Ата Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. «Оның басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген мағынасы мызғымас сөзді кіргізген.
Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл жайт қазіргі таңда көкейкесті мәселелердің біріне айналып отыр. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын баланың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жыл сайын жаз басталып, оқушылар, студенттер демалысқа шыққанда, жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын сауық орындарында және 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз, заңды өкілсіз жүруге тыйым салынған.
Білім алушылар демалысқа шығып, колледж сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар демалыс кезде көп тіркеледі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап, ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, колледжден бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Сонымен қатар әр азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан – өзіне жүктелген міндетін орындау. Заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайтынын жас ұрпаққа үнемі түсін- діру – баршамыздың міндетіміз.
Ұлбике ЖҰМАДІЛОВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының
ОӘБ және құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары