Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қарттар ешқашан аш қалмайды деп өзіме уәде бердім»: Алматылық әйел зейнеткерлерге 7 жыл бойы не үшін тегін тамақ таратып жүргенін айтты

0 235

Алматылық Расима Темербаева жеті жыл бойы зейнеткерлерге тегін түскі ас таратып келеді. “Добрые обеды” деп аталатын әлеуметтік жобасы аясында бүгінде ол 220 мыңнан аса ыстық тамақты мұқтаж жандарға ұсынып, қажет жағдайда мұңын тыңдап, психологиялық, заң тұрғысынан көмек берген. Расиманың сөзінше, бұл жоба нағашы әжесіне арналған. Ол кісі ашаршылық уақытында жетім қалып, балалары мен немерелерін асқа, адамдарға мән берудің маңыздылығын сіңіріп өсірген. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында алматылық тұрғын тегін тамақты не үшін таратып жүргенін және оны қалай алуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Алматылық Расима бұл әлеуметтік жобаның идеясы өзінің бала кезден бері келе жатқан мұңымен тікелей байланысты екенін айтады. Ашаршылық кезінде қиын тағдырды бастан өткерген әжесінің қазасынан соң Расима өзіне «қарттар ешқашан аштан қалмайды” деп уәде берген.

Бастапқыда бір күнде он бес түскі астан таратылып басталған әрекет күніне 200 тамақ таратылатын үлкен қайырымды жобаға айналған.

Расиманың бірінші мамандығы психолог. Бұрыннан келе жатқан клиенттеріне консультация өткізеді. Одан түскен қаражаттың жартысын жобасына салып, қажетті шығындарды өтейді.

“Бала кезден психикалық зақым алдым. Себебі әжем өңеш ісігінен көз жұмған. Сонда мен “қарттар еш уақытта аш қалмайды” деп өзіме уәде бердім. Бала кезден үлкен кісілерге көмектесіп, дүкенге апарып келетінмін. Көп балалы аналармен де дос болып, үйге қонаққа шақырып тұратынмын. Кейіннен білім алған соң, жұмыс істеп ес жинаған соң, тегін асхана ашу идеясы келді. 20 жылдан аса уақыт көп нәрсеге үйреніп жүрдім. Сәті түсіп, 2015 жылы жобаларды жүзеге асыруға арналған тегін тренингке шақырды. Сонда алғаш рет өзімнің арманым туралы ашып айттым, сол жерде біз оны жүзеге асырудың жоспарын жүргіздік. Күзге қарай зейнеткерлерге арналған осы жобам өмірге келді”, – деп есіне алады Расима.

Тегін тамақ таратудың басты мақсаты – әлеуметтендіру. Тек тамақ беріп қоймай, олардың бір-бірімен араласуына сеп болу. Осылайша жас буынға мұқтаж жандарға көмек беруге болатынын көрсету еді, дейді жоба жетекшісі.

“Бізде екі аптаға арналған мәзір бар. Көптеген адамда қант диабеті және ас қорыту жүйесінде проблемалары болуы мүмкін, сондықтан диеталық тағамдар бар. Тамақтың бәрі – үйдікі, оларды аспаздар дайындайды”, – дейді ол.

Қазір ұжымда 14 қызметкер жұмыс істейді. Қызметкерлердің еңбекақылары халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы төленеді екен.

“Краудфандинг арқылы қаражат жинап, азық-түлік пен жалға алынатын орынның ақысын төлейміз. Консультация беріп тапқан табысымның жарты бөлігін, жобама құямын. Бізге көбіне қарапайым адамдар көмектеседі, кәсіпкерлер жоқ. Бірақ ай сайын бізге үнемі қаржы жағынан және азық-түлікпен көмектесетін жақсы жандар табылады”, – дейді Расима.

Сондай-ақ, алматылық әйел жобаның түрлі марапаттарды иеленгенін де атап өтті.

Өткен жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен және Алматы қаласының Іскерлік кеңесінің қайырымдылықты дамыту номинациясымен марапатталды.

“Еріктілер көп, сондықтан біз жобаны 7 жыл бойы жүргізіп келеміз. Егер жақсы адамдардың қолдауы болмаса, онда жоба ұзаққа бармас едік. Мұқтаж жандар көп. Өкінішке қарай, бәрін қамту мүмкін емес. Жобаны бүкіл елде дамытып, ауқымды ету жоспарда бар.Бізде кезекке тұратын негізінен ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер. Олардың қатарында бұрынғы дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер және т.б. бар”, – дейді ол.

Айтынша, келушілердің орташа жасы – 82-85.

“Зейнеткерлердің жастары әртүрлі. Ең үлкені 92 жаста. Өзі екі көше төмен түсіп келеді. Жұмысқа тұра алмай жүрген зейнеткерлер бар. Жағымды эмоциялар көп, қалжың да бар. Ақпарат алмасып, рецепттермен бөлісеміз. Кейбір заңға қатысты және психологиялық мәселелер бойынша көмектесе аламыз”, – дейді ол.

Алайда келушілер арасында дайын тағамда риза болып қайтатындар үнемі бола бермейді. Кейді адамдар әдейі ұрсу үшін келеді, дейді жоба жетекшісі.

“Егер әрдайым көңіл толмаушылық байқалса, оларды келесі жолы қабылдамаймыз. Бұрын бірнеше адам ұрсу үшін арнайы келетін. Жарайды 1-2 рет болса түсінемін, бірақ күн сайын бұған төзуге болмайды. Мас адамдарға тамақ бермейміз, араққа табылса, тамаққа да табылады”, – дейді алматылық әйел.

Әдетте зейнеткерлер бір-бірімен сөйлесіп, байланыс орнататын көрінеді. Алайда жоба өкілдері олардан жеке ақпарат сұрастыра бермейді. Тек өздері айта бастаса тыңдап, құлақ түреді. Қажет кезде психологиялық, заң жағынан көмек беруге дайын.

“Күн сайын бірдеңе болады. Сипаттау қиын. Келушілерді көбі тұрақты зейнеткерлер. “Балаларыңыз бар ма?” деп сұрағанда, “жұмыста, түрмеде, зиратта” деп жауап береді. Негізінен жеке өмірлері туралы сұрамаймыз. Өздері айтқылары келсе айтады. Зейнеткердің бірі қайтыс болғанда көңіліміз қатты құлазиды. Бір-бірімізді жұбатып қоямыз. Құрбан айт күндері адамдар әкелген ет бүкіл жылға жетеді. Бізден кейбір адамдар ас үшін  тамақ тапсырыс береді. Сонда банкет жасағанша, мұқтаж жандарды тамақтандырады”, – дейді жоба жетекшісі.

“Кез келген мұқтаж зейнеткер бізге келе алады. Тамақ үшін немесе жай ғана жылы сөз үшін. Зейнеткерлердің жеке куәліктері мен зейнеткер куәлігін көрсетуі тиіс. Ең басты талап адамның мас болмауы”, – дейді Расима Темербаева.

Қазір Алматыда тегін түскі астар екі мекенжай бойынша таратылады. Тамақ тарату сағат 16:00-ден 16:30 аралығында Шашкин 16 көшесі және Попов пен Жандосов-Айманов көшелерінің жоғары аймағында жүргізіледі.

Расима Темербаеваға қандай да бір

материалдық қолдау көрсетем деушілерге

Kaspi GOLD 4400 4301 9737 67076

телефон нөмір: 8-705-193-0858 Расима Т

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.