«Қаңтар оқиғасы» о баста газ бағасының екі есеге көтерілуіне байланысты тұтанып, кейін ол саяси талаптарға ұласқаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде қалың бұқараның талабына орай Үкіметті жедел отставкаға жіберіп, атқарушы билікке газдан бөлек жанар-жағармай бағасын реттеуді тапсырды. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер тарифін алты ай бойы бірқалыпта ұстап тұруға шешім шығарды. Мемлекет басшысының осы әрекеті халықтың көңілін жайландырды, ереуілшілердің дені тарқап кетті. Бірақ, міне 1 айдан соң бірқатар өңірде жанар-жағармай құны тағы өсті. Енді мұны қалай түсінуге болады?! Бұл жұрттың ашуы басылғанша, «баға өспейді» деп алдарқата тұрудың амалы ма, әлде бизнес субъектілерінің баға бойынша өзара астыртын сөз байласуы болды ма? деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, Президент тапсырмасынан кейін Энергетика министрлігі жыл басында мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің 180 күнге арналған шекті бағасын бекітті: Аи-80 маркілі жанармайдың бір литрі үшін – 89, Аи-92 маркілі жанармайдың бір литрі үшін – 182, Аи-93 маркілі жанармайдың бір литр үшін – 182, Аи-95 маркілі жанармайдың бір литр үшін – 215; дизель отынының бір литр үшін (жазғы, маусымаралық) Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында – 260, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан қалалары мен Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – 230 теңге.
Одан бөлек, Павлодар облысында мемлекеттік мекеме мен бөлшек саудалаушылар арасында АИ-92 маркілі жанармайдың литрін 250 теңгеден жеткізіп беру бойынша мемлекеттік сатып алу жөнінде келісімшарт бекітілген екен, бірақ мұнай өнімдеріне шекті баға қойылуы себепті екі тарап бұл шарттан бөлек жанармай құнын 182 теңгеге дейін төмендету жөнінде қосымша келісім жасауға мәжбүр болды. Осындай қосымша келісім Түркістан облысында да жасалынды.
Айыптылар айыппұл арқалады
Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілер мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және бөлшек саудада сату саласындағы заңнама талаптарын сақтауы және жанар-жағармайды белгіленген шектен асыра бағалауға жол бермеуі тиіс. Ал бөлшек саудада сұйық отынды шекті бағасынан асырып сататындар үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Оны қадағалау Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияны реттеу жөніндегі комитетіне жүктелген.
«Бөлшек саудада жанар-жағармай сататын кәсіпкерлік субъектілер мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруге және өткізуге қатысты заң нормаларын қатаң сақтап, оның бағасын шекті мөлшерден асырмауы тиіс. Ал тұтынушылар отын бағасы қымбаттағанын байқаса, Энергетика министрлігіне және Табиғи монополияны реттеу жөніндегі комитеттің аумақтық департаменттеріне шағымдана алады» ,– дейді Табиғи монополияны реттеу жөніндегі комитеттің төрағасы Асан Дарбаев.
Өңірлерде мұндай фактілер анықталды, айыптыларға шара қолданылды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында мұнай өнімдерін бөлшек саудада шекті құнынан өсіріп сатқандарға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы 5 хаттама толтырылды. Атап айтсақ, Қарағанды қаласының Ермеков көшесі, 94/3 мекенжайында орналасқан «Қарағанды терминал Мұнай» ЖШС-ның май құю стансасы дизель отынының (жазғы) бағасын литріне 230 теңгеден 275 теңгеге дейін шекті бағасынан асырып сатқан. Ол бойынша Табиғи монополияға қарсы комитеттің облыстық департаменті «Қарағанды Терминал Мұнай» ЖШС-на қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 171-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғап, тергеу материалдарын қалалық мамандандырылған ауданаралық соттың қарауына жіберді.
Егер алдағы уақытта кәсіпорындар әкімшілік жазадан кейін бір жыл ішінде тағы заң бұзса, оларға құқықбұзушылық нәтижесінде тапқан табысының 100% көлемінде айыппұл салынатын болады. Бұл жағдайда бизнес нысандарының жұмысы уақытша тоқтатылуы немесе аккредитациялық куәліктен айырылуы ықтимал.
Мәжіліс депутаты А.Линник кәсіпкерлік субъектілерінің жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы бағасын 180 күн бойы шекті мөлшерде ұстап тұрудың қиындығын айтып, оның түйткілді тұсын көрсетіп берді. Ол нарыққа қатысушылардың әртүрлі бәсекелестік жағдайда болуы бағаның өсуіне түрткі болатынын ескертті.
«Өйткені Энергетика министрлігі баға құрауды Petro Retail ЖШС АҚС-ның (бұрынғы «ҚазМұнайГаз өнімдері» стансасы желісі) бөлшек саудадағы бағасына қарап белгілейді. Petro Retail болса, отынды негізгі ресурс ұстаушыдан тікелей алады. Ал шағын және орта бизнес нысандарының мұндай мүмкіндігі жоқ, олар мұнай өнімдерін ресурс ұстаушыдан тікелей емес, көтерме нарықтағы делдалдардан, ұсақ өндірушілерден үстеме бағамен сатып алуға мәжбүр. Бұл екі бағаның айырмасы үлкен және ол бөлшек саудадағы сату бағасына әсер ететіні түсінікті», – деді депутат.
