Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл. Айтулы мерейтой қарсаңында орталық және өңірлік мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттар мен кітапханалардағы тарихи әдебиеттерді және күнделікті баспасөздегі материалдарды оқып білу және қорыту негізінде Жамбыл облысының тарихын бүгінгі күн сұранысына сәйкес қарастыру мәселесінің де өзектілігі айқын болса керек. Мұның өзі Жамбыл облысында 1939-2019 жылдары қалыптасқан жалпы әлеуметтік-саяси жағдайлардың Отанымыздың кеңестік және тәуелсіздік кезеңдеріндегі тарихына үйлестіріліп және ішкі оқиғаларды елдегі тарихи процесс құбылыстарымен байланыстыра отырып жүзеге асырылады.
Саяси-тарихи тұрғыдан қарай отырып, Әулиеата өңірінің ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарағанын, Қазан төңкерісінен кейін осы аттас облыс құрамында болып, алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-інің, кейіннен КСРО құрамындағы Қазақ АКСР-інің, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР-інің қарамағында болғанын айтуға болады. Тиісінше әкімшілік-территориялық қатынаста да атаулар кезегімен өзгертілді. Сырдария облысы, осы аттас губерния, округ (губерниялық, округтік бөлініс кезінде), ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан жеке бірліктер ретінде 1938 жылы Қызылорда облысы және 1939 жылы Жамбыл облысы бөлінеді.
Құрамына Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлінген Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас, Алматы облысынан бөлінген Красногор, Қордай, Шу және Шу ауданынан бөлінген Көктерек – барлығы 10 аудан кірген облысымызда 1939 жылдың желтоқсанында алғашқы шақырылған Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі сайланып, оның алғашқы сессиясы 1940 жылдың 8-9 қаңтарында өтеді. Облыстық кеңестің атқарушы және билікті жүзеге асырушы органы облыстық атқару комитеті болып табылатындығы белгілі. Алғашқы шақырылған облыстық кеңестің І сессиясында атқару комитетінің мынадай бөлімдері мен басқармалары бекітілді: 1. Жер; 2. Қаржы; 3. Сауда; 4.Денсаулық сақтау; 5. Әлеуметтік қамсыздандыру; 6. Жол; 7. Өнер ісі жөніндегі басқарма; 8. Автомобиль транспорты басқармасы; 9. Тамақ өнеркәсібі басқармасы; 10. Юстиция халкоматының басқармасы. Мән берер болсақ, облысымыздың құрылған кездегі әлеуеті соншалықты салмақты емес екендігі бірден-ақ байқалып тұр.
Әрине, 1918 жылғы аштық пен 1928 жылғы кәмпескелеудің, 1931 жылғы күштеп ұжымдастыру мен 1932-33 жылдардағы алапат аштықтың кесапатты зардабын көріп, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қасіретін қудаланған «халық жауларымен» бірге тартқан өңіріміздің оңай еңсесін тіктеп кете алмағандығы тарихтан белгілі. Мәселен, өз алдымызға облыс болған кезде Жамбыл қаласындағы коммуналдық шаруашылық органдарына тиесілі үйлердің саны 395-тен аспаған, ал аудандар бойынша олардың саны 625-ке әрең жеткен.
Мұның өзінде, Жамбыл қаласындағы көптеген ғимараттарды облыстық мекемелер алып отырғандығын ескерсек, сол кездегі тұрғын үй мәселесінің өте күрделі болғандығына көз жеткізе аламыз. Себебі 1939 жылдың 1 қаңтарына дейінгі берілімдер бойынша Жамбыл қаласында 62723 адам тұрған. Облысымыздағы абаттандыру мәселесіне келсек, қала мен аудандардағы 3 электр станциясы мен бірнеше жергілікті жерде құрастырылған кішігірім электростанциялар негізінен өнеркәсіп орындарының қажеттілігін өтеуден аса алмады. Жеке үйлерге Ильич шамы жетпеді. Көшелерді жарықтандыру туралы сөз де қозғалған жоқ. Облыстағы жалғыз қала – Жамбылымызда жол мәселесі қаперге алынбады. Осылай, қала көшелеріндегі 150 км жолдың тек 11 километрі ғана тегістеліп жөнделсе, тротуарлардың жөнделген бөлігі 1 километрге де жетпеді. Ал жаңадан құрылған облысымыздың жол жөндейтін станциясында бар болғаны 10 автомашина, 7 трактор, 1 мотокаток, 8 металлприцепті каток, 13 грейдер, 1 металл үтік, 9 механикалық күрек, 14 ат күрек, 4 арыққазғыш ғана болды.
Сумен қамтамасыз ету іс-шаралары жүргізілмегендіктен, халықтың көпшілігі суды арықтан алып ішті (осыған орай ойлайсың, мүмкін сол кездегі арықтың суы қазіргі «тазаланған» хлорланған судан дұрысырақ болды ма деп).
Дегенмен Кеңестер Одағының І (1928-1932) және ІІ (1933-1937) бесжылдықтарында қол қусырып отырмаған Әулиеата өңірі кішігірім жетістіктерге де жетпей қалған жоқ. Мәселен, 1936 жылы Әулиеатада ірі «Металлист» артелі құрылды, ол кейін «Коммунмаш» машина құрастыру зауытына дейін өскен еді. Сол жылы кірпіш зауыты іске қосылса, 1938 жылы жөндеу-механикалық зауыты өз жұмысын бастады. Бұдан сәл бұрынырақ Жамбылда Кеңестер Одағындағы ең ірі қант зауыты ашылып, ол күндігіне 12 мың центнер өнімді өңдеп отырды.
Жалпы облысымыз құрылған кезеңде өңірімізде 20 өнеркәсіп орыны жұмыс істеп, онда 3400 адам еңбек етті. Ал 1940 жылы Жамбылда темір жол торабы, екі автобаза, почтампт, телефон станциясы және төрт құрылыс ұйымдары жұмыс атқарды. 18 мектеп жұмыс істеп, онда 10 мың оқушы оқыса, үш орта оқу орнында 1000 оқушы білім алды. Қалада 252 төсектік емханада 27 дәрігер жұмыс істесе, облыс бойынша ауылдық медициналық пункттердің саны 88-ге жетті. Дегенмен 70 фельдшерлік пункттің тек 62-сі ғана жұмыс істеді. Қалғаны медициналық жұмысшылардың жоқтығынан қаңтарылып тұруға мәжбүр болды. Облыс бойынша барлығы 141 төсектік 4 перзентхана болса, соның ішінде қалада 33 төсектік 1 перзентхана, Красногорда 14 төсектік 2 перзентхана, колхоздарда 24 перзентхана болғанымен, соның тек 38 төсектік 11-і ғана жұмыс істеп тұрды.
Қаладағы 4 яслиде 140 бала тәрбиеленсе, ауылдардағы 4 яслиде 118 бала, аудан орталықтары мен совхоздардағы 16 яслиде 446 бала – барлығы 704 бүлдіршіннің денсаулықтары мен тәрбиесі қадағаланып отырды. Ауылдардағы медициналық кадр мәселесі нашар болды. Осылай облысымыздағы дәрігерлік учаскелерде тек 11 дәрігер жұмыс істесе, жоғарыда айтылған 62 фельдшерлік пункттің тек 52-сі фельдшерлермен қамтылып, қалған онында олардың орнын медбикелер толықтырды. Жалпы Жамбыл облысындағы 20 дәрігерлік пункттің біреуіне, яғни Свердлов ауданының орталығы Михайловка селосындағы дәрігерлік пунктке мән берер болсақ, аталған мекеме сабанмен жабылған ескі үйшікте орналасқан еді. Дәрігер болып 1938 жылы Харьков мединститутын бітірген Каган Софья Наумовна жұмыс істеді. Дәрігерлік пунктке ат арба берілгенімен, стационарда не жұмсақ, не болмаса қатты инвентар болған жоқ, төсеніш және жамылғы мәселесі тек 50%-ға ғана шешілді. Осылай ауданның денсаулық сақтау ісіне Нехорошко жегілсе, жұқпалы аурулар станциясын В.Г.Кириченко басқарды.
Байқап отырсақ, емдеу мекемелеріндегі қызметкерлердің барлығын дерлік депортацияланған басқа ұлт өкілдері құрап отырғандай. Бұл үрдіс Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвакуация кезінде одан әрі үдей түскендігі белгілі. Әйтсе де, аталған саланы басқаруға жергілікті ұлт өкілдері қатыстырылып, халықтың тіршілігі мен денсаулығын сауықтыруға нақты іс-әрекеттер жасалғандығы облыстық мемлекеттік мұрағаттың 399 қорындағы мәліметтерде беріледі. Осылай Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің 1941 жылдың 7 маусымында өткен мәжілісінде облыстағы денсаулық сақтау саласының ахуалы қаралыпты. Осы жиында көптеген мәселелер көтеріліп, облыстық медициналық қызметтің жақсармай тұрғандығы, соның ішінде балалардың арасында әртүрлі аурулардың ауыздықталмай отырғандығы, колхоздардағы акушерлік және фельдшерлік пункттерді мамандармен қамтамасыз ету жайы шешімін таппай келе жатқандығы құжатта көрсетілген. Осыған орай, Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті арнайы шешім қабылдап, кемшіліктерден қорытынды шығарып, оны орындауды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Ибрагимовке жүктеген екен. Ал жергілікті жерлердегі көріктендіру мен санитарлық жағдайды түзету үшін әрбір колхоз, совхоз кемінде 1 монша салуды қолға алып, мұны 1941 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орындау, шаштараз ашу аудандық кеңестердің атқару комитеттеріне, ауылдық кеңестерге, ұжымшар төрағаларына міндеттелген. Сондай-ақ халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында барлық колхоздарда құдықтар орнатып, ескісін жөндеп, бұлақ көздерін тазалау, қажетті жерлерге қоқыс қалдықтарын төгетін жәшіктер орнату, көгеріштендіру жұмыстарын жүргізіп, мүмкін болған жағдайда мәдениет және демалыс саябақтарын салу мәселесі де осы шешімде көрініс тапқан. Колхоз көшелерін, аулаларды таза ұстау үшін тұрғылықты жерден 200 метр қашықтықта тезекті отын ретінде пайдалануға тыйым салу қажеттігі айтылып, колхозшылардың гигиена сақтауын қадағалап, жұқпалы ауруларды тарататын паразиттерге, шыбын-шіркейлерге, тышқандарға қарсы күрес жүргізуді, колхоз клубында, қызыл бұрыштарда, мектептерде көрнекі құралдарды пайдалану міндеттелген. Мұның өзі жергілікті халықтың білім деңгейін көтеруді талап еткендігі де анық. Осы орайда 1936 жылы медбикелер дайындайтын курстың базасында (негізінде) ашылған медициналық училищенің маңызы зор болғандығы даусыз. Сонымен қатар 1929 жылы Әулиеатаға Шымкенттен көшіріліп әкелінген Қазақ педагогикалық техникумының да өңіріміздегі ұстаздар дайындау ісіне үлкен үлес қосқандығын айтуға болады.
Жалпы мұрағаттан табылған құжаттарда жергілікті атқарушы билік тарапынан халықтың денсаулығын нығайту мақсатында ауқымды шаралардың қолға алынғандығы көрініп тұр. Ал ол іс-шаралардың неліктен жүзеге аспағандығының бір парасын қарастырылып отырған дереккөзге қоса тіркелген атқару комитетінің мына шешімінен көруге болады: «Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Ибрагимовтің өзі басқарып отырған салада жіберілген кемшіліктерді мойындамауына байланысты Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары Молотова бастаған (мүшелері – Қиянов, Әбдікерімов) арнайы комиссияға 1941 жылдың 15 шілдесіне дейінгі аралықта облыстық денсаулық сақтау саласындағы қаржы қымқыру, дебиторлық қарыз, көптеген емдеу мекемелеріндегі жиһаз бен төсек-орындардың жетіспеушілігі, тамақтың нашарлығы және осы мақсатқа бөлінген қаржының толық жұмсалмауы және осындай басқа да кемшіліктердің бетін ашу тапсырылады». Бірақ Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, осындай игі істер жүзеге асырылмай, кешеуілдеп қалды. Халқымыздың бұл сынаққа да төзгені, қиындыққа төтеп бергені тарихтан белгілі. Ол тұрғысындағы зерттеулеріміз келесі баянымызда берілмекші.
Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты