Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бюрократтармен алысып, бұқараның шотын шаптым»

0 488

Үміт Битенованың есімі Жамбыл жұртшылығына жақсы таныс. Бір кездері Таластан түлеп ұшқан ару бүгінде Алашты мойындатқан арқалы ақынға айналды. Өзі өскен өлкеден жырақтамай-ақ өміршең өлеңдер тудырып, қаламының қуатын күллі қазаққа паш етіп келеді. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, «Білім беру ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері атанған қаламгермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Үміт Қыранқызы, өзіңізді өнер сүйер жұртшылық ақын, сазгер ретінде таниды. Кітаптарыңызды айтпағанда, қаншама танымал туындының авторысыз. Аманғали Сыпабеков, Ғаділбек Жанай, Роза Әлқожа мен Еркін Нұржановтардың репертуарындағы «Мені ойлап қам жемеші, мама», «Қыздар-ай», «Сен мені сағынбайсың ба?», «Аққанат көбелек, аппақ қар» атты хит әндеріңіз ел аузында. Сондай-ақ Талас аудандық мәслихатының да депутатысыз. Саясат пен шығармашылықты қалай теңдей ұстап жүрсіз?

– Әдетте қаламгерлер, жалпы шығармашылық адамдары өздерін саясаттан тыс ұстауға тырысады. Онысы дұрыс та. Бойындағы Құдай дарытқан қабілеті дарынды жандарды қоршаған ортасынан оқшауланып өмір сүруге мәжбүрлейді. Жеті қат көктегі тылсыммен үнсіз тілдесу, ғарышпен ғайыптан байланыс орнату көбінесе жаны үнемі оңашалықты қалайтын сондай тұлғаларға тән.
Мен де осындай тылсым жайттарды жиі бастан кештім. Әйткенмен білім, кейін мәдениет саласында қызмет етіп жүрсем де, өзімді қоршаған ортамнан мүлде қол үзе алмадым. Қоғамдағы түйткілдер өзегіңде түйіліп тұрып алса, қалай тыныш ұйықтайсың? Қолында билігі бардан қағажу көрген адам қолында қаламы ғана бар сенен көмек сұрап келсе, қалай бас тартпақсың? Осылайша бюрократтармен алысып, бұқараның шотын шаптым, әлеуеті әлсіздерге болысам деп «адвокаттық» та атқардым. Мен, байқап отырсам, әуел бастан-ақ халық қалаулысының міндетін орындап жүріппін. Сөз жәрдемім тиген қарапайым көпшілік маған өз таңдауын баяғыда-ақ жасап қойыпты. Өйткені мен «сайлауға түсемін», «депутат боламын» деп ешқашан ойлаған емеспін. Мақсат та еткенім жоқ. Алайда елімізде, тәуелсіз Қазақстанның тарихында 2020 жылғы күзде алғаш рет ұйымдастырылған праймериздің ауданымызда өз деңгейінде өтуіне партияның адал сарбазы ретінде атсалысам деп үлес қосып жүріп, ішкіпартиялық іріктеуден жоғары ұпай жинаппын. Артынша өткен мәслихат сайлауының нәтижесінде қолыма депутаттық мандат тиді. Осы жерде бір қызық нәрсені айтайын. «Фейсбук», «Инстаграм», «Твиттер» сынды әлеуметтік желідегі белсенділігім соншалықты, республиканың түкпір-түкпіріндегі желі қолданушы оқырмандарым сайлауда жеңіске жеткен мына мені қуана құттықтасып жатып, «Өй, сізді Парламент сайлауына түскен екен десек» деп аудандық мәслихатқа депутат болғандығымды қораш көргендерін де өздерінің парақшамдағы пікірлерінде жасырмай жеткізді. Ал мен үшін халық қалаулысының үлкені-кішісінің, жоғары-төменінің айырмашылығы жоқ. Себебі жауапкершілік жүгі бәріне бірдей салмақ. «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт», – деген Міржақып Дулатұлы «Учредительное собрание» атты мақаласында. Мен осы принципке сүйенемін. Сондықтан саясат пен шығармашылықты тең ұстау маған қиын емес. Бұл аз ұйықтайтын, ойы сергек, бойы бойкүйездіктен, санасы самарқаулықтан ада кез келген адамның қолынан келеді.

– Аудандық мәслихаттың депутаты болған уақыттан бері қандай бастамалар көтеріп, нендей мәселелердің шешілуіне ықпал еттіңіз?

– Сырт көзге басқа деңгейлі қалаулылармен салыстырғанда аудан депутатының рөлі мардымсыз секілді көрінеді. Дегенмен өз рөлін көтеріп, мәртебесін биіктету халық қалаулысының өзіне байланысты. Ол үшін ол қолындағы мандатының құзыретін адал әрі қапысыз қолдана білуі тиіс.
Менің көптеген республикалық, халықаралық, облыстық масштабтағы одақтар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, қауымдастықтардың, комиссиялардың белді мүшесі екенім сіздерге аян. Қоғамдық негіздегі, яғни ақы төленбейтін, қайта біразына өзім мүшелік жарна төлейтін мұндай жұмыстарым бастан асады. Қабілет-қарымым жетіп тұрғандықтан, ол жұмыстардың ешқайсысының жауапкершілігінен басымды алып қашқан емеспін. Оған және Талас аудандық мәслихатының депутаттығы қосылды. Депутаттық маған таңсық емес. 25 жасымда, 1989-94 жылдары Талас аудандық Советінің депутаты болғанмын. Орыс тілді «Мәскеу» телеарнасының өзін теледидарлардан анда-санда көретін ауылым Үшаралға, мерзімді басылым газет беттеріне ұсыныс-талабымды мақала қылып жариялай жүріп, мәселе етіп көтеруімнің арқасында ретранслятор орнатқызып, тұрғындардың ана тілді «Алматы» арнасын да қызықтап, тамашалауларына қол жеткізген күндеріміз сол елдің есінде сақтаулы, тарих жадында қаттаулы. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі соңғы жетінші шақырылған Талас аудандық мәслихаты депутаттарының алдында моноқала Қаратау мен он шақты ауыл, елді мекендерді өркендету, халық тұрмысын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, мәдениет пен білім және денсаулық, халыққа қызмет көрсету сынды салалардың жұмыстарын дұрыс жолға қою мәселесі ең бірінші орында тұрды. Бұл бағытта партияның «Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы» шешуші рөл атқарды. Әрбір облысты, тіпті ауылды елеусіз қалдырмаған Жол картасы сайлауалды бағдарламаның 4 бағыты бойынша республика көлемінде 362 іс-шараны қамтыған болатын. Жылдарға бөлініп белгіленген және қаржылық тұрғыдан бекітілген аталған жұмыстардың біздің Талас ауданына да шарапаты тиюде. Одан бөлек, аудандағы электр жүйесі, пошта байланысы, телекоммуникация торабы, газ шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандағы «Игілік» көпсалалы коммуналдық мекемесі секілді халыққа коммуналдық-тұтыну қызметін көрсетіп отырған мекемелердің жұмысы үнемі назарымызда. Сондай-ақ аудан бойынша аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегін көрсету қағидасының бұзылмауы, әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жәрдемақы бөлу ережелерінің мүлтіксіз орындалуына қырағылық таны-ту – міндетіміз. Елімізде жыл сайынғы реформалардан көз ашпаған білім және денсаулық сақтау салаларындағы проблемалар біздің ауданымызда да жетіп артылады. Не керек, жоғары палатадағы Парламент мінберінен сөз сөйлеп, заң шығару органында отырмаса да, аудан депутаты үшін бас қатырар шаруа шаш етектен. Халық қалаулысы ретінде жеке өз басыма келсем, қабылдауыма жазылып, алдыма келген әрбір сайлаушымның ғана емес, қол созуымды сұраған кез келген азаматтың өтінішін хал-қадірімше жерде қалдырмауға тырысамын. Әрі бұл ісім нәтижесіз емес.

– Сізді жастар саясатының да ортасынан жиі көреміз. Жуырда ғана «Әулиеата үміті» бағдарламасымен баспаналы болған отбасын алғашқы болып қоныс тойымен құттықтап, шашу шашып барған да өзіңіз болдыңыз. Аталған бағдарламаның комиссия құрамында болғандығыңыз белгілі. Сіздіңше, «Әулиеата үміті» жастардың үмітін ақтай алды ма? Жеңімпаздарды анықтау барысында әділдіктің туы қаншалықты желбіреді?