Жосықсыз бәсекелестік жарға жығады
Ішкі нарықта саудаланатын жанар-жағармай негізінен жоғары жақта қолдаушы-қорғаушысы бар ірі компанияларға бұйырады да, ұсақ саудагерлердің олардан қалған қалдық өнімді місе тұтуына тура келеді. Кейде тіпті шағын бизнес нысандарына жанармай мен дизель отыны мүлдем жетпей қалуы мүмкін. Сөйтіп, нарықта теңсіз жағдайдағы субъектілер банкротқа ұшырайды. Ал Энергетика министрлігінің мұнай өңдеу зауыттары өз өнімдерін бөлшек саудадағы субъектілердің барлығына бірдей Petrosun ЖШС-ында бекітілген бағамен және аралық делдалсыз тікелей бөлуі тиіс деген шешімін қазір құлағына іліп жатқан ешкім жоқ.
Сондай-ақ GasEnergy, Qazaq Oil, Sinooil, «ҚазМұнайГаз» сияқты емес, көптеген шағын бизнес субъектісінің сұйық отынға шексіз көлемде және емін-еркін қол жеткізу мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, қолдан жасалған түрлі кедергі ұсақ саудалаушыларды жанар-жағармайды өз бағасына, кейде тіпті шығынмен сатуға мәжбүрлейді. Сөйтіп, монополистер және мұнай өңдеуші зауыттар мен автоқұю стансасы арасындағы делдалдар бағаны қымбаттатып, шағын және орта бизнесті тығырыққа тіреп отыр.
Әсіресе, мұнай өнімдерінің көтерме нарығындағы ең ірі жабдықтаушы «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ бәсекелестік заңдылықтарын белшесінен басқан. Осының салдарынан шағын және орта бизнес субъектілері ірі жабдықтаушымен өздеріне тиімсіз шарт жасасуға мәжбүр. ШОБ алатын тауары үшін 4 күннің ішінде 100% алдын ала төлем төлеуге міндеттелген. Ал ірі ресурс өндірушілердің жауапкершілігі, керісінше жеңілдетілген: олар ақшасы төленіп қойған өнімді бір айдың ішінде тауып берсе болды, бұл үшін монополиске айып тағылмайды. Ірі ресурс өндірушілер бұл шарттың өзін әркез орындай бермейді. Ал әр күні ақшамен есептелетін бизнес әлемінде тауардың уақытылы жеткізілмеуі жеке кәсіпкерлердің жұмысын тұралатып, шаш етектен шығынға батырып тұр.
Осы келеңсіздіктердің алдын алу үшін Мәжіліс депутаты А.Линник мынадай ұсыныс айтты:
«Бөлшек сауда жасаушыларға қажетті мұнай өнімінің кем дегенде 50% ешқандай делдалсыз тікелей бөлінуі тиіс немесе көтерме бағаға мемлекеттік реттеуді енгізу қажет. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» интеграцияланған ақпараттық жүйесі базасында мұнай өнімдерін таратуды цифрландыру процедурасын жеделдету керек», – дейді ол.
Жанармай мен дизель отынынан басқа бірді-екілі өңірде автогаз бағасының өсу фактілері де тіркелген. Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті үстем жағдайды теріс пайдалану, жоғары баға белгілеу белгілері бойынша «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС ұйымына қатысты тексеруді қолға алды. Одан бөлек, облыстық Экономикалық тергеу департаменті аталған газ желісі ұйымының қызметіне тергеу жүргізді. Оның барысында серіктестік 2019-2021 жылдар аралығында өз өніміне монополиялық жоғары баға белгілегені анықталды. Осыған орай Экономикалық тергеу департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС үстінен қылмыстық іс қозғап, компанияның әкімшілік құқықбұзушылық кезінде тапқан табысын толықтай мемлекет бюджетіне аудару қамына кірісті.
Біртұтас ЕАЭО нарығы құрылса қиын-ау
Жалпы, Қазақстанда былтырғы күзден бері жарты жылдың ішінде жанар-жағармай бағасы бес рет өсті. Бұл – жылда қайталанатын проблема. Экономист Марат Қайырленов оның бірқатар себебін санамалай келіп, былай дейді:
– Әдетте ол Ресейдегі баға Қазақстанға қарағанда 40-50 пайыз қымбат болғандықтан, біздің жанар-жағармайдың терістікке есепсіз ағып кетуіне байланысты түсіндіріледі. Бірақ отын тапшы кезде немесе егістік науқаны уағында жанар-жағармайды импортқа шығаруға шектеу қойса болды, аталған проблема шешіліп жатыр емес пе?! Сондықтан жанар-жағармайдың кеденнен заңсыз өтуіне бақылау қойып, оның ішкі нарықтағы бағасын реттеуге ерекше мән беру қажет, – деді экономист.
Осы жерде бір мәселені еске сала кеткен жөн: 2025 жылы, енді үш жылдан кейін ЕАЭО аясында біртұтас мұнай және мұнай өнімдерінің нарығы құрылады. Сол уақытта Қазақстандағы баға Ресеймен теңеседі. Міне, нақ сол кезде нағыз қымбатшылыққа, гиперинфляцияға ұрынамыз ба деген қауіп бар.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі жанармай бағасын мемлекет реттемейді, барша әлемдегі сияқты нарық реттейді деген уәжді алға тартады. Бірақ барша әлемде мұнай қымбаттағанда жанармай да қымбаттап, мұнай арзандағанда – жанармай арзандайды, ал бізде мұнай арзандаса да, жанармай тоқтаусыз қымбаттай береді. Яғни, бар проблема әлемдік үрдісте емес, мемлекеттік басқару механизмдерінің тиімділігінде, антимонополия қызметінің нашарлығында болса керек.