Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде жастарға Фараби мұраларын насихаттады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
«Әл-Фараби – әлемнің шырақшысы» атты кеш шымылдығы әнші Ербосын Қасымбектің домбыра күмбірімен үндескен Абай әндерімен түрілді. Көңілдің ажарын ашқан әннен соң, күллі түркі дүниесінің ғұлама ойшылының құрметіне «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы түсірген деректі фильм көрсетілді. Деректі фильмде «Әлемнің екінші ұстазы» атанған математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің әлем өркениетінің өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі мен шығармашылығы жайлы кеңінен айтылды.
Одан кейін отандық анимациялық фильм «Оқсыз оқиғасы» көрерменге жол тартты. Бұл тарихи туындыда әл-Фарабидің балалық шағы, білім мен жаңашылдыққа деген құлшынысы сипатталады. Ғалым қазіргі Отырар ауданына қарасты Оқсыз қалашығында дүниеге келгендіктен, мульт-фильм «Оқсыз оқиғасы» деп аталыпты. Фильмде кішкентай ғалымның білімге, ғылымға деген құштарлығы, өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттеледі.
– Әбу Насыр әл-Фараби, Абай сынды тарихта аты қалған ғұламалардың ғылым-білімге құштарлығы, тәлім-тәрбиеге қатысты нақыл сөздерін насихаттап, басты мақсат жастардың жүрегіне сәуле түсірудің жолында дәріс оқып, білген-түйгенімізді бөлісіп жүрміз. Карантиндік жағдайға байланысты мұндай берері мол іс-шаралар азайғанымен, сақтық шараларын сақтай отырып, осындай іс-шараларды жалғастыруды тәуекел етіп қолға алып отырмыз.
Кеше ғана «Ғылым таппай мақтанба» атты түрлі бағыттағы байқау өткіздік. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, жастар мұндай берері мол өнегелі іс-шаралардан қажетін алып, өз бойындағы жақсы қасиеттерін дамытуға талпынады деген үміттеміз, – деді «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір.