Алда Тараз қаласының туған күні келе жатыр. Осы орайда көненің көзі, береке мен бірлік нышанды ежелгі қаланың, көкжиектен тамыр тартқан Тараз қаласының күні делінетін атаулы мереке қарсаңында белгілі журналист, танымал публицист, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенмен сұхбаттасқан едік.
– Құрметті Мейрамбек Мылтықбайұлы, сізбен жұрт болып атап жүретін «Тараз қаласы күні» мерекесі қарсаңында тілдесудің сәті түсті.
– Әп, бәрекелді. Құтты болсын!
– Бұл тарихи қаланың аты да тегін қойылмаған ғой?..
– Біздің ата-бабаларымыз жер-су, елді мекеннің аттарын бекерден-бекер атай салмаған. Бұл жағынан мықты тарихи жады мен ауызша фольклорға сенген, сол арқауы үзілмейтін аңызды ақиқаттарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын есті мәдени ескеркіштер көмбесі деп қараймыз. Ал сол жұмбағы көп жақсы ұғымдарды көмбеден аршып алып, көне қаламыздың тарихын адамзаттың жаратылысы мен ақыл-ойынан туындаған ғажайыптар ретінде қарастырған ғылыми ізденістер мен сол ыңғайда болжам жасалып, дәлелді қорытынды пікірлер әлі де жалғасып келеді. Ендеше, Тараз қаласы атауының төркінінде аспандағы жұлдызға қойылған «Тараз» ұғымының жатуы мүмкін ғой. Біз Тараз қаласының тарихын зерттеуге қадам жасап, ұмтылған ұрпақпыз. Біз «ұмтылған» деген сөзге ерекше мән береміз, себебі қаншама ғасырдан бері талай атақты оқымыстылар мен археолог-тарихшылар қазақтың байтақ даласында орнаған жауhap шаhapдың жұмбақтарын жарыққа шығаруға белсене атсалысып, араласып жүр. Байқасаңыз, сондай ғалымдар жазбаларында және жерасты көмбеден табылған экспонаттар мен зат-мүліктердің, тастағы жазулардың ежелгі дәуір жәдігерлерінен, табиғи құбылыстардың көрініс беруінен көптеген ой-жосықтар Талас өзенінің айдынды ағысы мен атауынан қаланың кіндік байламына ұқсастықты салыстырып, зерттеу жүргізеді.
– Тараз шаһары «Даладағы қала» деп те аталады кейбір деректерде…
– «Талас» сөзіне байланысты айтылып жүрген пайымдаулар көпшілікке мәлім. Бір мәселені ашып айта кетейін, Талас – өзен мен даланы, шыңдар мен жазықтарды, батыс пен шығысты тоғыстырып тұрған аймақ. Табиғаттың Жаратқан Ием берген барлық сұлу жаратылыстары мен кереметтеріне молынан малынған Тараз қаласының осындай үлкен символикалық нышандары теңдікпен һәм жарастықпен әспеттеліп, аялап жүргеніміздің өзі ұлттық діл мен мінезге байланысты. Тараз – байтақ еліміз үшін теңдессіз сүйкімді, ерекше мәнді атау. Тарих тағылымын бірден аңғарта алатын асыл сөз. Ұлы Жібек жолы бойындағы өлкенің түкпір-түкпірінде құпия сырлар мол. Тараздық керемет ақын Жақсылық Сәтібеков кезінде жазғанындай, «ана заманда шанағын жылдар бозартқан домбыра сияқты Қаратаудың шаңды үніне құлақ тосар еді» деп қаланың жиегінде шөккен сансыз желмаяның өркештерін қызықтар тағы бір шежіре тарихтың беттерін парақтап ашар еді. Бұл қасиеті мен киесі тең қала суреттерін ақындардың өлеңдерінен іздесең, молынан тауып, жүрекпен тебіреніп, көңілің құс боп ұшып, ойларың толқын қуған айдында жүзіп, жүз тұлпарға мініп жұлдыздай ағасың… Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең ежелгі қаланың 2000 жылдық мерекесі мен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын бүкіл халық болып кеңінен атап өтуге зор мән беріп, айрықша қамқорлық көрсетті. Соның арқасында қала сәулеті мен көркі бұрынғыдан анағұрлым ерекше айшықталып, түрлене түсті. Тотыдай таранды, ел іші де түледі. Елбасының «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген өміршең бойтұмар сөзі халқымыздың бақыты мен талайғы өмірін көрсетіп тұрады әрдайым. Біз сондықтан қала мәдениеті мен экологиясын, дәстүрі мен салтын көздің қарашығындай сақтап, бабалардан қалған асыл мұраның қадіріне жетіп, жанашыр тілеумен өмір сүруіміз керек. «Бұл – Орта Азиядағы ең көненің бірегейі, ұлттық рухты көтеріп тұратын құдіретке ие» дейді ғой ақын ағайындар. Сол – дәл берілген баға.
– Сіз айтып отырған мәселелерді, сүйінішті тарихты адамдар, оның ішінде қала тұрғындары жан-тәнімен, жүрегімен сезіне түсу үшін не істеу керек?
– Қалың қазақтың қадірлісі, данагөй жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Талайғы Тараз» деген ой-толғау кітабын оқу керек. Жалғыз Әбіш ағаның келбеті кесек туындысын зерделеп оқып шығып, тарих тұңғиығына сүңгіп шығар ма еді?! Анығында, Тараз тарихы жайында талай азаматтар, арғысы В.Бартольд, бертінде К.Байпақов, еңбекқор журналист Б.Әбілдаев және басқа да зерттеушілердің жазған еңбектерінің өзі кітапхана сөресін толтырады. Әдебиеттің әртүрлі жанрында дүниеге келген туындылар да көп. Бәлкім, кейбіреулерінде қайталау жағы ептеп болуы мүмкін, есте жүретін нәрсені еске салудың артықтығы жоқ. Әйтсе де, Тараздың атауын VІ ғасырдың өзінде Византия елшісі Земарх еске алған тарихи жазбадан бері, Моңғол дәуіріне дейін мұсылман жазушылар «Тараз» деп атаған қала атауы және оның тағдырлы тарихына қалам тартқан адамдар қатарын санап шығып, таңғалуға да болады. Талайғы Тараздың қызықтырған тарихы адамзат өркениетімен өрбіп, өркен жайғаны Шығыстың жұлдызды шайыры Фирдоусидің сұқтаныңқырап емес, адал сүйіспеншілікпен жырлаған шығармасымен де даңқты.
– Бүгінгі жас ұрпақ – жаңарған Қазақстанның үміті мен сенімі. Нұрлы балалары. Ел мен жер тарихын жете білуі олардың қоғам дамуы үшін өте қажет. Өйтпейді екенбіз, кейбір тәрбие ісінде өкініп қалуымыз мүмкін. Өлкетану деген – қоғамды тану, ал қоғам – халық деген сөз емес пе?
– Тараз жастарының осы аты әлемге мәшhүр, сүйікті, әйгілі ЮНЕСКО секілді беделді халықаралық ұйымның назарына ілігіп, тұрлаулы тізімге енген қалада тұрудың мақтан етерлік жағдайымен бірге ішкі мәдени сезімдік жауапкершілігі де бар екенін бойына сіңіру керек. «Қаламыз қандай?» деген сұраққа «Айтары жоқ, керемет!» деп жауап береміз. Жасыл желек жамылған сирек қаланың бірі, шаһардың даңқын нән теректер шығарғанын да көнекөз кісілер білетін болар.Қаланың рухани әлемі қандай әдемі қазыналармен қадірлі екеніне терең мән берсе құба-құп. Поэзия кітаптарын көп оқитын әрі задында зерек жамбылдық зиялы Әлібек Әмзеұлы мен Тәкен Молдақыновтың ойынша, қазақ ақындары мен өлең қонған адамдарының ең атақтылары арасында Тараз қаласына арнап өлең, жыр, толғау жазбағаны кемде-кем. Біз де солай ой түйіп жүрміз. Кілең әдемі жыр оқыған тараздық өскіннің мың-мыңдап Тараз туралы өлеңді ұйықтап жатып оқитындай дәстүрі мен мектебін қалыптастыруды ойластырсақ, қалай болар еді?! Өлкетану кітабында таңдаулы жыр дестесін енгізсе ғажап емес пе?! Жақында әлеуметтік желіде мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамып, кесілген Қарасазда тілі шыққан бала шетінен ақын аталарының бір шумақ болса өлең оқитынын айтып, көрсетті. Тамаша емес пе?! Сол секілді Тараз жырларын әр қазақ, әлбетте мектеп оқушылары жаппай жатқа оқыса, жаман бола ма?Мұраның үлкені де мүбәрак екені осындайда көрінеді. Бұл іске Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы тиісті оқу, білім ұйымдарымен бірлесіп атқаруына болады деп ойлаймыз. Тараз дегенде, Жамбыл жақта дегенде, әрине, Айша бибі мавзолейі мен Қарахан кесенесі әуелі еске түседі. Тараздың рухани әлемі мен қалалық келбеті мұнымен бітпейді ғой.
– Осы арада сіздің қаланың туристік кластерлік қызметі туралы пікіріңізді білсек. Сіз үшін не қымбат?
– Не қымбат дейсіз бе?
– Иә.
– Дүние кең. Көз жетпеске қол қайдан жетсін?! Цифр сөйлейтін заман. Әлемде туризмді дамыту – пайданың көзі. Бұл саланың қырық қабат жұмысын үйренуіміз керек. Тараз қасиетті табалдырық екенін сервистік сапалы қызмет көрсетумен және ерекше тарихи ескерткіштер, мәдени орындармен және тұрғындардың өзіндік мәдениетімен тартымды етеді. Тынығу, тұшымды ой қорыту, көне тарихтың құбылыстарына куә болу секілді адами қызығушылық болса керек. Әлемдік тәжірибе бар. Ел жүрегі Нұр-Сұлтан мен көркем Алматыда, енді түркі әлемнің рухани орталығы Түркістан қаласындағы шетелдіктер қатты қызығатын мәдени-тарихи және демалыс орындары басқа қалалардың да өркендеуіне әсер етеді.Ал Таразда соңғы жылдары тұрғызылған «Көне Тараз» бен «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық орталықтарының мәуелі де сәулеті өрнекті жаңа ғимараттары, аңызға айналған ғасырлар тұлғасы Әулиеата құрметіне қойылған заңғар ескерткіші, ірі саябақтардың құлпырып шығуы, субұрқақтар мен жасыл желекті «Жастар» алаңының жайнап, көңілді демалыс аймақтарына айналуы қатты қуантады. Жақсының ісін жалғастыра білу де іскерлік. Ілгері үміт үстінде келе жатқан халық Жамбыл өңірі мен Тараз қаласында мына пандемия қиындықтарын басынан өткере отырып, әлеуметтік қажетті мәселелерді дер кезінде шешіп, қоғамдық белсенділікке ұйытқы болып, тынымсыз әрі табысты, жүйелі жұмыстар атқарып жатқанын имантаразы сөздерімен де, берекелі істерімен де қолдау білдіруде. Халықтың ақ тілегі бәрінен де қымбат. Қоғам құндылығы деген – осы. Біз үшін де солай. Маған Тараз десе, ойымда «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» деп Жамбыл жәкемнің айтатын сөзі тұрады. Сол заматта Ай туғандай Тараз бен Әулиеата рухы да келе қалады.Көркем шығармаларында Тараз қаласын ақ дариға жүрегімен ең көп жырлаған (1 том кітап) көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова: «Берілген ұлылардан бағасы – шың, Тарихтың салиқалы саласысың. Киелі, Әулиелі, көне Тараз, Сүюдің, сұлулықтың қаласысың!», – деп сәулелі қала рухын сездіреді. Бар қасиеті жұғысты қаланың мың бояулы өмірі еш уақытта тартылмаған тамыры, сөнбеген сәулесі және өшпеген, қайта жаңғырған рухы бар ел тарихы мен мәдениетін айғақтай түсетін болады. Сонау сексенінші жылдары қайсар ақын Фариза Оңғарсынова: «…Мен Гурьев облысында туып өссем де, өзімді жамбылдық ақынмын деп есептеймін. Жамбылда жаны жомарт достарым да көп. Кезінде творчествомның қайнар көзінің ашылуына игі ықпалын тигізген Жамбыл шаhары – мен үшін екінші ауылым», – деп сүйіспеншілігі мен сағынышын осылай жеткізген. Ақындардың сұңқары Ғафу Қайырбеков та осылай жүрек сөзін айтқан…Реті келгенде еске сала кетейін, жоғарыда қозғалған мәселеге тұздық дейік. XX ғасырдың өн бойында және ел тәуелсіздігі жылдарында Тараз-Жамбылды жырлаған барлық ақындар өлеңдерінің жинағын шығарсақ, қазақтың қаны мен жаны – өлең сөздері туған елге рухани-мәдени ескерткіш болып қалатыны анық.
– Өзіңіз қатты құрметтейтін, өскен, өркен жайған, киелі қаланың мереке күні қандай тілек айтар едіңіз?..
– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Мерейлі мереке. Айтулы оқиға. Біз осы жылдар белесінде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған биікке көтеріліп, дүниежүзі танып, сыйлайтын қабырғалы ел, қуатты да дербес мемлекет болдық. Қазақстанның өркениетті жолмен дамуы мен өркендеуінің арқасында өңірлер де жаңа заманның жетістіктеріне қол жеткізді. Отыз жылда ойға алғанымыз оңынан орындалды. Бұл тарихи жетістіктер мен алда тұрған абыройлы міндеттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауында жан-жақты айтылды. Жарқын келешек саяси тұрақтылық пен халық бірлігімен орныға түсетін болады. Барша жұртшылық жарасымды бірлік пен қоғам мен ел дамуына өз үлесін қосуды мұрат етеді. …Тараздың күзі тамаша. Адамзат тарихының ең қастерлі тәбәрігі, ежелгі тарихтың қарт ұстазы Тараз қаласының жұртшылығына, қадірменді бауырларыма, отаншыл жерлестеріме әрдайым амандық пен ғұмырлық бақыт тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет.
СұхбаттасқанДәулет ТӨЛЕНДІ