Көлемі жағынан әлемде Ресей, Қытай, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Канада, Үндістан және Австралиядан кейінгі тоғызыншы орынды алатын Қазақстанның табиғаты әр алуан, жері ұлан-ғайыр. Климаты барынша континентальді саналатын оның жазира аумағында таулар да, орман-тоғайлар да, кең жазықтар да бар. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер, пайдалы қазбалар, минералдық ресурстар – еліміздің есепсіз байлығы. Байтақ жерімізде Менделеев кестесінің 99 элементі бар екендігін үнемі мақтаныш етеміз. Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемнің көптеген мұнай өндіруші елдерінен алда тұр. Хромның әлемдік қорының жартысынан астамы Қазақстан аумағында болса, одан өзге де қорғасын, мырыш, мыс, алтын мен күмістің бай қоры бізден табылады. Міне, осындай ұлан даланың бір ғана иесі, біртұтас халқы өзінің тәуелсіздігін алғанда, әлемнің ең алдымен алпауыт елдері сүйсіне қарағанын қалай ұмытамыз?
Кеңестік дәуірдің қоғамдық формациясы ыдырап, он бес одақтас мемлекет өз алдына дербестік алғанда етек-жеңін жинап, есін бірден жия қалғандар саусақпен санарлық та емес-тін. Соған қарамастан, өз халқының ауызбірлігі мен сүттей ұйыған татулығына арқа сүйеген жас мемлекетіміз бұлыңғыр болашаққа зор сеніммен нық қадам баса отырып, әлем деңгейінде таңғажайып қадамдар жасады. Тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап көпвекторлы саясатқа иек артатынын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтынын төрткүл дүниеге мәлімдеген Қазақстан осы ұстанымынан күні бүгінге дейін айныған жоқ. Осы тұрғыда мемлекетіміздің әр жылдары жиі-жиі көтерген бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, қызу қолдауға ие болып отырды.
Біздің мемлекетімізді әлемге танытқан жаһандық бастамалардың бірегейі – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) құрылуы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының дүниеге келуі. Екі ұйымның да құрылуына мұрындық болуы Қазақстанның әлемдік аренадағы «тоғызыншы территория» ретіндегі де беделін арттыра түскен-тұғын. Уақыт аталған ұйым процесінің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогты институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Бүгінгі күні идеядан практикаға көшіп, нақты жұмыс істейтін құрылымға айналған кеңес тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум екендігімен ерекшеленеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы да кейінгі кезде аймақтық деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көпсалалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдарының біріне айналды.
Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан елордасында бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады. Сондай-ақ Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ), АТОМ жобасын құру, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру, Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасындағы келісім, БҰҰ-ның ядролық қарусыз әлем туралы жалпы декларациясын қабылдау, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі, әлемдік қауымдастыққа ядролық қарусыз әлем құру үшін келісілген әрекет жасасуға шақыратын соғыс пен қақтығыс вирусымен күресу стратегиясын ұсыну, «G-Global» идеясы, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру секілді, Қазақстан Республикасының бітімгершілік аясындағы әлем назарын аударған басқа да көптеген жаһандық бастамалары күн тәртібінен ешқашан түсуге тиіс емес. Мұның барлығы қашанда жаһан тыныштығын көздейтін, бітімгершілік мүддесіндегі игі де ізгі бастамалар. Бүкіл әлемді, дүн-дүнияны бітімгершілік мақсаттың мұратына жеткізу әрі оны көздің қарашығындай сақтау жолындағы ең маңызды шараларды жүзеге асырып отырған Қазақстан мемлекеті – міне, осындай жаһандық бастамаларымен шартарап алдында зор беделге жетіп, үлкен абыройға ие боп үлгерген мемлекет. Енді тек осы бағыттан ауытқымай, сыртқы саяси әлем аренасындағы тепе-теңдікті ұдайы үдерісте бірқалыпты ұстап тұруымыз үшін ішкі саясатымыздағы ахуал көп рөл атқармақ.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген бағдарларда да негізінен осыған басымдық берілген. Екі жыл бұрын денсаулықтың, екі ай бұрын бейбітшіліктің қадірін білген біздің өмірімізге, ауыл-аймақтарымыз бен барлық өңірімізге алда болатын референдум да үлкен өзгеріс әкелмек. Бастысы, азаматтарымыз референдумның сайлау емес, дауыс беру екендігін білуі маңызды. Қазақстанның ішкі саясатын қайта құрып, мемлекетіміздің мүдделерін жаңа арнаға түсіруіміз үшін қоғамның әрбір мүшесіне жеке-жеке берілген бұл мүмкіндікті ешбіріміз мүлт жіберіп алмауымыз қажет. «Биліктің бірқатар өкілеттігін қайта бөлу», «Халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту», «Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеруі», «Суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне өту», «Азаматтардың құқын қорғау тетіктерін күшейту» секілді салмақты тармақтары арқылы бәз бұрынғы бағыт-бағдары түбірімен дерлік түбегейлі өзгеретін Конституциялық реформа осынысымен құнды.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы
Саяси кеңесінің мүшесі