Соңғы жылдары Тараз қаласында жеке қосалқы шаруашылықтарда төрт түлік ұстау көлемінің артуына байланысты малды қараусыз жаю мәселесі жиі көтеріліп келеді. Қала көшелерінде, тұрғын үй аулаларында, саябақтар мен өзен жағалауларында бақылаусыз жүрген үй жануарлары тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып қана қоймай, қоғамдық тәртіп пен қала тазалығына да әсер етуде.
Әсіресе, малдың жол бойына шығып кетуі көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады. Ал саябақтар мен абаттандырылған аумақтарда жайылған төрт түлік жасыл желектерге зиян келтіріп, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайының нашарлауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе бүгінде ветеринариялық талаптармен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігі, абаттандыру және қоғамдық тәртіп тұрғысынан да маңызды болып отыр.
Төрт түлік ұстау – ең алдымен, мал иесіне жүктелетін жауапкершілік. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, әрбір азамат өз малын бақылауда ұстап, оның елді мекен аумағында қараусыз жүруіне жол бермеуге тиіс. Малдың еркін жайылуына мүмкіндік беру түрлі келеңсіз жағдайларға, соның ішінде азаматтардың мүлкіне зиян келуіне немесе жол қозғалысына қауіп төнуіне әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Тараз қаласында малды қараусыз жаюдың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Жібек жолы және Әулиеата аудандарының әкімдіктері бірлесіп, қала аумағында мал ұстау тәртібін сақтау бойынша кешенді шараларды қолға алды.
Атап айтқанда, қараусыз және иесіз жүрген малды уақытша ұстауға арналған қамау орындарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар қала аумағында бақылаусыз жүрген мал санын азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
– Малдың қала көшелерінде, жол бойларында және басқа да қоғамдық орындарда қараусыз жүруі тұрғындардың қауіпсіздігіне ғана емес, жол қозғалысына да қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, әуежай маңы секілді қозғалысы қарқынды аумақтарда малдың қараусыз жайылуына жол бермеу – аса маңызды.
Осыған байланысты мал иелерін жауапкершілік танытып, төрт түлігін қараусыз жібермеуге, белгіленген тәртіпке сәйкес ұстауға шақырамыз. Малға тиісті күтім жасау және оны бақылауда ұстау – ең алдымен, әрбір мал иесінің міндеті. Мал ұстау талаптарын сақтау тек әкімшілік шаралардан сақтану үшін емес, қаладағы ортақ қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз ету үшін қажет. Бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, қараусыз жүрген мал жол-көлік оқиғасына себеп болып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ жеке мүлікке зиян келтіруі ықтимал.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал жаю қағидаларын бұзған жағдайда 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 12 975 теңге әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ал малдың қараусыз жүруі салдарынан жеке тұлғаның мүлкіне залал келтірілген жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 43 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Қаладағы тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Сондықтан мал иелері белгіленген талаптарды сақтап, төрт түлігін қарау- сыз қалдырмай, жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, қала аумағында тәртіп сақтау және малдың қараусыз жүруіне байланысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу, – дейді Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова.
Қазіргі таңда Тараз қаласының әкімшілік аумағындағы жайылымдық жер көлемі қолдағы мал басын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Мәселен, Жібек жолы ауданында анықталған жайылым көлемі небәрі 76,93 гектарды құрайды. Ал осы ауданда тіркелген 5 мыңнан астам ірі қара, 9 мыңнан астам ұсақ мал, мыңға жуық жылқы мен басқа да үй жануарлары үшін мұндай аумақ жеткіліксіз екені анық. Бұл көрсеткіштер қала ішінде мал жаюға мүмкіндік жоқ екенін және мәселені заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру қажеттігін көрсетеді.
– Жібек жолы ауданында жеке қосалқы шаруа- шылықпен айналысатын тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл ауыл шаруа- шылығының дамуына оң ықпал еткенімен, жайы- лымдық жерлердің тапшылығы мәселесін де өзекті етіп отыр. Қазіргі таңда аудан аумағында бар болғаны 76,93 гектар жайылымдық жер бар. Ал тіркелген төрт түлік саны бұл аумақтың мүмкіндігінен бірнеше есе жоғары. Сондықтан қала аумағында малды еркін жаюға мүмкіндік жоқ.
