Қалалық қоғамдық-саяси газет

«6 жыл өзге жанұяда тұру оңайға соқпады»: Боксшы Сәкен Бибосынов спорттық мансабы, Токиодағы Олимпиада мен Белградтағы жеңісі жайлы айтып берді

0 212

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Сербияда өткен бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Өзбекстанда дүниеге келіп, қалай Қазақстан ұлттық құрамасына тап болғанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. Сұхбат барысында боксшы өмірлік сынақтары мен көрген қиындықтарын да бүкпесіз жеткізді.

«Чемпион болу үшін адамға ең әуелі шыдамдылық керек» деп ағынан жарылған спортшы талай қиындықтарға қарсы тұрып, бала арманын жүзеге асыруға барын салған. Кәсіби бокста 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бой көрсетіп жүрген Сәкен Бибосынов 1997 жылы 3-шілдеде Өзбекстанда дүниеге келген. Бала күнінен спортпен айналысып, 13 жасынан бастап жаттығуларын Қазақстанда жалғастырған. Бастапқыда Бибосынов Қызылорда мектеп-интернатында оқып, артынша Алматыға барады.

“Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы, Бостандық ауданында дүниеге келгенмін. 8-сыныпқа дейін сонда оқыдым. 9-сыныпта Қызылорда қаласында спорт интернатына оқуға түстім. Оны бітіріп шыққан соң, Алматыға 3 рет оқуға құжат тапсырдым. Олар қабылдамады. Одан кейін оқу жылы басталып кетті. Арман қала Алматыдан үміт те жауап та болмағаннан кейін, Шымкенттегі Әлеуметтік педагогикалық колледжге оқуға түстім. Сонда оқуымды жалғастырдым. Сайрам ауданы, Қарасу ауданының тұрғыны болдым”, – дейді әлем чемпионы.

Айтуынша, Шымкентте жүргенде ол алты жыл бойы бөтен шаңырақта сөз етті.

“Сол жақта Ділдабек Қуатбеков деген кісі маған өз үйінен орын беріп, сол шаңырақта 6 жыл тұрдым. Осындай жетістіктерге жетуіме себепші сол азамат деп ойлаймын. Көптің қолынан келе бермейтін жомарттық пен мейірімділікті сол кісінің көзінен, жүрегінен көрдім. Олар не жесе мен де соны жеп өстім. Таңертең «Ақсукент-Шымкент» деген автобустың алғашқы жолаушысы болып мініп, қалаға келіп, жаттығу жасап, үйге қайтатынмын. Содан үйге қайтып, аз-маз уақыт демалсам қуанып, шаршауды білмей қайта кешкісін жаттығу алаңына келіп, машықтанып жүрдім. Сөмкеміз ауыр, автобуста адам көп, айқай-шу есітіп, үйге әрең жететінмін. Токиодан келген соң, Сайрам ауданындағы кәсіпкер ағаларым көлік сыйға тартты. Сонша қиындыққа шыдап, төзгеніңнің барлығы осындай теңдессіз жетістікке, еліңе пайдаң тигізгенде ұмытып та кетеді екенсің”, – дейді Сәкен Бибосынов.

Бибосынов 2015 жылдан бастап кәсіби бокс шаршы алаңында бағын сынап жүр.

“Қазақстанға келген соң дағдылану, үйренісу маған оңай болған жоқ. Әке-шешем Өзбекстанда болды. Қазір енді оның барлығы артта қалды. 2014 жылдан бастап Шымкент қаласының атынан шаршы алаңға шығып, боксқа қатыса бастадым. Жастар арасындағы біріншілігінде алғашқы айналымда-ақ жеңілдім. Сөйтіп, қайтадан жаттығуды үзбей жасап, дайындықта болдым. 2015 жылы Қазақстан біріншілігінде бірінші орын алып, шетелге шығып, ойын көрсетуге мүмкіндік алдым. Алғашқы жарысымыз Ресейдегі Анапа қаласында болды. Бірінші кездесуде қарсыласымды басымдықпен ұтып, 4 қарсыласты да жеңіп, бірінші орынмен елге оралғаным бар. Осылайша ересектер арасындағы ойындарда бой көрсете бастадым. Бұл бағыттағы алғашқы ойынымда жеңілдім. 2017 өткен Қазақстан біріншілігінде тағы да жеңілдім”, – дейді спортшы.

Боксқа дайындалып жүргенде боксшы әкесінен айырылғанын айтады.

“Сынбай, қайта тұруға барымды салдым. Әке-шешеден ақша сұрау ұят. 2019 жылы болатын жарыстан бірінші орын аламын, әлем біріншілігіне жүлдеге ие боламын деп өзіме талап қойдым. Сол мақсат бойынша еңбектендім. Сөйтіп жүргенде асқар тау әкем өмірден өтеді. Өзбекстанға барып, әкемді жерлеп келген соң, бар күшімді жинап, мақсатыма жету жолында барымды салдым. Мақсатым орындалып, әлем біріншілігінде ІІІ орын алып, берілген сыйақыға Өзбекстандағы үйді сатып, анамды елге әкелдім. Бір айға жуық пәтер іздеп, сандалдық. Қаншама ай пәтер жалдап тұруға мәжбүр болдық. Осылай жүріп Қайтпас 1 шағын ауданынан үйлі болып, отбасымды көшіріп әкелдік. Отбасымда ең кенжесімін. Тіпті кейбір кездері боксты тастауға да бекіндім. Бірақ ағам маған күш беріп, бокстан алыстамауымды сұрады”, – деп қосты боксшы.

Сонымен қатар Сәкен Бибосынов жазда өткен Токиодағы Олимпиада жайлы ой білдірді.

“2021 жылы наурыз айында Олимпиада ойындарына жолдама алдым. 8 боксшы баратын болдық. Ең соңғы лицензияны мен алдым. Алдымдағы боксшылардың барлығы орын алды. Егер мен ұтылып қалсам не болады деген үлкен қорқыныш болды. Қиындыққа шыдап, өз-өзімді жеңіп, сенімділік танытып, елге абыроймен қайтамын деп бекіндім. Олимпиадаға екі ай қалған уақытта менің баратыным шешілді. Бабым мен бағым қатар шауып, қола жүлденің иегері атандым. Жартылай финалда ағылшын боксшысы Джалал Яфай жұдырықтастым. Мақсатым алтын медаль еді. Сәттілік жетіспеді ме, іштей екінші және үшінші раундтарда алтын алдым деп ойлап едім, төрешілер оған келіспей маған қола медальді табыс етті. Бұйрық осы болар. Оған да шүкір. Елімнің көк туып аспанға желбіретіп, әлеммен бірге, әлем сахнасында тұрып мемлекеттік Гимнді шырқау деген мен үшін үлкен абыройы, ел алдындағы теңдессіз міндет деп бағалаймын. Алда мұнан да үлкен жетістіктерге жетіп, елдің абыройын асырып, мерейін үстемдетемін деп санаймын. Бұл тек бастамасы ғана”, – деді Олимпиада жүлдегері.

Спортшы әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиевті үлгі тұтатынын жеткізді.

“Мен жалпы, боксқа келген күннен бастап, Серік Сапиевтей ағаларымыздан үлгі алып өстім. Сол азаматтар сияқты, ағаларымыз сияқты боксшы болсам, еліме пайдамды тигізсем деген мақсатпен арманмен өстім десем де болады. Аллаға шүкір, армандар орындалатынына тағы да көзім жетті. Ендігі мақсат Серік Сапиев екі рет әлем чемпионы болып рекорд орнатса, мен үш рет әлем чемпионы болып, көрсеткішті жаңартқым келеді. Ол үшін талмайтын еңбек, қажырлы күш, бастысы ынта қажет деп ойлаймын. Осы жолда барымды саламын. Ал кезекті өлшеусіз жеңіске жету де мен үшін оңай болмады. Қаншама тер, қаншама еңбек, төзімділік болды. Барлығына көндім, істің ақырын байқадым, жоспар бойынша еңбектендім. Бапкерлерімнің тапсырмасын орындап, сол жолмен күшімді жұмсадым. Нәтижесі жаман болмады”, – дейді ол.

Боксшының әуелгі таңдауы футбол болған көрінеді. Алайда туған ағасының айтуымен боксқа келген.

“Жалпы, бокстан бөлек мен футболға өте қатты қызығамын. Бала күнімде футболға да барғым келген. Бірақ футбол командалық ойын болғандықтан, қанша мықты болсаң да жеңіске жету оңай емес. Сол себепті де жеке тұлғаның күшін анық саралап, көрсететін боксқа қарай төселіп кеттім. Дегенмен де аракідік, бокс уақыттарымды футбол алаңдарына барып, ойнап жүремін. Бұл менің кезекті хоббиім десем де болады. Өзімнің туған ағам боксшы болған. Бала күнімнен боксты біліп, машықтанып өстім десем қателеспеймін. Алғашқы ұстазым ағам болды”, – дейді ол.

Сербияда өткен бокстан әлем чемпионатының алтын медаль жүлдегері Сәкен Бибосынов сұхбат барысында жарыста орын алған қызықты жағдай туралы да айтып берді.

“Бірінші раундтан кейін жаттықтырушы ұпай бойынша алда келе жатқанымды айтты. Екінші раундта тағы да жеңдім. Шешуші раундта дұрыс жұдырықтаспағанымды білдім. Алайда жеңетініме сенімді болдым. Төрешілер нәтижені жариялаған соң құттықтаулар қабылдауға дайын болдым”, – дейді әлем чемпионы.

Қорытындыны жариялау кезінде төреші жеңімпазды шатастырып, америкалық боксшының қолын көтерген.

“Біраз абдырап қалдым. Бірақ қателікті бірден түзетті. Тіпті, АҚШ боксшысы мені көрсетіп, жеңімпазды нұсқағандай болды. Қызық, жекпе-жекті өзі де бақылап отырды, кімнің жеңгенін аңғаруына болатын еді. Жеңісті басқа біреуге беруге бола ма? Білемін, қарапайым қателік», – деп аяқтады Сәкен Бибосынов.

Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегері алдағы уақытта үйленетінін, тойды 13 желтоқсанға белгілегенін айта өтті.

Белградта өткен әлем чемпионатында 51 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов алтын медаль жеңген еді. Ол финалдық кездесуде Джамал Харвимен жұдырықтасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.