Асқақ арманның күлі көкке ұшып, аңдамай басып, аяқ астынан сорлап қалудың құнын кім кешіпті? Сүрініп кетсең, бүліне кететін тіршіліктің тосын сырын кім ашыпты? «Адасқанның алды – жол, арты – соқпақ» деп Абай атамыз айтқандай, өзі салған сүрлеуі өз сорына айналып, абақтыға тоғытылған тағдырлар жайлы не білеміз?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Шалыс басып шәлкестік, оза шабамын деп озбырлық танытып, опық жеп қалатындар да баршылық. Шыңырауға құлаудың жолы көп болғанымен, азабы жалғыз, үкімі айқын. Оның шешімі сол: заң алдында жауап беріп, жазаңды өтейсің!

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Миржан Смағұловтан жазасын өтеушілердің жағдайымен танысу мақсатында түзеу мекемесіне рұқсат алдық. Басты мақсат – темір торға тоғытылғандардың да тіршілігі тоқтап қалмағанын, ел сүйсінер іс қылып, осы мекемеде еңбегімен танылып жүрген ЖД-158/4 мекемесінде жазасын өтеуші, «Сема и Ко» ЖШС-нің төрағасы, өзіндей 70 бас бостандығынан айырылған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған Сейілхан Сәлімбаевпен танысып қайту еді.

Сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Аймен Тайтелиева, ЖД 158/4 мекемесінің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Маржан Сағындықовамен жалғыз ұлына барар жолды бастап келе жатқан қарт әке Ермекбай Сәлімбаевпен бірге тағдыры темір торда тоғысқандардың мекенін бетке алдық. Ермекбай ақсақалдың ұлы түзету мекемесінде өндіріс орнын ашқанына бес жылдың жүзі болған. Ұлының тығырықтан шығар жол іздеп, еңбек еткеніне қуанған әке оның іскерлігін медет тұтады. Маңдайын қырау шалған Алатаудай әке кей сәт аласарып кеткендей жан-жағына ойлана көз тастап, ауыр күрсініп келеді. Жалғыз ұлы жиырмаға толар-толмас тосыннан сүрініп, темір торға тоғытылғалы он жылдың жүзі болыпты. Расында, құрсаумен тұмшаланған өлкенің ауаны бөлек, әлемі басқа. Әп-сәтте маңайды мұң басып алғандай бірде ауыр тыныштық еңсені езсе, енді бірде сарт-сұрт темір есіктердің дыбысынан құлақ тұнады. Бүгінгі таңда мұнда 739 адам жазасын өтеп жүр.

Ауласы биік қабырғамен қоршалған алаңда бірнеше ғимарат бар екен. Мұның бірі – түзеу мекемесінің жанынан ашылған №15 кәсіби колледж. Мұнда жазасын өтеушілер тігін, аспазшы, кран жүргізушісі, электромеханик, ағаш ұстасы, темір өңдеу және слесарь-сантехник сынды 7 мамандық бойынша білім алады. Одан әрі асхана, дүкен мен жатақхана орналасыпты. Одан өзге, тағы бірнеше ғимарат менмұндалайды. Міне, осылар «Сема и Ко» ЖШС-нің төрағасы Сейілхан Сәлімбаев ашқан тігін цехы, автосервис, ағаш және темір ұстаханасы мен қоян өсіруге арналған жертөле.

Біз жақындай бере бір топ жазасын өтеуші бізге қарай жүріп, туған-туысын көргендей жадырай қарсы алды. Олардың жүзінен келушілерге деген қуаныштың ұшқыны бірден байқалды. Себебі әрқайсысы жүрегіндегі тілегін жеткізіп, арманын айтып қалуға асық екені көрініп тұр.

Бұл жер – қатаң жазасын өтеушілерге арналған орта. Олардың барлығы – өз тағдырының тас-талқанын шығарып, сағатын сындырып, уақытын жоғалтқандар. Бірін үйінде асыл анасы күтіп отырса, енді бірін балалары тосады. Ал енді бірінде мұның бәрі бұрын болғанымен, бүгінде бірі де жоқ. Олардың бірі аңдамай басып сүрініп кетсе, енді бірі бақытсыз балалығы мен тәрбие-тәлімсіз тағдырының құрбанына айналғандар. Ең қорқыныштысы да осы. Себебі олар ата-ананың мейіріміне бөленбей, жылылықты сезінбей, ізгілікті түсінбей өсті. Олар өмірде өзіне не керек екенін ұға алмайтын әке-шешенің құшағында жүріп, уытты заттың уысына түсті. Әне-міне есейіп, жоқшылықтың қамытын лақтырып, өзінде болмағанды болдырып, еңсесін тіктеп, ел қатарына ілігемін деген сәтте жастықтың буымен қылмысқа барды. Әлдекімге әлімжеттік жасады. Адам тонап, кісі өлтірді. Енді міне, олардың өз өмірі басталды. Ол өмір темір тордың арғы жағында өтіп жатыр…
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе, бір Алладан! – деп ақындар жырлағандай, Сейілхан жас ғұмырын абақтыда өткізсе де, Алладан күдер үзбеді. Бала күнінен қай істе болсын үздік болуға тырысатын ол қимылдаса, қыр асатынын ұқты. Сөйтіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, достарының «Сема» деп еркелеткенінің құрметіне «Сема и Ко» ЖШС-ін құрды.