Осыған байланысты аудан әкімдігі тұрғындарға малды тек өз аулаларындағы қора-жайларда ұстауды және жайылымға шығарған жағдайда оны қала сыртындағы ресми белгіленген жайылымдарға ұйымдасқан түрде айдауды ұсынады. Бұл бағытта көршілес аудандардағы жайылым пайдаланушыларымен және бақташылармен келісім жасау тетіктері қарастырылған.
Біздің бөлімшенің негізгі міндеттерінің бірі – тұрғындарға ауыл шаруашылығы саласындағы заң талаптарын түсіндіріп, мал шаруашылығын тиімді әрі қауіпсіз жүргізуге жағдай жасау. Мал иелерінің ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтауы, төрт түлікті қараусыз қалдырмауы және заң талаптарына сәйкес ұстауы – қоғамдық тәртіп пен қала тазалығының сақталуына тікелей әсер етеді.
Жайылым мәселесін бірлескен жауапкершілік арқылы ғана шешуге болады. Сондықтан аудан тұрғындарын белгіленген тәртіпті сақтауға, малды ұйымдасқан түрде бағуға және қала аумағында заңсыз жаюға жол бермеуге шақырамыз. Бұл – бір жағынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан қаланың санитарлық тазалығы мен экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Жібек жолы ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Назима Ситалиева.
Бүгінгі таңда Тараз қаласының аумағында көшелерде, саябақтарда, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, скверлерде, өзен жағалауларында және басқа да қоғамдық орындарда төрт түлікті жаюға заңмен тыйым салынған. Қала ішінде қараусыз жүрген мал тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, қоғамдық мүлікке залал келтіреді. Әсіресе, көгалдандырылған аумақтардың бүлінуі, балалар ойын алаңдарының ластануы және санитарлық талаптардың бұзылуы қала мәдениетіне нұқсан тигізеді.
Ветеринариялық қызмет мамандарының пікірінше, малды дұрыс күтіп-бағу, ең алдымен, оның денсаулығы мен иесінің жауапкершілігін көрсетеді. Сондықтан жеке секторда тұратын азаматтар малды тек өз ауласындағы арнайы қораларда ұстауы қажет. Қора-жайлар белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай болуы, әрбір мал басына жеткілікті орын қарастырылып, көршілес тұрғын үйлермен арадағы санитариялық арақашықтық сақталуға тиіс. Бұл талаптар тұрғындардың денсаулығын қорғауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Егер мал иесі төрт түлігін жайылымға шығаруды жоспарласа, онда оны қала шекарасынан тыс орналасқан ресми бекітілген жайылымдарға айдауы қажет. Мұндай жағдайда көршілес аудандардағы жайылым пайдаланушыларымен немесе бақташылармен келісім жасалып, мал ұйымдасқан түрде бағылуға тиіс. Бұл талап малдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қала ішіндегі заңсыз мал жаю деректерінің алдын алады.
Айта кету керек, заң талаптарын орындамау әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Ал қараусыз немесе заңсыз жайылып жүрген мал арнайы қамау орындарына жеткізіледі. Оның иесіне Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 408-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Алғашқы құқықбұзушылық үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, қайталанған жағдайда оның көлемі 5 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Егер қараусыз жүрген мал өзгенің егістігіне, бау-бақшасына немесе мүлкіне зиян келтірсе, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті де заң аясында қаралады.
Қаланың тазалығы мен көркі, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі – баршамызға ортақ құндылық. Оны сақтау әр азаматтың саналы көзқарасы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Заң талаптарына құрметпен қарап, мал шаруашылығын белгіленген тәртіпке сай жүргізу арқылы ғана біз көрікті де қауіпсіз, таза әрі мәдениетті Таразды бірге қалыптастыра аламыз.
Арайлым ШАБДЕНОВА