– Рас, облыстағы жастар саясаты мәселелері басқармасымен тығыз байланыстамын. Аға буын өкілі ретінде жас толқынға ақыл-кеңесімді аямаймын. Олардың әр басқан қадамын қадағалап отырамын, жақсы істерін бағалаймын, жетістіктеріне қуанамын. Содан шығар, өңір жастары да менің көмегіме көп жүгінеді. Мүмкіндік болса, кейінгі ұрпақтың қажетіне жарағанға не жетсін?! Облысымызда биыл жеңілдікпен үй алуға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылды. Өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларды қолдау мақсатында қолға алынған бағдарлама Тараз қалалық және аудандық жастар істері жөніндегі, облыстық қоғамдық кеңесте, жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралып, мақұлданған. Еліміз бойынша «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» секілді мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардан бөлек, бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы жоба болмағанын ескерсек, бұл – маңызы бар үлкен қадам. Бағдарламаның толық ережесімен арнайы сайттан танысуға болады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, журналистика салаларын қамтыған бұл бағдарламаға биыл барлығы 690 жас қатысып, 71-і өтінім берудің соңғы күніне дейін қайтарылып алынған. 619 өтінім комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 54 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-на жолдама берілді. Ал банк тарапынан 21 адамның өтініші расталып, оның 5-і баспаналы болды. 13 қатысушының өтінімі төлем қабілеттілігі расталмағандықтан кері қайтарылса, бір қатысушы несие алудан бас тартқан. Қалған 19 үміткердің өтінімі банк қарауында тұр. Сондай-ақ тағы 13 үміткер резервтік тізімге енгізілген. Біздерге, аталған бағдарламаға қатысушылардың өтінімдерін қарау және бағалау комиссиясының мүшелеріне салса, жоғарыдағы талаптанған үміткер жас отбасылардың ешқайсысын құр алақан қалдырғымыз жоқ. Алайда банк пен облыс әкімдігінің арасындағы келісімшарт негізінде дүниеге келген бағдарламаның заңдастырылып бекітілген өз регламенті, ережесі бар. Жеңімпаздарды анықтауда осы талап қатаң ескерілуі тиіс. Біз әлдебір үміткер туралы мәліметпен толық танысып, жағдайына алаңдап, жұмсақтық танытып, қанша бүйрегіміз бұрып, жолдама бергенімізбен, банктен өтініші мақұлданып, құжаты өтпесе, қайран жоқ. Алғаш рет жүзеге асырылып жатқан жоба ғой, жоғарыдағы жастарымыздың аздап болса да баспанаға қолдары жетіп жатқанына шүкір дейміз.

– Таяуда жаңа кітабыңыз мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Жалпы биылғы жыл шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

– Бұл кітап – алдымен 2019 жылы банктен бес жылға несие алып, өзім шығартқан кітабым. Әлі біраз жылға дейін төлеймін. Былтыр осы «Балабақшадан басталған» атты мемуар кітабым көркем әдебиет саласы бойынша интернет-ресурс пайдаланушы оқырмандардың ең жоғары бағасына ие болған етін.
Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару тәртібінің үдесінен шыққан осы кітап қоғамдық маңызы бар әдебиет ретінде көркемдік құндылығының болуы, сондай-ақ өзектілігі, орындылығы тұрғысынан барынша зерделейтін сарапшылардың қарауынан өтіп, Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысын алыпты.
Енді міне, жуырда сол аталмыш мемуарым ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің жүзеге асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша баспадан жарық көрді.
Жиырма баспа табақтан тұратын көлемді шығармам – кеңестік кезеңнің 60-80-ші жылдарын қамтитын, ауыл қызының ауыр тағдыры туралы 3 бөлімді деректі-хронологиялық мемуар.
Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясында жазушы Молдахмет Қаназов: «Стилінде сөйлеп тұрған детальдары, әдемі бір иірімдері бар, аздап көркемдік бояу жағылып, реңк берілген», – деп бағалаған автобиографиялық кітапқа алғы сөз ретінде филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың рецензиясы енгізілген. Алматыдан 3 мың данамен шығып, енді республиканың түкпір-түкпіріне тарап жатқан кітабым – мен үшін, әлбетте, әдебиет саласындағы үлкен жетістік.
Екі-үш жыл бұрын пандемияның зардабынан денсаулықтың қадірін түсіндік. Қаңтар қасіретінен кейін бейбіт өмірдің қадірін ұқтық. Онсыз да әр күн, әр сәтті бос өткізбеуге тырысатын, уақыттың алтынға бергісіз құнын білетін жанмын. Еліміздегі биылғы жаңалықтар, саяси-әлеуметтік өзгерістер қоғамның қым-қуыт өміріне етене араласып кеткен мені кейде шығармашылық жұмыстарымнан алшақтатып жіберетіні де бар. Бірақ көкірекке толып, көкейде лықсып жиналған сезім сыртқа әйтеуір бір жарып шықпай қоймайды. Анда-санда болса да шығармашылық адамы екенімді есіме салып қояды. Бірде өлең болып өріліп, бірде сөз бен саз болып төгіліп, қаламымның ұшын қайрап тұрады. Осы тұрғыдан, биылғы жыл өз басым үшін жеміссіз болған жоқ. Жаңа Қазақстанның келер жылдарының жағымды әсері де мол болатынына сенемін.

– Абзал ана, аяулы жар, талантты ақын және халық қалаулысы ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселелер қатты толғандырады?

