Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа кодекс – әлеуметтік саясатты жүзеге асыратын құжат

0 1  199

1 шілдеден бастап жүзеге асырылатын Әлеуметтік кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі. Бұл ретте қолданыстағы «Халықты жұмыспен қамту туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы», «Мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы» және өзге де Қазақстан Республикасының заңдары күшін жояды.

Отбасының цифрлық картасы не береді?

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Әлеуметтік кодекс талабы – отбасының цифрлық картасын енгізу және азаматтардың қажеттіліктері негізінде проактивті мемлекеттік қызметтерге көшу. Яғни ешқандай мемлекеттік органға бармай, СМС-хабарлама негізінде төлемақы төленеді. Сол арқылы мемлекеттік аппараттың қызметі азаматтарға қызметтерді проактивті көрсетуге бағытталуы және халықтың мұқтаждарына қарай қайта қалыпталуы.
Біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады.

Жұмыспен қамту мәселесі кодексте қарастырылған ба?

Әлеуметтік кодексте 3 бағыт бойынша жаңа жұмыс тәсілдерін енгізу көзделген. Біріншісі – икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін, соның ішінде платформалар арқылы жұмысқа тартуды формальды жұмыс деп тану қарастырылды. Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдау көрсетуді қарастырады.
Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын еңбек шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер енгізілген.
Айта кететін бір жайт, енгізілетін оңтайлы режимдер бүгінгі «тәуелсіз жұмыскерлерден» қосымша тіркелуді қажет етпейді және оларға қосымша қаржылай жүктеме болмайды. Аударылатын жарналар олардың бүгінгі платформа операторларына аударып жүрген төлемдік пайыздарының есебінен жүргізіледі.
Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Бүгінгі таңда дипломның болуы жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі бола алмайтынын мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибе болғанын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болып отыр. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл негізінен еліміздегі жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жұмысқа қабылдауда қолданып жүрген еңбек өтілінің міндеттілігі жөніндегі шектеулерді қысқарту мақсатында қарастырылған.
Үшіншісі – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары. Бүгінде азаматтардың жұмыс іздеуі, жұмыссыз ретінде тіркелуі, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру үдерістері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексте халықты жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау қарастырылған.

Жұмысқа жарамды азаматтарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Атаулы әлеуметтік көмек өзара жауапкершілік негізінде жұмысқа жарамды азаматтары бар отбасылар үшін беріледі. Сондықтан тұрғылықты жерінде жұмыс істеуі үшін, біріншіден, мемлекет тарапынан субсидияланатын жастар практикасынан бастап қоғамдық жұмысқа дейін бос жұмыс орындары ұсынылады. Аталған бағдарламаға қатысушылардың айлық жалақысы 30 АЕК құрайды. Екіншіден, 2023 жылдың наурызынан бастап жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен шағын несие беруге құжаттарды қабылдау басталды. 2023 жылы бұл шараға 515 млн теңге бөлініп, оны 103 жас азаматқа берілу жоспарлануда. Үшіншіден, 2020 жылдан бері әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Былтыр оны 439 азамат алып, өз кәсіптерін бастады. Ағымдағы жылы мемлекеттік қайтарымсыз грантқа бекітілген жоспар саны – 183. Бұл жоспарды орындау барысы 4 лектен тұрады. Жыл басынан 2 лек бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 1 488 үміткер өтінім білдірді. 91 үміткердің бизнес жоспарына мемлекеттік қайтарымсыз грант тағайындалды.
Сонымен қатар еңбек нарығында технологиялардың қарқынды дамуының нәтижесінде икемді жұмыспен қамтудың жаңа формалары пайда болды. Икемді жұмыспен қамтудың нысандарын заңнамалық түрде реттеу мақсатында Әлеуметтік кодекс аясында келесідей режимдер енгізіледі:
– бірлескен жұмыс – бір жұмыс функциясын бірлесіп орындау үшін жұмыс берушінің бірнеше (әдетте екі) жұмысшыны қабылдауы;
– жылжымалы жұмыс кестесі – аптаның кез келген күндерінде жұмыс кестесінің әртүрлі ұзақтығымен жұмыс;
– төрт күндік жұмыс аптасы тараптардың келісімі бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасына ауысу құқығымен;
– платформалық жұмыспен қамту – бұл негізгі және қосымша жұмыспен қамтудың рөлін атқара алатын қарқынды дамып келе жатқан икемді жұмыс форматы.
Платформалық жұмыспен қамтуды толыққанды енгізу үшін екі кезеңде жұмыс атқарылуда. Бірінші кезеңде 2023 жылдан бастап платформалық жұмыспен қамтудың тараптарын айқындайтын тұжырымдамалық аппарат енгізіледі. Ол интернет-платформалардың операторларын, тапсырыс беруші мен орындаушыны, сондай-ақ олардың өзара қарым-қатынасының тәртібімен және интернет-платформалар арқылы жұмысқа орналасқан адамдарды әлеуметтік және зейнетақы жүйесіне тартуды анықтайды.
Платформалық жұмыспен қамту тараптарының өзара қарым-қатынасында еңбек қатынастарының белгілері болған жағдайда, Еңбек кодексіне осы санаттағы қызметкерлердің жұмыс ерекшеліктеріне жұмыс уақытының режимі мен есебін, демалысын және т.б. есепке алуды реттейтін жаңа бап енгізіледі.
Екінші кезеңде интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылған тұлғаларға 2025 жылдан бастап әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі шеңберінде оңайлатылған салық режимі енгізіліп, қолданыстағы әлеуметтік сақтау жүйелеріне тарту жұмыстары жүргізілуде (МӘСҚ, БЖЗҚ, МӘМС және т.б. әлеуметтік төлемдер).
Икемді жұмыспен қамтудың нысандарын ресімдеу жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, еңбек ұтқырлығын арттыруға, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік қызмет жүйесінде қандай жаңалықтар енгізілген?

Жаңа Кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау көзделіп отыр. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдардың отбасы мүшелері әлеуметтік қызмет саласына тартылады. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық құралдар классификаторы қайта қарастырылады. Әлеуметтік қызметкерді таңдау мүмкіндігі ұсынылып, Әлеуметтік қызметтер порталының мәселелері жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, Әлеуметтік кодекс – әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін жасалған маңызды құжат.

Гауһар ОЛЖАБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.