Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі

0 10

Жыл өткен сайын ішкі істер саласында қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті күзеткен азаматтардың кәсіби шеберлігіне куә болып келеміз. Бүгінде Полиция басқармасында білікті, тәжірибелі мамандарды жасақтау барысы қалай жүргізілуде? Бұл жайында Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Семейхан Сексенбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Биыл ҚР «Құқық қорғау органдары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қаңтар айынан бастап ішкі істер саласына қызметке қабылдау тәртібі де өзгеріпті. Бұл жайында қысқаша айтып берсеңіз…

– Жаңа тәртіп бойынша ішкі істер органына қатардағы кіші және орта басшылық құрамға қабылдауда бастапқы кәсіби даярлау арқылы іріктеу тәртібі біршама жеңілдеді. Конкурсты және сынақ мерзімін алып тастау жолымен қызметке қабылдау мерзімі қысқарды.

– Полицияға жас мамандарды тарту мәселесі жолға қойылған ба?

– Иә, бұл ішкі істер органдары кез келген жағдайда халыққа үздіксіз қызмет көрсету үшін қажет. Жігерлі, ісіне адал жас мамандар кәсіби білікті мамандармен бірге жұмыс істесе, тәжірибесі молаяды. Сол үшін де құрамды үнемі жаңа кадрлармен толықтыру мақсатында жас мамандарды іріктей отырып қабылдау негізгі міндеттеріміздің бірі болып саналады. Мәселен, өткен жылдың өзінде Тараз қаласы Полиция басқармасының жеке құрамы 56 жас маманмен толықты. Бұл жақсы көрсеткіш деп білеміз.

– Жастарды білікті мамандармен тәжірибе алмасады дедіңіз. Оларды мамандыққа баулуда басқа қандай шаралар атқарылады?

– Ішкі істер органдарына қабылдау туралы бұйрық шыққан күні әрбір жас маманға 5 жылдан жоғары жұмыс атқарған, білімді, ұжымда беделді қызметкер тәлімгер ретінде бекітіледі. Сол күннен бастап әрбір жас маманға «Тәлімгер күнделігі» арналып, арнайы «қызметке ену» жоспары түзіліп, соның негізінде жас маманның отбасы мүшелерімен қатар достарына дейін зерделеніп, ұжымдастарымен қарым-қатынасының орнығып, толыққанды кәсіби маман болуына мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар ай сайын жас мамандардың қатысуымен Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесу ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, тәлімгерлердің есебі тыңдалып, олардың жұмыстарына тиісті баға беріледі.

– Сонымен, тәлімгерлер мектебі қалыптасқан ба?

– Тараз қаласы Полиция басқармасында Тәлімгерлер кеңесі жұмыс жасайды. Тәлімгерлер кеңесі Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып жас мамандардың таңдаған кәсібін игеруіне барынша көмек береді. Сондықтан жас мамандарға тәлімгер бекітер алдында еңбек өтілі жоғары, жетістігі көпке үлгі болатын қызметкерлердің тізімі жасалады. Осы жұмыстарға ішкі істер органдарында бірнеше жыл қызмет етіп, абыроймен зейнетке шыққан ардагерлерді міндетті түрде тартамыз. Қазірдің өзінде басқарма аумағындағы әрбір тірек пункттеріне 28 ардагер бекітілген. Олар жылдар бойы жиған мол тәжірибесімен бөлісіп жүр. Сонымен қатар жастар Тараз қаласы Полиция басқармасының әкімшілік ғимаратында арнайы бөлінген Ардагерлер кеңесінің кабинетіне барып, отбасында немесе жұмысында туындаған қиындықтармен бөлісіп, ақыл-кеңес алса әбден болады. Полиция басқармасындағы бірде-бір мәдени іс-шара жас мамандарсыз өтпейді. Яғни жас қызметкерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

– Жалпы кадр саясаты, құрамды білікті мамандармен жасақтау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Ең алдымен полицияға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Арнайы кәсіби ішкі істер органдары қызметкерлерін даярлайтын академиясын бітіріп келген жас мамандарды тартамыз. Облыс аумағындағы жоғары оқу орындарына, әскери бөлімдерге барып, білімді, қоғамдық өмірге белсене араласатын жастармен әңгімелесіп, ішкі істер органдарына шақырамыз.

– Полиция қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қандай тәрбиелік шаралар жүргізіледі?

– Қазіргі таңда Тараз қалалық полиция басқармасында жеке құрамда төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында кадр саясаты бөлімі тарапынан әлеуметтік-құқықтық даярлық сабағы жоспарланып, кесте бойынша тәрбие жұмыстары ұйымдастырылады. Жеке құрамға күнделікті әскери қызметтік тәртіпті сақтап, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы ескертіп отырамыз. Қызметтік тәртіпті бұзуға бейім қызметкерлер мен органға жаңадан қабылданған жас мамандарға еңбекпен түзеу мекемелеріне танымдық экскурсия ұйымдастырылады.
Әлеуметтік-құқықтық даяр-лық сабағында «Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашасындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын жеке құрам арасында сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен, Жамбыл облысы ПД ӨҚБ-ның қызметкерлерімен арнайы сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ҚР ІІМ-нің тапсырысымен жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берген қызметкерлерді құрықтауға байланысты дайындалған бейнероликтер көрнекі құрал ретінде жеке құрамға көрсетіліп, болашақта мұндай кемшілікке жол бермеу туралы әрбір қызметкерден қолхат алынады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты ашық сот мәжілістеріне жеке құрамның қатысуы қамтамасыз етіледі. Тараз қалалық ПБ-ның Офицерлер және Полицейлер кеңесінде әскери тәртіп бұзушылық пен Әдеп кодексінің талаптарын бұзу фактілері міндетті түрде қаралады. Жеке құрамда тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция бөлімдері мен бөлімшелерінде профилактикалық шаралар жүргізіліп, кейін нәтижесі бойынша хаттама толтырылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Дәрмен ЕРБОЛОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.