Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мені қошеметке бөлеп жүрген еліме ризашылығым шексіз!»

0 1  243

Үміт Битенованың есімі Жамбыл жұртшылығына ғана емес, жалпақ елге жақсы таныс. Үшаралдан түлеп ұшқан ару бүгінде Алашты мойындатқан арқалы ақынға айналды. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, «Білім беру ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері атанған қаламгермен туған күні қарсаңында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Үміт Қыранқызы, асқаралы 60 жасыңыз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіздің туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ…

– Рақмет! Кіндік қаным Меркіде тамғанымен, үш-төрт жасымнан Талас ауданындағы Үшарал топырағында өніп-өстім. Алдымда үлкен әпкем мен екі ағам, менен кейін екі інім болса да, неге екенін қайдам, мұғалім болып қызмет істейтін әкем балаларының бел ортасындағы мені ғана орыс тілді балабақшаға беріп, мені ғана мектепте орысша оқытпаққа дайындады. Мектеп табалдырығын аттағанда, бірінші орыс сыныбына барғаным сондықтан.
1948-49 жылдары қазіргі Т.Рысқұлов ауданындағы «№97 жылқы зауытының» «Национальная средняя школасында» оқыған төртінші, бесінші сыныптарындағы фотосуреттері күні бүгінге дейін жоғалмаған, сырнайда шебер ойнап, домбыра мен балалайкада Құрманғазының «Балбырауынын» керемет орындайтын, бірнеше тілде нақышына келтіріп ән сала алатын жезтаңдай әнші, мекеме-мекемелердің ресми маңдайшаларында міндетті түрде ілініп тұруы тиіс күн көсем Лениннің бейнесін майлы бояумен айнытпай салатын қылқалам шебері, табанда тауып айтар шешендігі бар суырыпсалма ақын» деп көзін көргендер «Қыран десе, қыран еді» десіп күні бүгінге дейін тамсанып еске алып отыратын менің әкем Қыран өзінің заманына лайық романтик болған сияқты. Алты баласының да есімін өзі қойыпты. Біз «Лора» деп атап кеткен Лорихан әпкемнің де, марқұм Марат ағамның да аты – әкем өзі сүйіп оқыған ағылшын-француз әдебиеті кейіпкерлерінің есімдері. Одан кейінгі Марлен ағам болса, коммунизм ілімінің іргетасын қалаушы Карл Маркс пен оның идеясын жүзеге асырушы Владимир Лениннің қысқартылған есімдерінің иесі.
Ұлу жылының қаһарлы қысында уақытынан ерте толғатқан анам мені Меркі кентінің перзентханасында жеті айлық қылып өмірге әкелген кез арқырап тұрған ақпанның төрті екен. Әкем ауылда болмай, сапарлап кеткен. Анамның әскери борышын өтеуге кетіп бара жатқан бозбала бір қайнысы: «Жеңеше, қыз тусаңыз, атын «Сәуле» деп қойыңызшы», – деп өтініп жүреді екен. Сол күйде мені «Сәуле» деп атап кетеді. Араға бірер күн салып, оралған әкем «есімі – Үміт» деп жазғызып, менің туу туралы куәлігімді әкеліп тұр дейді. «Өзі жақсы көрген бір сұлуының аты Үміт етін», – деп күле де күрсіне еске алып отыратын бұл туралы анам.
Отыз үш жасында қайтыс болып кеткен әкетайымның бауырларынан қалған бала-шағалар, туған-туыстарым өмір сүріп жатқан Меркі, Құлан өңіріне бүйрегім бұрып тұрады. Ал ес білгелі аунап-қунап өскен Үшаралым – ешқандай жұмаққа айырбасталмайтын атамекен ауылым.

– Шымкент пединститутының қабырғасында жүріп-ақ Алаш жұртына әсем әндер сыйладыңыз. Бүгінгі қазақ эстрадасына көзқарасыңыз қалай?

– Жастайымнан іштей өзімді-өзім қайрап, өзімді-өзім қамшылап, алға жетелеп, арманға ұмтылып өскендіктен, уақыт мені бұл кезде өзінің ауыры мен жеңіліне, ағы мен қарасына, ыстығы мен суығына бейімделген, майлық-сулығы бірдей пендеге айналдырған.
Шыдамсыз едім – шыдауды үйрендім,
Сүрінсем сұраусыз едім –
құлауды үйрендім,
Көрсетпей жылаушы едім –
көрсетіп жылауды үйрендім,
Сынбаған, шытынамаған, қылаусыз едім –
жамап-жасқап құрауды үйрендім.
Өмір бәрін үйретті.

Үйретті.
Бірақ көнгім келмейді;
Сенімдерімді күйретті –
бірақ сенгім келмейді;
Іздегенге – ілік,
ілінгенге түйме етті –
болғым келмейді;
Сайтандарымды сыйлы етті,
тойған қарынды билетті –
көргім келмейді.
Бірақ қайда қашам,
Қайда барам?!.

Осы топырақтан жаралдым,
Осы топыраққа айналам
Қайтадан!.. – деймін мен бір өлеңімде.
Дегенмен қазіргі заман эстрадасына самарқаулық танытпаймын. Аса ұстамдылықпен, салқынқанды қараймын. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Сауатты-сауатсыз шығармаларды тарих көші өзі-ақ елеп-екшейді. Өлімсіреген әнсымақтар болса, аз күн дәурен сүріп, сосын өшіп қалады. Өміршең өлеңдер өнер сүйер қауым жүрегінен мәңгі орын алады. Қазір авторы жоқ көптеген халық әндерінің құндылығы да осында.

– Оқуды аяқтаған соң, ұстаздық ұлы қызметті өскен ауылыңыз Үшаралдан бастапсыз. Бұл салаға бет бұруыңызға не себеп болды?

– Балдырған шақта мұғалім боламын деп мақсат қоймағанмын. Енді ойлап отырсам, мамандықты таңдауда қателеспеппін. Мен болмысымнан мұғалім болып туыппын. Бұл күнде басқа салада қызмет атқарып жүрсем де, ғұмыр бойы жан-жағымды, қоршаған ортамды, үлкен мен кішіні жақсы тәрбие мен білімге үгіттеп, дұрыс өмір сүруге насихаттап келе жатыр екенмін.
Орта мектепті таза «беспен» бітіріп, аттестатымды алған соң, ҚазМУ-дың юрфагы мен журфагын армандап, қайда барарымды білмей дағдарғаным есімде. Анашым мені Талас аудандық атқару комитетінің хатшысына ертіп апарды. Хатшы әкемнің курстасы болған Бекзада Оразбекова деген апай еді. «Ептеп өлең жазатын ақындығың бар, Шымкентте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін дайындайтын бөлім ашылды, соған бағыңды сынап көр», – деді ол кісі. Филологияның ақындыққа не қатысы барын түсінбесем де, Бекзат апайдың ақылын алып, емтихандардан сүрінбей өтіп, оқуға түсіп кеттім. Кейінірек ағылшын тілі пәнінің екі жылдық кешкі ақылы курсын да қосымша оқып алдым. Одан бөлек екі жыл бойы оқу бағдарламамызға кірген медицина сабағының мемлекеттік емтиханын жақсы бағаға тапсырған мен сияқты студенттерге медбикелік куәлік те берілді. Филология факультетінің деканы Әмір Мұсақұлов ағайым жоғары стипендиямен, үздік оқып жүргенімде институтта қалып, аспирантурада ғылым жолын жалғастыруымды ұсынып, сөйлескені бар. Мен жалғызілікті анамды ойлап, ауылға қайтатынымды айттым.
Бірақ алғашқы жылы ауылда орын болмай, көрші ауылда, Талас ауданындағы қазіргі Қызыләуіт елді мекенінде еңбек жолымды бастадым. 36 сағат жүктемемен екі ауысымда 4-10 сынып арасындағы оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ бердім. Онымен тынбай, Ильич атындағы орта мектептің барлық әдеби-мәдени шараларын ұйымдастырамын. Өткізілген іс-шараларды жарқыратып жазамын, ол мақалаларымды аудандық, облыстық, республикалық газеттер жарқ еткізіп шығарады. Қызыләуіттің көсем атындағы мектебінің аты сол бір жылда қатты дүрілдегені сонша, келесі жаңа оқу жылына қаратпай, Ділдакүл Қабылбекова деген өзімнің ауылымның мектебінің директоры мені аудандық білім бөлімінен қоярда-қоймай сұрап жүріп, Үшаралға ауыстырып алды. Бірден директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Міне, солай ауылдан басталып Қаратау қаласындағы білім саласына ұштасқан педагогтық қызметке жиырма жылымды арнаппын. Дипломдық мамандығыма адал болдым. ҚР Білім беру ісінің үздігімін.

– Сіз мектеп-лицей директорлығынан өз еркіңізбен кетіпсіз. Бір сұхбатыңызда: «Білім министрі болсам, салада қордаланған 30 жылдан бергі қателіктерді өзгертер едім», – депсіз. Сіздің ойыңызша, білім саласына бүгінгі күні қандай өзгерістер қажет?

– Иә, зор абыройға бөлеген директорлық лауазымды жазушының қарапайым қаламына ойланбай алмастырған адаммын. Директорлықты маған өзі сеніп тапсырған Талас ауданының сол кездегі әкімі Батырбек Құлекеев екі жылға жуық басқарған мектебімнен «мені босатыңыз, шығармашылықпен айналысайын» деген өтінішімді бірнеше ай бойы қанағаттандырмай, әрең дегенде келіскен. Осы жөнінде Батырбек ағаның өзі күліп айтатын бір жайт бар. Қайбір жылдары ауданның білім бөліміне қарасты 30-35 мекеменің ішіндегі он бірінің басшылары құжаттарындағы заңсыздықтардың кесірінен қатал жазаға тартылатын болыпты. Дереу жиылып, «Ойбай, не істесек жанымыз қалады?» деп әкімнен қолдау күтіп, көмек сұрап барған ғой. «Еркек емессіңдер ме?! Қыз баласы Үміт құрлы бола алмадыңдар, бәрің креслоларыңа жабысып, айырылып қалудан қорқасыңдар», – депті сонда Батырбек Әбдірәсілұлы.
Мен директорлықты тастаған жылы жер дауы ушығып, Иманғали Тасмағамбетов те Үкіметтегі қызметінен өз еркімен кеткені есімде. Айтайын дегенім, білім саласында ғана емес, еліміздегі бүкіл экономикалық-әлеуметтік саланың бәрі дерлік былыққа батып жатқан кез еді ол шақ. Тойымсыз тоғышарлар көбейген. Жұртқа жаны ашитындар теперіш көрген. Патриотизмді парықсыздық, парасаттылықты пайымсыздық жаулаған шақ еді. Соның бәрін көзің көріп отырып, қалай жаның жай таппақ?!
Тәуелсіздік алғалы бері бұрынғы барынан түгел жұрдай болған білім саласы әлі де әлжуаз адамдай аяғынан тік тұра алмай, оңала алмай келеді. Мұғалімдер де, оқушылар да, білім бағдарламалары да эксперименттен көз ашқан жоқ. Баласының тәрбиесіздігін отбасындағы өздерінен емес, педагогтардан көретін ата-аналар азаймайынша, мұғалім мәртебесі де өз деңгейіне көтерілмейді. Ата-ана жауапкершілігі туралы талап күшеймей тұр. ҰБТ деген нәрсе өзін әлі күнге дейін дұрыс ақтаған жоқ. Шығарма, мазмұндама, диктантты ажырата алмайтын, мейлі қай тілде – ана тілі, орыс тілі, шет тілдерінде болсын, көркем жазу үлгісін сақтап жаза алмайтын, калькулятор пайдаланбаса, қосу мен алуды, бөлу мен көбейтуді біле бермейтін баладан қандай болашақ күтеміз?.. Мұғалімдерді де мәртебелі етеміз деп көп нәрседен оқшаулап қойдық. Мектеп пен үйінің арасын ғана жол қылатын, қоршаған ортадан, қоғамнан тыс жүріп жатқан олардың қаншасы өзінің оқулығынан басқа кітап оқып, газет-журналдарды жаздыртып алады екен деп ойлаймын кейде. Бәрінен ұлық саналатын ұстаздар қауымы қоғамда да зиялылық атқарса екен деп армандаймын. Баланы телефонға телмірген тәуелділіктен қалай құтқарамыз деген мәселе де күн тәртібінен түспеуге тиіс. Ол үшін білім саласына тұрақтылық керек. Жылға жетпей желкесі қиылатын жобалар емес, жылдардан жылдарға жалғасатын жүйелі жұмыстар қажет.

– Бір жылдары Талас аудандық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Халық қалаулысы ретінде қандай түйіндерді тарқатуға түрткі болдыңыз? Сөзіңіз өтпей, айтылған мәселелер діттеген жеріне жетпей қалған сәттер болды ма?

– Депутаттық маған таңсық емес. Ең алғаш 25 жасымда, Талас аудандық кеңесінің 1989-94 жылдардағы депутаты болғанмын. 2021 жылы жетінші шақырылған Талас аудандық мәслихатының депутаттығына сайландым. Аудандық мәслихатта аудан ауқымындағы мәселелер қаралады. Дегенмен менің жұмысымның жарнамасы, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарымның әсерінен мені кейбір желі қолданушылар Парламенттегі халық қалаулысы деп қалғандарын жеткізгені бар. Обалы не, сөзім кез келген жерге өтеді. Алайда сөз көп, іс аз. Сондықтан уақытымды босқа шығын қылмайын деп былтырғы сайлауға қатысудан бас тарттым.

– Ендігі әңгімені шығармашылығыңызға бұрсақ… Сіз бірнеше кітаптың авторысыз. Әдебиет әлеміне сізді қандай күш жетеледі?

– Жұматайжан, өзің де ақынсың, мені мазалайтын тылсым күш сенің де бойыңда бар. Тұрмысқа шыққан соң, өлеңді, өнерді тастауым керек дегенмін. Сөйтіп, енем мен күйеуімнің, мектеп жасындағы қайныларымның қабағына қарауды, отбасымды бірінші орынға қойдым. Бірақ тыныштық таппадым. Іштей тұншықсам да, жылдарымның күйбең күндерге жұтылғанына қазір өкінбеймін. Бәріне шүкіршілік етемін.

– Үкілі домбыраңызды қолыңызға алып, айтыс ақыны ретінде де жыр сайысына түстіңіз. Бұрынғы мен қазіргі айтыста қандай айырмашылық бар?

– Айырма жер мен көктей. Біз қиып салып айтысатынбыз. Арасында шабыт буып, төкпелетіп алсақ та, қарсыласымызбен қысқа, бірақ нұсқа шумақтармен сөз қағыстыруға тырысатынбыз. Көрермен де сонда жалықпайды. Оны түре айтыс дейді. Ал қазіргілерде «заготовка» басым. Алдын ала дайындап, сөз жұптап келген ақындардың ұзынсонарға созылатын бұл айтысын сүре айтыс деуге болатын шығар.

– Жазба жырдың жүйрігі, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлымен де айтысқан екенсіз. Сол туралы кеңінен айтып берсеңіз…

– 1991 жыл. Сәуір айының соңғы екі күнінде Меркіде ұйымдастырылатын Сыпатай Әлібекұлының 210 жылдығына арналған облыстық айтысқа шақырылдым. Ол кездегі айтыс деген сол төңірекке үлкен бір мереке болатын. Таразда жүрген Маралтай сол шараға достарымен ілесіп кездейсоқ барып қалады. Далада үш-төрт адамды ұршықтай үйіріп алып, ортасында өлеңін күшене оқып тұрған жас бозбаланы мен де қызыға тыңдадым. Сыртынан атына қанық Маралтайды бірінші рет бетпе-бет көргенім де осы еді. Екі қолын кезек-кезек сермеп, жалынды жырларының бірінен соң бірін екпіндете төккен Маралтайдың стилін өзімше ақын Мұхтар Шахановқа ұқсатқаным есімде. Артынша айтыс басталды. Бірінші күн. Ұлттық киімімізді киініп, сахнаға шығар алдымызда ғана кім мен кімнің айтысатыны мәлім болды. Қасындағылары Маралтайды да қайрап-қайрап айтыстың додасына қосып жіберіпті. Екеуміз айтыстық. Айтысқа алғаш рет шыққалы тұрған оған қарағанда, мен тәжірибелімін. Облыстық айтыстың бірнеше мәрте жеңімпазымын. Тартысты өткен екеуміздің айтысымызда бірнеше ұпай айырмамен мен жеңдім. Ертеңгі ақтық финалға шықтым. Осы дүбірлі дода туралы облыстық «Ақ жол» газеті өзінің 1 мамыр күнгі санында көлемді материал жариялады. Журналист Болат Мәуленов жазған сол мақалада «Таластық Үміт Битенова да бұрынғы жорғасынан жаңылмағанын, тәжірибесі толыға түскенін дәлелдейді» деп мен жайлы, «Алғаш қосылған Маралтай, Мәдина, Марат Нұрахановтар – осы айтыс ашқан жаңалықтар. Маралтай студент болса, қалған екеуі оқушы» деп Маралтай бауырым жайлы жазылған жолдар бар.

– Бүгінгі қазақ журналистикасына көңіліңіз тола ма?

– Толады. Бүгінгі журналистерге өз талант-қырларын жарқырата ашып көрсетуге мүмкіндік көп. Қоғам да ашық. Технология да жаңа. Бір ғана қарның ашатыны, бұрынғы кездегі журналистердің, жалпы қаламгерлердің беделі зор болатын. Қаламақысы да мол болатын. Қазіргі журналистер заманауи, алайда еңбекақылары мардымсыз.

– Сіз елімізге танымал актерлармен бірге «Мәңгілік қоштасу» деген фильмге түсіпсіз. Аталған киноға қалай шақырылдыңыз, түсірілім алаңында қандай қызықты сәттер болды?

– Мен «Мәңгілік қоштасудан» бұрын «Тағдыр тартысы» сериясының «Пәтер үшін талас» атты фильміне де түскенмін. Қысқа метражды бұл сериалдарды алматылық «5-студия» атты түсірілім тобы Толқын Сейдоллақызының продюсерлігімен түсірген. «Пәтер үшін талас» фильмінде Жамбыл облыстық драма театрының ардагер әртісі Мәкен Райсханова жас, шайпау келіннің төсек тартып, қоларбаға таңылған мүсәпір енесінің рөлін ойнайды. Мен сол кемпірдің жанашыр сіңлісінің рөлін сомдадым. Сол фильмді түсіріп жатқан уақыт ораза кезі еді. Операторлардың, режиссерлердің және менің де аузым ораза. Күні бойы киноға түсеміз де, кешке қарай ғана ауыз ашамыз. Сондай ауызашар мен сәресінің бірінде әңгімелесіп отырғанда киноны түсірушілер менің жай қарапайым адам екенімді, кәсіби әртіс емес екенімді естіп таң қалғаны бар. «Фейсбук» арқылы мені іздеп тауып, осы фильмге түсуге шақырғанда, олар мені де Жамбыл облыстық драма театрының белді әртісі деп танып, кәсіби актрисаны тауып, шақырдық деп ойлапты. Бірер жылдан соң екінші фильмге түсуге ұсыныс білдірді. «Мәңгілік қоштасуда» Жамбыл облыстық драма теарының ардагері Асқарбек Сейілхан аға екеуміз бала сүйе алмай жүретін ерлі-зайыпты жастардың қарт әке-шешесі болып ойнадық. Содан бері кездесіп қалған жерде Асқарбек ағам менімен: «Кемпірім-ау, хал қалай? Ерболың ренжітіп жүрген жоқ па?», – деп қалжыңдай амандасады.

– Сіздерді барша Жамбыл жұрты үлгілі отбасы ретінде жақсы таниды. Осы орайда жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз болса…

– Жастар шын махаббаттың, нағыз махаббаттың болатынына, қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік сезімнің қазіргі заманда анық бар екеніне кәміл сенулері керек. Мына нарықтық дәуірде олар прагмат болғандарымен, сезім тақырыбында аздап романтик болса, жар таңдауда еш қателеспейді. Әрине, сабырлылық – басты қағида. Бұл ретте ұлдар кішкентайынан өздерінің болашақ әке екенін, қыздар кішкентайынан өздерінің болашақ ана екенін сезініп өсулері керек. Сонда олардан да тәлімді ұрпақ өрбіп, тарайтын болады.

– «60 – талтүс» дейді халқымыз. Бүгінгі жеткен биігіңізден артқа көз салсаңыз, өміріңізде нені өзгертіп, нені қалдырар едіңіз?

– «Мен өзімнің қай жерде кемшілігімнің барын және қай жерде артықшылығымның барын білемін» дейді Мұқағали. «Мені ешкім қолымнан жетектеген де жоқ, ешкім қолымнан қаққан да жоқ» дейді Қадыр Мырза-Әли. Менің де айтарым – осы. Жаратқан Ием ғайыптан тайып мені дүниеге әкелдіртіп, қайтадан туғызса да, осы өмірді сүрген болар едім. Табиғатымның қалауы – сол. Мені қошеметке бөлеп жүрген еліме ризашылығым шексіз! Хал-қадірім келгенше мен де сүйікті Отаныма қызмет ете бергім келеді. Аман болайық.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.