Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық киімді ұлықтаған

0 729

Өнерде шекара болмайды. Елімізде бұл құбылысты дәлелдеп жүрген белгілі есімдердің бірі – Айдархан Қалиев. «Асыл-Дизайн» сән үйінің негізін қалап, әлемдік сән апталықтарына «Aspara» брендімен өз топтамаларын ұсынып келе жатқан әйгілі сәнгердің өңіріміз үшін жасап жатқаны аз емес.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Айдархан Қалиев – сән индустриясы саласындағы кәсіпқойлар арасында танымал әрі беделді дизайнер. «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының негізін қалаушы әрі президенті,«Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, Тараз қаласындағы «АСПАРА» өнер және бизнес колледжінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, ҚХР киім және тоқыма өндірушілері қауымдастығының мүшесі, 80-нен астам имидждік және маусымдық топтамалардың авторы. Қазақстандағы нео-фольклор стилінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге танымал. Ол өз Отанын сүйетін, қайталанбас этникалық стиль жасауда қиыны мен қызығы қатар жүретін еңбегінің арқасында ұмытылған ұлттық киімдерді жаңа бағытта қайта жаңғыртып, өмірге әкелді. Қазақстандық дизайнердің топтамаларының негізгі идеясы әлемдік сән үрдістері мен көшпенділер киімін үйлестіру болып табылады. Бүгінде Айдархан Қалиев Орталық Азиядағы әлемдік сән көрсетілімдерінің тұрақты қатысушысы болып табылады және соңғы уақытта оның түрлі көрсетілімдерге қатысу географиясы кеңейіп келеді. Атап айтқанда, Италия, Германия, Франция, Сербия, Түркия, Үндістан, Марокко, Қытай, Швеция, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан және басқа да елдердегі сән апталықтарында отандық сәнгер өзінің жаңа фольклор стиліндегі туындыларын ұсынып, әлемдік сән сарапшыларының жоғары бағасын иеленуде.

Айдархан Қалиевтің еңбегінің арқасында 2018 жылдан бастап алғаш рет Қазақстанның оңтүстік өңірінде еуропалық дизайнерлер мен Орталық Азия сән әлемінің жарқын өкілдері бас қосты. «ASPARA FASHION WEEK» жобасының географиясы жыл сайын кеңейіп, алтыншы маусымында 37 елден келген 100 дизайнердің топтамаларын тамашаладық. Айдархан Қалиев жанына жақын фольклорлық дүниеден өзінің көркем ойларын нағыз суретшідей таба біледі. Ою-өрнек және әрлеу жүйесі, пішу техникасы және киім ансамблінің бейнелі шешімі, инновациялық технологиялардың көмегімен жасалған жаңа материалдарды пайдалану – осының бәрі ұлттық нақыштар негізінде өңделеді.

Күні кеше ғана Қазақстан колледждері арасында ұйымдастырылған нео-фольклор стиліндегі I Ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы – осының айқын дәлелі. Отызға жуық оқу ордасының басын қосып, көк ине мен ала жіпті жанына серік еткен жастарға серпін берген жоба елімізде алғаш рет өткізілді.
Ұлттық конкурс ҚР Білім және ғылым министрлігінің және «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мұрындық болуымен өтті. Сән индустриясы саласындағы жас таланттарды анықтау және жаһандық әлемге таныту мақсатында Қазақстан колледждеріндегі «Киім дизайны» және «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер арасында өткізілді. Оған Қазақстанның 27 колледжінен 50-ден астам адам қатысты.

Жыл сайын «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығының аясында ұйымдастырылып жүрген байқау биыл бірінші мәрте ел аумағында ұйымдастырылды. Мұның мәнісін сән сайысының бас үйлестірушісі, дизайнер Айдархан Қалиев былай деп түсіндірді: «Жылда «Нео-фольклор» байқауы «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығының аясында халықаралық дәрежеде ұйымдастырылатын. Нәтижесінде байқаудың жүлделерін шетелдік дизайнерлер алып кететін. Биыл сән саласында жүрген жастарды ынталандыру үшін ел аумағындағы колледждер арасында ұйымдастыруды жөн көрдік. Байқауды ұйымдастыру барысында көптеген колледжердің мұндай байқаудан мүлдем хабарсыз екенін білдік. Тіпті конкурс атаулыға қатысып көрмеген білім беру мекемелері де бар екен. Сол себепті де сән саласында жастардың тәжірибесін арттыру үшін, дүние жүзінде «ASPARA» сынды сән апталығы бар екенін көрсету үшін, кәсіби деңгейлерін көтеру үшін осындай байқау ұйымдастыруды жоспарладық. «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығының әлемдік деңгейдегі серіктестері бар. Халықаралық дәрежедегі мамандар аталған байқауға қазылық етіп, отандық жас сәнгерлерге шеберлік сыныптарын өткізді», – деді Айдархан Мірәліұлы.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының атсалысуымен ұйымдастырылған байқау екі айға созылған. Қазылар құрамындағы әлемдік сән индустриясының жетекші сарапшылары үміткерлердің топтама үлгілерін, жеке суреттерін, оқу орындары жайлы бейнероликтер көрсетілімін бағалады. Байқаудың бас ұйымдастырушысы Айдархан Қалиевтің айтуынша, үміткерлер нео-фольклор стилінің негізгі мәнін жете түсінбеген. Сол себепті де жеңімпазды анықтау аса қиынға соқпаған.

– Мен сән саласына алғаш енген сәттен бастап нео-фольклор бағытында жұмыс істеп келе жатырмын. «ASPARA» брендінің негізі де осы бағытқа қаланған. Осы бағыт бойынша әлемдік сән апталықтарына ұдайы қатысып келемін. Өкінішке орай, сән саласында дәл осы стильде жұмыс істеп жатқан отандық дизайнерлер көп емес. Аталған байқау осы үшін де ұйымдастырылып отыр. ХХ ғасырда қазақ халқы өзінің ұлттық негізінен алшақтап, ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті кию сәннен шығып қалды. Тәуелсіздік алған жаңа кезеңде біз кең етек, бүрмелі көйлек, ұзын шапан киіп жүре алмаймыз ғой. Сол үшін де ұлттық киімдерімізді жаңа заманға икемдеуіміз керек. Өкінішке орай, аталмыш байқауға қатысып жатқан үміткерлер сайыстың негізгі шартынан ауытқып кеткен. Көбісі кәдімгі ұлттық киімдердің топтамасын әзірлеген. Бұл қате. Ұлттық киімдерімізді бүгінгі кезеңге икемдеу – конкурстың басты талабы болатын. Ал сәукеле, кимешек, бүрмелі көйлек, шапан сияқты костюмдерді біз арнайы мерекелер мен арнаулы даталарда ғана киіп шыға аламыз, – дейді Айдархан Қалиев.

Бүгінде жастар арасында жапондық үлгідегі кимоно, худи сынды костюмдердің элементтері бар киімдер сәнде. Нео-фольклордың негізгі өзегі – ұлттық киімдердің элементтерін күнделікті тұтынатын киімдерге енгізу. Әсіресе, қазақтың көшпенді заманда киген киімдерінде ерекше принттер мен өрнектер баршылық. Аталмыш байқау мен «ASPARA» брендінің мақсаты осы киімдерді заманауиландыру болып отыр.

Сондай-ақ байқауды ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай қателікке дайындық мерзімінің қысқалығы әсер еткен. Екі айдың көлемінде бүтіндей үлкен топтама жасап шығару оңай шаруа емес. Алдағы уақытта Білім министрлігі қаржылай қолдау көрсетсе, байқауды ұлттық деңгейде жылына екі мәрте өткізу жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, байқаудың пандемия салдарынан карантиндік шектеулерге байланысты онлайн форматта өтуі де кей топтамаларды қолмен ұстап, кемшіліктерді көзбен көріп, пікір білдіруге кедергі келтірген. Жалпы алғанда, қазақтың ұлттың киіміндегі элементтерді тереңірек зерттеп, бүгінгі уақытқа икемдеп, жаңа модельдерді ойлап табу мақсаты орындалып келеді. Себебі қазіргі таңда әлемдік сән саласында «нео-фольклор» ұғымы кең етек алып келеді.

Барлық жеңімпаздар түрлі сертификаттармен, статуэткалармен, дипломдармен марапатталды. Айта кетейік, нео-фольклор стиліндегі киім дизайнерлері мен киім үлгілеушілердің I Ұлттық байқауы жаһандық сән индустриясында өзіндік орны бар «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының платформасында өткізілді.

Жас дизайнерлерді қолдауға, Қазақстанның сән индустриясын жаңғыртып дамытуға, сән әлеміндегі халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа, киім және дәстүрлі қолөнер бұйымдарын дайындауға, өнеркәсіп саласындағы мамандықтар мәртебесін көтеруге бағытталған байқауды келешекте дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.