– Мені ғана емес, қоғамымызда бүкіл үлкен-кішіні толғандыратын мәселелер қордаланып тұр. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық,идеологиялық мәселелер. Тек «әр нәрсе өз уақытында» деген. Әрбір қазақ баласы үшін ұлттық мүддеден жоғары ештеңе болмауы керек. Ал ұлттық мүддеге қарсы келетін жағдаяттардың барлығы – менің жан дертім. Шешімі табылғанға дейін күн тәртібінен түсіртпей, күнде қозғап отыруға бармын. Бұл – біздің бүгініміз және болашағымыз үшін қажет әрекет. Шетелдің өркениетін игереміз деп өзіміздің көркем ниетімізді жоғалтпауымыз керек.
Мені ойландыратын ең үлкен түйт- кіл – біздің өткенімізден от алмай, күл ғана алғымыз келетін ұшқарылығымыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Бабаларымыз біртұтас ел болып, Еуразия төрінде даңқты шежіресін ат тұяғымен жазған, Алтын орда мен Қазақ хандығы сияқты мемлекеттер құрған. Сондай-ақ халқымыз ел басына күн туған күрделі сәттерде азаттығы үшін арпалысты. Әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың және ұлт қайраткерлерінің ерлігі – осының айқын көрінісі». Бірақ қандай жағдайды бастан кешпесін, елдің елдігі, ердің ерлігі сақталды. Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірі қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдеді. Ал А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, С.Сәдуақасовтар Алаш туы астында күш біріктіруге шақырды. Бұдан бөлек, халқымыздың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1932 жылғы ашаршылық, 37-38-жылдардағы репрессия, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысынан шеккен ауыр зардаптары қалай ұмытылмақ?
Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылы қазақ жеріне тасталған атом сынағы. Аяулы Отанымыз Қазақстан – ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел.
Сондықтан бізде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бұрқ ете қалуы бұлжымас заңдылық еді. Іле-шала басқа одақтастарымызда да жалғасын тапқан дүмпулердің ақыры КСРО-ның күйреуіне әкеп соқты. Осылай 3 ғасыр бойы патшалық құрған Ресей империясының мұрагері, 70 жыл бойы желкені керілген Кеңес Одағының 1991 жылы желкесі қиылды. Бүтін бір қоғамдық формацияның іргетасы іріп, қабырғасы қақырап, төбесі ортасына ойылып түсті.
Бодандықтан арылып, бодаудан бөлініп қалған біздің қазағымыз жалғызсыраған жоқ, жылдам етек-жеңін жиып, еңсесін тіктеуге ұмтылды.
Міне, осы кезеңнен бергі уақыт-тар – егемендігіміздің айқын куәсі, тәуелсіздігіміздің жарқын мысалы.
Биылғы жылдың жаңалықтарынан бастау алған Жаңа Қазақстан дәуірі өткен 30 жылдағы өмірін өз жадынан өшіріп тастай алмайды. Өйткені ол жақсы болсын, жаман болсын тарих. Ол дәуірді қалай десек те, біз қазақстандықтар бәріміз бірге сүрдік. Өз қолымызды өз ауызымызға жеткізген теңдесі жоқ тәуелсіздік – Тәңірден келген сый. Ал Тәңір сыйын аялай білу – барша адам баласына парыз.

– Әркім шабытты әрқалай түсінеді. Сіз шабытты қайдан аласыз және туындыларыңызды қай кезде жазасыз?

– Жастық шақта жалынын алып-ұштырған ол шабытыңыз жүйрік жылдардың жалына жабысып, жарысқан иесімен бірге ептеп егделенгенмен, шау тарта қоймайтын көрінеді. Күй талғамайды, күн демей, түн демей, жаз демей, қыс демей, көңіл әйнегін қағып, жүрек көзінен сығалай береді. Сөйте тұра, шабытты еш жерден алам деп ала алмайсыз. Оны сіздің тұла бойыңызда айналаңыздың жағымды-жағымсыз ықпалы тудырады. Күндізгі қарбалас жұмыс көбінесе қол байлайды. Жазуға ел аяғы басылып, жұрт тыныш ұйқыға кеткен сәтте отырғанды ұнатамын.Солай таң атқанша өз ойыңа өзің би, өзің қожасың.

– Келер жылы алдыңызға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Жалпы «мен сөйтем», «мен бүйтем» деп алдын ала жар салғанды жақтырмаймын. Арық айтып, семіз шыққан жақсы. Халқыммен бірге біте қайнасып, Отаныммен бірге өрісті өркендеп келе жатқандықтан, мұратым асыл. Әрине, мақсатым биік, арманым асқақ. Сөзімді мына бір өлең жолдарымен түйіндесем деймін:
Жан-тәніммен сүйген оңы-терісін,
Осы елімнен артық ел жоқ мен үшін.
Елім осы – еркелеткен мені шын,
Мен де өлгенше қызмет етем ел үшін!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.