– Мен үйдің жалғыз ұлы болғандықтан, ерке болдым. Бала күнімде «ел басқарамын» деп армандайтынмын. Есейе келе достарыммен қыдырып, өмірдің қызығы осы деп ойладым. Оқуымды тастадым. Бір күні төбелеске қатыстым. Сол төбелесте бір адам ажал құшты. Енді сол қанды оқиғаның азабын тартып, жазамды өтеп жүрмін. Алайда өмірден түңілмедім. Бос жүру – мен үшін жат нәрсе. Бүгінде ағаштан кеме, домбыра, астау, төсекпен қатар, түрлі кәдесый ойыншықтар жасаймыз. Көлік жөндеп, киім де тігеміз. Сонымен қатар балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық ретінде сый-сияпат жасап тұрамыз. Жазамды өтеп шыққан соң, осы ісімді ары қарай дамыта түссем деймін, – деді ол.

Мұнда әрқайсысы өз ісінің шебері. Жазасын өтеуші Жандарбек те ағаштан ою ояды. «Қобдишалар, құран салатын арнайы қап, домбыра, дойбы – бәрін жасаймын. Мен ағаштан бұйым жасауды 6 ай көлемінде үйрендім» – дейді ол. Ал Асан киім пішіп тіккенде, алдына жан салмайтын көрінеді. Бүгінде арнайы мекемелердің тапсырысымен киім тігеді екен. «Мен мұнда түскенде тігін тікпек тұрмақ, қолыма ине-жіп ұстай алмайтынмын. Міне, күні бүгін тігінді кәсіп етіп отырмын» – деді ол. Асан өз күнәсіне өкінбейтінін де айтып қалды. Оның себебі ол әскерде жүргенде, сүйген қызын 4 жігіттің зорлап кеткенін естіп, сол бұзақылардың екеуіне ажал құштырыпты. Сөйтіп, 19 жасында азапты 20 жылды арқалап түрмеден бір-ақ шыққан. Ал сүйіктісі күте алмайтынын айтып, бұл күнде тұрмысқа шығып кетіпті. Алайда Асан сүйіктісіне еш өкпесі жоқ екенін, оған тек бақыт тілейтінін жеткізді.

Желкені самал желмен тербелген ақ кеме әне-міне теңізге жіберсе жүзе жөнелердей ғажап. Қос ішегі сыңғыр қаққан домбыраның да құлағынан күй төгіліп тұр. Әр зат өзіне сай сәнімен жарасым тауып, қараған жанды он саусақтың өнеріне тәнті етеді. Солай әрнені қызықтап тұрғанда, арт жағымнан әлдекім атымды атады. Жалт қарадым. Қабағы қалың жігіт ағасын тани қоймадым. Ол есімін айтқанда барып есіме түсті. Аттай 20 жыл бұрын сән-салтанаты жарасқан сері жігіт еді. Мұнтаздай киімі, шаш үлгісі, жадыраған жүзі әлі көз алдымда. Құрбыма ғашық болатын. Біз оны ақын жігіт атап кетіп едік. «Сен мұнда қайдан жүрсің?» – деппін жөпелдемеде аузыма жөнді сөз түспей. Ол үнсіз ғана жанарымен жер шұқып тұрып қалды. «Арманы асқақ азаматтың да арманы аяқ асты қалады екен-ау. Қай жерде адасты? Неден түңілді? Неге сүрінді?» деген сұрақты жүрегіме жүктеген күйі мен де кете бардым. Сол сәт ұлы Сейілханға аялай қараған Ермекбай ақсақал ойымды бөлді. Ол да өз ұлының мұндай жағдайға қалай душар болғанына жауап таппай қиналатын сияқты.

– Әкем – ел басқарып, лауазымды қызмет атқарған, панфиловшы Сәлімбай Пәрманов. Жалғыз ұлымды атасы бауырына басып, еркін өссін деп шекесінен шерткізбеді. Сейілхан кішкентай кезінде жетім бала көрсе, бар қымбатын ұсынып, киім-кешек, құлақшынына дейін бере салатын, кімді болсын бауыр етіп алуға әзір мейірімді болып өсті. Ендігі арманым – үйге аман-есен оралса екен, – деді шерлі үнмен.

Бір топ жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып, елеулі еңбек етіп отырған Сейілхан қоштасар сәт өзегін өртеген өкінішіне тұншығып тұрып: «Әкем мен анамның үмітін ақтамадым. Өмірдегі ең қымбат нәрсе бостандық екен, қадірін білмеппін…» – деді.
Бостандық берші, ей, уақыт!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған