Қалалық қоғамдық-саяси газет

Украиналық қазақтар соғыс өртінің өршуінен үрейленіп отыр

0 259

  Жақында Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деген ақпарат таралғалы елдегі жағдай шиеленісе түскен. Әлемдік БАҚ Украинаның эскалацияға алынуы туралы жарыса жазуда. «Басып кіру» датасы ретінде сарапшылар 15,16 ақпанды атаған. Осыдан соң 35 ел өз азаматтарын Украинадан кетуге шақырған. Ал АҚШ Президенті Джо Байдан Эн-би-си телеарнасына берген сұхбатында «АҚШ азаматтарына дәл қазір кету керек» деп мәлімдеген. Ол Ресейді әлемдегі ең үлкен армия деп атап, жағдайдың бір сәтте сұмдық салдары туындауы мүмкін екенін айтты. Осы ретте Stan.kz тілшісі Украинадағы қазақтардың жағдайы туралы сұрастырып, елдегі ахуалды білген деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Тілшілер «Достық» жалпыукраиналық қазақтар бірлестігінің төрағасы Данияр Егамбердиевпен сөйлесіп, елдегі ішкі жағдай мен азаматтардың көңіл күйі жайлы сұраған. 53 жастағы Данияр Егамбердиев елдегі ахуал туралы айта келе, дәл қазіргі сәтте жағдай тұрақты болғанымен, азаматтардың көңілінде алаңдаушылық, үрей барын жеткізді. Даниярдың ел астанасы Киевте отбасымен тұрып жатқанына шамамен 40 жылдай уақыт болған. Отандасымыз Совет Одағы уақытында дүниеге келіп, 1985 жылы Украинаға оқуға келген соң, сонда тұрақтап қалады. Бүгінде оның 2 қызы, төрт жиен немересі бар. Айтуынша, оның отбасы – Украинадағы таза қазақ отбасыларының бірі.

«Зайыбым Бибіайша екеуміз бір ауылданбыз. Ол оқуын Ресейде бітірген. Таза қазақ отбасымыз. Қазір немерелерім балабақшаға барады», – дейді Данияр Ғаппарұлы.

Айтуынша, Украинадағы азаматтардың көңіл-күйі мәз емес, іштей уайым бар.

«Елдегі қазақтар арасында егде жастағы адамдар көп, олардың бірқатары телефон соғып, сауалдарын қойып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, уайымға салынып отыр», – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, қақтығыс жағдайына әркім өз бетінше дайындалып жатыр.

«Бүгін қаланың орталығында көлікпен жүріп өттім. Соңғы күндері автокөліктер саны едәуір азайған. Әдетте, Киевте сұмдық кептеліс болады. Қазір қала тыныш. Мәліметтерге сәйкес, шет елге көшіп жатқандар бар. Балаларын да қоса алып кетіп жатыр. Таныстарымның ішінде біреулері батыс Украинаға қоныс аударған. Көбіне Ивано-Франковск, Львовск, Тернопольск облысының тұрғындары көшіп жатыр. Олардың көшудегі мақсаты не екенін білмеймін. Бірақ әркімнің өз себептері бар сияқты», – дейді Украинадағы қазақтар диаспорасының басшысы.

Айтуынша, осыған дейін Қазақстанға көшу туралы ойы болған. Алайда ойлана келе, сонда тұрақтауды дұрыс деп шешкен.

«Біз отбасымызбен ешқайда кетуге дайындалып жатқан жоқпыз. Бізде мұнда жеке секторымыз бар. 2014 жылғы майдан кезінде көшіп келгендердің көбі елден көшіп жатыр. Қорқып жатқандары байқалады. Ал біз осында қаламыз. Себебі шаңырағымыз, үйіміз осында», – дейді ол.

Адамдар қақтығыстың болуына дайындалып жатыр деуге болады дейді бірлестік басшысы.

«Оны тұрғындардың азық-түлікті көптеп алып, қор дайындап жатқанынан байқауға болады. Адамдар Нұр-Сұлтанға, Алматыға баратын ұшақ билеттері жайлы жиі сұрай бастады», – дейді Данияр.

Қалада мектепке баратын оқушылар саны азайған көрінеді. Даниярдың сөзінше, қарапайым мектептерде жағдай қалыпты, алайда жекеменшік мектептерде оқитын оқушыларды ата-аналары алып кеткен. Данияр жағдайды күн сайын одан ары ушықтырып көрсетіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, теледидар, әлеуметтік желілерде бұл процесс байқалады. Бұл өз кезегінде адамдарға да әсер етеді, ішкі қорқыныш пен үрей ұлғая түседі деп атап өтті ол.

«Мұның бәрі немен аяқталатынын білмейміз. Іште үлкен уайым бар», – дейді ол.

Сондай-ақ, диаспора басшысы Қазақстан елшілігімен тығыз қарым-қатынаста екенін жеткізді. Жақында ол елшімен кездесіп, Қазақстандағы және Украинадағы жағдай туралы сөйлесіп, алаңдаған сұрақтарымызды қоямыз деп отыр. Киев қаласының тағы бір тұрғыны, жерлесіміз Батыр Ниязовтың бұл елде тұрып жатқанына 10 жыл болған. Ол – «Достық» қазақ мәдени орталығының мүшесі. Отбасылы, жеке кәсіппен айналысады. Оның сөзінше, қазір тұрғындар арасындағы жағдай тұрақты.

«Алаңдаушылық қатты көп емес, алайда бірен-саран адамның болған жағдайға қатысты «не істеуге болады» деп бас қатырып жүргендері рас. Жалпы, тұрғындар күнделікті тіршілікпен жүр. Мектептер істеп тұр. Халық арасында дүрбелеңге салынып жатқандар – желідегі түрлі ақпараттың әсерінде жүргендер. Дүрбелеңге салыну-салынбау әркімнің өзіне байланысты. Ондай жағдай болмай-ақ қойсын. Өзімізде де іштей қобалжу бар, әрине», – деп пікір білдірді ол.

Соңғы жылдың ресми статистикасы бойынша, Украинада 40-47 мың қазақ тұрады. Бұл цифрларға Қырым автономиялық республикасы, Донецк, Луганск облыстары да кіреді. Қазақтар арасында әртүрлі маман иелері бар, соның ішінде инженерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер көбірек. Онда тұратын жерлестеріміз көбіне Совет Одағы уақытында көшіп келгендер. Олардың көбі бүгінде егде тартты, енді қазір балалары, немерелері елде тұрақтап қалған.

«Достық» жалпыукраиналық қазақтар бірлестігі өз кезегінде егде тартқан адамдарға, ардагерлерге көмектеседі екен. «Қазақтардың арасында көмекке мұқтаж жандардың жағдайы бақыланады. Кәсіпкерлер тобы бар, олар әрдайым көмек қолдарын созып отырады», – дейді бірлестік басшысы Данияр Егамбердиев.

Еске сала кетсек, АҚШ Президенті Джо Байден бұған дейін Ресей 16 ақпанда Украинаға шабуыл жасауы мүмкін екенін айтқан. Der Spiegel журналының жазуынша, Ресейдің осы күні басып кіруі мүмкін екенін ЦРУ мен АҚШ әскерилері де қостаған. Ал кеше Украина Президенті Владимир Зеленский халыққа бейнеүндеу жолдап, 16 ақпанның мемлекеттік мереке – Украина бірлігі күні болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол елден кетіп жатқан кәсіпкерлердің қайта оралуын сұрады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.