Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біртұтас ұлтқа айналудың алғышарты

0 69

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауы көптеген оң өзгерістерімен ерекшеленді.

Мәселен, әлемде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, биыл күзде елімізде кезектен тыс Президенттік сайлаудың өткізілуі саяси реформалардың іске асуына өз септігін тигізері анық. Бұдан өзге, ел экономикасының дамуы жолында атқарылуы тиіс мәселелерге жеке тоқталған Президент Үкіметті сынға ала отырып, тиісті тапсырмалар жүктеді. Егемен еліміздің одан әрі қарыштап дамуына бағытталған және саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық маңызы бар мәселелерді басты құжатта кеңінен қамтылды.

Президент үнемі еліміздің күшті Президент, ықпалды Парламент, естуші Үкіметтен құралған үш тағанға негізделуі керектігін айтып келеді. Бұл үшін шетелдік инвесторларды тартып, сыбайлас жемқорлықты жою, оған жол берген тұлғалардан өндірілген қаржыны мектеп салуға жұмсау аса маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғап тұрған географиялық ерекшелігін де ұтымды пайдалануымыз керектігі айтылды. Сондай-ақ әйелдердің зейнет жасын қысқарту, азық-түлік бағасын реттеу, Ұлттық қордан түскен табысты 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына тұрақты түрде аударып отыру мәселелері де жұртшылықтың көкейіндегі күмәнді сейілтіп, болашаққа деген сенімін нығайтты. Бұл, бір жағынан, әділетті мемлекет құрып, біртұтас ұлтқа айналудың алғышарты екендігі даусыз.

Президент өз Жолдауын жариялады. Ендігі біздің міндет – соған қолдау білдіріп, тапсырмалардың дер кезінде орындалуына атсалысу. Ол үшін әрбір адам «Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін?» деген ұстанымды бірінші орынға қоюы тиіс. Сонда ғана баршамыз аңсаған Әділетті Қазақстанның іргетасын қалап, тұғырын биіктетеміз.

Ермек МОМБАЕВ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.