Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бұқара мен билік арасында берік байланыс

0 294

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Шөлдала» алқабының тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында тұрғындар аумақтағы өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде ең көп қозғалғаны: алқапты электр қуатымен қамтамасыз ету, жер учаскелерінің мемлекеттік актілерінің мәселесі, сондай-ақ қоғамдық көліктің қатынауы мен қаңғыбас иттердің көбеюі.

Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес, «Қызыл Абад», «Көлтоған», «Құмшағал» алқаптарын, сондай-ақ «28 саяжайды» электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. «Шөлдала» алқабында жұмыстар жақын арада басталып, ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында аяқталмақ. Сондай-ақ бүгінгі таңда алқапқа 4 автобус қатынайды. Қала басшысы тұрғындар санын ескере отыра қоғамдық көліктердің саны аз екенін атап өтіп, жауапты тасымалдаушыға бұл мәселені зерделеп, шешу жолдарын қысқа мерзімде ұсынуды тапсырды. Қаңғыбас иттердің жайына келетін болсақ, бұл мәселе де заң аясында шешілетін болады.

Кездесу барысында Бақытжан Әмірбекұлы көтерілген мәселелер жоспарлы түрде шешілетінін және мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын баса атап өтті.

Жұматай Көксубай

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.