек. Қаржыны тиімді жұмсап, қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын өздері жақсартуға күш салудан басқа амалдары жоқ. Осы орайда айта кетерлігі, қазіргі таңда облысымызда «Әулиеата жастары» бағдарламасы арқылы баспана бақытына кенеліп жатқан журналистердің қатары артып келеді. Бұл өте құптарлық іс. Сол үшін қол қусырып қарап отырмай, тиімді тетіктерді қарастырып, жүзеге асыра берген жөн деп санаймын.
– Қазір таяқ тастасаң, блогерге тиетін уақыт. Оларды бірі «бопсалаушы» ретінде көрсе, тағы бір журналист ретінде санайды. Сіздің пікіріңізше, блогер деген кім және бүгінгі қоғамға ол қаншалықты қажет?
– Менің пайымымда блогерлік дегеніміз – тек ақша табудың жаңаша тәсілі. Оларды журналистермен байланыстырмай, екеуінің аражігін айқындап алу қажет. Кәсіби журналист әрбір деректің ақиқатына көз жеткізіп, содан соң барып оқырманға ұсынады. Ал блогерлердің қаралымын арттыру үшін біреудің жеке басына өтіп кететін кездері де аз емес. Әрі олардың жазған екі ауыз сөйлемінде қатеден көз сүрінеді. Олар осы арқылы жастарды сауатсыздыққа, дарақы күлкіге тәрбиелеп жатқандарын ойламайды. Өскелең буынның жеңіл дүниеге құмартып жүргендерінің де бір себебі осында жатыр. Сондықтан блогерлердің бүгінгі қоғамға мүлде қажеті жоқ.
– Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, жұбайыңызбен бақытты ғұмыр кешіп отырсыз. «Адам баласы ұрпағымен көрікті» дейді ғой. Сұхбатымыздың соңында үлгілі отбасыңыз жайлы әңгімелей кетсеңіз…
– Құдай қосқан жұбайым Жібек – білім саласының ардагері. Екеуміз 3 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп өсірдік. Қыздарымның барлығы өз теңдерін тауып, бір-бір үйдің түтінін түзу ұшырып отыр. Ұлым Олжас әке жолын жалғап, журналистика саласына қадам басты. Еңбегі мен қарым-қабілетінің арқасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталып, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, мұның барлығы саналы тәрбие бергеніміздің арқасы шығар деп ойлаймын.
– Уақыт бөліп, пайымды пікір, орамды ойларыңызбен бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай