Қалалық қоғамдық-саяси газет

О, Муза, әуреге салғаның-ай!

0 318

Сезім боп жаратылып, сезініп ғұмыр кешу ақындардың маңдайына жазылған. Жаны жел өтіндегі жапырақтай қалтырап тұрған шайырдың кіршіксіз жүрегіне жол тауып, жырына жан бітіріп, самғата білген жан музаға айналады. Түсіне білгенге өлеңнің құдіреті шексіз десек, ал музаға айналған махаббаттың иесі мәңгілік. От болып жанып, шоқ болып күйдірген сезімнің табынан шыққан алау-жыр кімді болсын өртеп жіберері анық.

Сүй, жан сәулем!
Ақынның өміріне сәулесін шашып, нұрына бөлеген татар қызы Гүлсім еді. Бұл махаббат хикаясы жайында ғалымдар Х.Абдуллин мен Б.Дәрімбетовтің деректерінде біршама жан-жақты мағлұмат берілген екен.

Гүлсім өмірде сұлу һәм тәкаппар болған деседі. 1914 жылы Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогикалық институтын бітірген. Әкесі башқұрт азаматы Мичуринге қосқан. Мағжанның алғашқы сезімі «Гүлсім ханымға» өлеңінде айтылған. Осы орайда Мағжан мен Гүлсімнің таныстығына тоқтала кетсек, 1920 жылы Омбыдан Қызылжарға көшіп келген мұғалімдер курсында Мағжан әрі директор, әрі мұғалім болып қызмет етеді. Сол кезде Башқұртстаннан Мичурин деген ауқатты кісі жақында ғана үйленген Гүлсім есімді жас әйелімен көшіп келеді.

Келе сала бірден Мағжан басқаратын курсқа математикадан сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Гүлсім келген күннен бастап асқан сұлулығымен, оның үстіне ерекше тәкаппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударған көрінеді. Ол ешкімге сәлем де бермей, берген сәлемін де алмай, тіп-тік келіп, тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағжан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім үстелдің жанында жалғыз өзі отырады. Сырттан енген ақынға селт етіп қарамайды да. Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады.

Мағжан енді сөйлеуге оқтала бергенде, үй сыпырушы татар әйелі кіріп келіп: «Гүлсім ханым, сізді телефонға шақырады», – дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан үстелдің үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерінің бір бетіне: «Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым» деп басталатын өлең жолдарын жазады. Сәлден соң Гүлсім бөлмеге қайтып кіріп: «Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз, қайтайын», – деп келісімін алып, үйіне қайтады.

Ертеңінде Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, үйге Гүлсім кіріп, топқа қарама-қарсы жүреді. Әдетте жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: «Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза!» – деп қастарынан өте шығады. Басқа ешкімге сәлем бермейтін келіншектің бұл қылығынан оның ақынға деген зор ілтипаты байқалады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: «Гүлсім ханым, сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?» – деп сұрайды. Сонда сұлу: «Жоқ, мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады», – деп жауап берген екен.

Әйелінің Мағжанмен қарым-қатынасын сезген Мичурин Қызылжардан көшіп кетеді. Ол ақынға өштескені сондай, тіпті Мағжанды өлтірмекші де болады.
Ақынның жаны күйзеліп, сүйіктісіне деген сағынышы «Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім», «Айырылғанда», «Гүлсімге», «Г…ге», «Тірілдім», «Сүй, жан сәулем» деген өлеңдер циклында беріледі. Олар араға бірнеше жыл салып, ойламаған жерден Мәскеу қаласында кездесіп қалады. Мағжан жары Зылиха екеуі қоғамдық көлікте кетіп бара жатқан екен. Олар бір-біріне ләм деуге шамалары келмейді. Бұл Мағжанның өз музасымен соңғы кездесуі еді…

Алқызыл отқа оранған муза
Орыс ақыны Сергей Есениннің музасына айналған Айседора Дункан жайлы ақпарат көп, әрине. Ол Италиядағы «модерн» би жанрының негізін қалаушы, танымал талант иесі. Оның өз өмірінде алқызыл от болып ғұмыр кешті. Соңыра отқа айналып кетті. Айседора екі жасқа толғанда үйі өртеніп, өлім аузынан аман қалған екен. Ол сахнада да отқа айналып, өмірде де от кешкендей ғұмыр кешіп, соңыра мойнына байлаған алқызыл орамалы жүйіткіген көліктің дөңгелегіне оратылып, биші қылғынып қалған. Ал тірі күнінде-ақ бірнеше рет тұрмыс құрып, дүниеге әкелген балаларынан айырылып, алқызыл отқа оранған арудың «енді тұрмысқа шықпаймын» деп түйген тағдырының талқанын шығарған орыс ақыны Есенин қалай кезікті?

Мәскеуден би мектебін ашқан Айседора Есенинді бірден ұнатқан. Екі елдің жарық жұлдыздары, бірі – танымал биші, екіншісі – азулы ақын. Бір қызығы, ақын ағылшынша білмесе, биші орыс тілін ұқпаған. Тек Айседора Есенинді көргенде, оның шашын сипап «золотая голова» деген екен. Айседора Есениннен 18 жас үлкен болған. Алайда екеуінің махаббатына бұл жас айырмашылығы кедергі келтірмеген. Айседора Сергейдің бар еркелігін көтерді.

Еркелетті. Сүйді. Есениннің өмірінде Айседора музаға айналғаны рас. Айседора «Езенин» десе, Есенин Айседорасын «Айзедора» деп атаған. Бірақ екеуінің отбасылық одағы ыдырап кетті. Оған себеп, Айседора алқызыл шәлісін жамылып, отқа оранып билеп шыққанда, көрермендердің жүрегінен ақынға орын болмай қалатын. Өр рухты ақын үшін мұндай немқұрайлылықтан асқан қорлық жоқ еді. Ол шыдамады. Екеуі екі жаққа кетті. Айседора Есенинге толассыз хат жазып тұрды. Сергейдің алқызыл отқа оранған музасы Айседораға арналған жырларының бағасы бәрінен биік.

Маяковскийдің гүлдері
Ақынға муза болу сондай бақыт қой. Сол бақытты сезіндіру үшін орыс ақыны Владимир Маяковский Париж тұрғыны Татьяна Яковлеваға өзінің өлеңіне берілген гонорарын аударып, хош иісті ең қымбат гүлдерді жіберіп тұрған. Ақын өз музасына сол сәтте гүлмен бірге өмір сыйлайтынын білді ме екен?! Тіпті ақын 1930 жылы қайтыс болса да, гүл иесіне көзі тірісінде құны төленген гүлдер «Маяковскийден» деген бір ауыз сөзбен мәңгілік қуаныш сыйлап, махаббаттың символына айналғаны анық. Маяковский өз өлеңінде музасына хат жолдап: «Я все равно тебя когда-нибудь возьму – одну или вдвоем с Парижем», – деп жырлаған.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Татьяна сол гүлдерді сатып жан сақтаған. Бұл ерекше оқиғаны анасынан естіген Аркадий Рывлин 1970 жылы ақынның музасының үйіне қонаққа келіп, Маяковскийдің ұзақ жылдар бойы, тіпті өзі өмірден өтсе де, гүлдері толастамағанының растығы жөнінде сұрақ қояды. Сонда қарттық жеңген әйел күлімдеп, ас үйге өтіп, өзімен бірге шай ішуге шақырып, күте тұруын өтінеді. Сәлден соң табалдырық аттаған курьер «Маяковскийден» деп шоқ гүлдерді әкеліп береді.

Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны!
Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңін оқыған жан оның Ләйлә есімді қызға «дертті» болғанын біледі. Жұматайды оқыған адам оның өлеңіне қалай қызықса, оның музасы Ләйләсына да дәл солай құмартары сөзсіз.

Жұматайдың:
…Кетер күнім… Келер, келер ол-дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі.
Сол бір кезде жан баласы жыламай,
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны, – деген өлең жолдарынан сай-сүйегің сырқыраса, «Қанша ғажап азап шектім Ләйлә деп, Менен асқан бақытты адам жоқ, күнім!» деп жырлағанынан шайырдың шынайы сүйген жүрегін танисың, махаббатына тәнті боласың.

Досмұхамбетова Ләйлә Бейісбекқызы мен Жұматайдың арасында айтарлықтай терең, тығыз қарым-қатынас болмаған деседі. Тек Жұматай оны бірнеше рет үйіне шығарып салғаны болмаса.

Ләйлә үздік оқығаны үшін ҚазМУ-ға түскен соң, Мәскеу университетіне ауыстырылған екен. Оған Жұматай қоңырау шалып тұрғаны кейін туыстары арқылы белгілі болады. Ләйлә расында талантты һәм көрікті болғаны сонша, оған бірнеше рет фильмге түсу ұсынысы жасалған екен. Алайда отбасы қарсы болған сыңайлы. Жұматай сүйгенін құшып жар етпесе де, сүйіктісінің атымен кітабын шығарған және де Әсет Бейсеуовтің «Меңді қыз» әні де – ақынның музасына арналған жыр. Бір өкініштісі, ақын поэзиясының әр сөйлеміне арқау болып, шайырдың жырымен сусағандарды тебірентпей қоймаған Ләйләнің өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, Жұматайдың өзіне деген сезіміне, жырына деген ойының қандай екені сол күйі жұмбақ күйі қалғаны ойландырады.

Дайындаған
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.