Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әсем әнге әр берген

0 117

Қазақ поэзиясында өзіне дейінгі сүрлеуді қайталамай, өз соқпағын салған ақындар болады. Олардың жыры туған жердің топырағынан нәр алып, уақыттың тамырын басып, елдің жүрегіндегі сөзді дөп басады. Серік Тұрғынбековтің поэзиясы да сондай табиғи арнадан жаралған.

Серік Тұрғынбекұлы 1946 жылдың 1 наурызында Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Шақшақ Жәнібек ауылында туған. Балалық шағы дала төсінде өткен болашақ ақынның жүрегіне туған жердің үні ерте ұялаған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең, мысал, сықақ жазып, алғашқы шығармаларын аудандық, облыс- тық басылымдарға жариялаған. 1964 жылы орта мектепті тәмамдап, Жангелді аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясына қызметке орналасуы оның әдебиет пен журналистикадағы ұзақ жолының алғашқы баспалдағы болды.
Жас қаламгердің талантына әдеби орта ерте назар аударған. Әдебиетші-ғалым Зейнолла Қабдоловпен кездесуі оның шығармашылық жолына айрықша ықпал етіп, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетіне сырттай оқуға түсуіне мүмкіндік алады. Осыдан кейін ақынның еңбек жолы республикалық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста өрбіді. 1967-1973 жылдары Қазақ радиосында аға редактор болды. 1973-1978 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің Торғай, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Кейін Халық шығармашылық үйінде, Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында, Баспа, полиграфия және кітап саудасы саласында, «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарында еңбек етті. Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық сараптау алқасында да қызмет атқарып, театр өнерімен тығыз араласты. Кейін Сәкен Сейфуллин мұражайын басқарды.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Қобыз» деген атпен 1975 жылы жарық көрді. Одан кейін «Көкейкесті», «Торғай толғауы», «Жүрегімнің сәулесі», «Кеш келген көктем», «Жерорта» секілді кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен бірге «Тыңда түлегендер» атты очерктер жинағы жарық көрді. 2014 жылы екі томдық «Таңдамалы» шығармалары басылып, оған ақынның өлеңдері мен тарихи, лирикалық дастандары енді.
Содай-ақ Серік Тұрғынбеков қаламынан тек көркем поэзия ғана емес көрермен көзайымына айналған драмалық шығармалар да туды. Мәселен, «Нұрхан», «Абай-Біржан», «Мұқағали», «Кейкі батыр» секілді пьесалары театр сахналарында қойылды. Ақынның аударма саласындағы еңбегі де елеулі. Ол Александр Твардовскийдің лирикалық өлеңдерін қазақ тіліне аударып, «Перзент сыры» деген атпен бастырды. Петр Богдановтың «Москва үшін шайқас» поэмасын да қазақ оқырманына жеткізді.
Әр шығармашыл тұлғаның бақыты – жұрт жырын іздеп оқитын, сөзіне ықылас танытатын қаламгер болу болса, екіншісі – өзінен бұрынғы аға буынның назарына ілігу. Серік бұл тұрғыдан келгенде жолы болған ақын. Оның ақындық болмысына Хантәңірдің мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың назары түсіп, ықыласы ауған. Тіпті ұлы ақын Серіктің тырнақалды жыр жинағына ақжолтай алғысөз жазып, жас талапкерге сәт сапар тілеген екен. Бұл туралы Серік Тұрғынбекұлы өз естелігінде: «Алматыға келген соң өлеңдерім газет-журналдарда жиі-жиі жарық көре бастады. Әбділда Тәжiбаевтан бастап көптеген қаламгер жақсы лебiздерiн бiлдiрдi. Бiр күнi Мұқағали: «Әй бала, сен Алматыға келгелi бiраз уақыт өтті. Кiтабың шықты ма?» – деп сұрады. «Кiтабым баспада жатыр. Қадір Мырзалиев: «Менің тұңғыш кітабымның аты – «Домбыра». Халық жақсы қабылдады. Саған да жұғысты болсын, аты «Қобыз» болсын», – деп жоспарға кiргiзіп қойған», – деп жауап бердім.
Мұқағали ертеңінде Қадырға барып: «Серіктің кітабына мен пiкiр жазам. Одан кейін шығармай көр, Мырзалиев», – деп қолжазбаны алып кетіпті. Екеуі әзіл-қалжыңы жарасқан құрдас жандар еді. Кейiн Мұқаңның кітапқа жазған пікірін көрдiм. Кейбір түрткен жерлері де бар. «Серiк ақындық тұсауын кесуге тұратын жігіт. Мұның жырлары алып-жұлып тұрмайды, тоқырап та жатқан жоқ, бойында қаны бар, бабымен жазылған байсалды дүниелер», – деп жазған екен. Жарықтық менен үлкен үмiт күттi. «Әй, қызталақ, сен түбiнде бәрін басасың!» – деуші еді, – деп еске алады.
Бәрімізге мәлім бір ақиқат бар. Халықтың жүрегінен жол тапқан әндер болады. Уақыт жылжып, заман өзгергенімен, ондай әндер көмескі тартып, ұмытылмайды. Қайта жылдар өткен сайын ел жадында жаңғырып, жүректерде жау- һардай жарқырап, шырқала береді. Алайда қызығы сол – әннің ғұмыры ұзарып, орындаушысының атағы асқақтағанымен, оның сөзін жазған немесе әуенін тудырған авторлар кейде көлеңкеде қалып жатады. Мәселен:
«Биік-биік тауларды, қызыл-жасыл бауларды,
Үлкен-үлкен қаланы, алыс-алыс ауданды,
Көру үшін аралап, асығамыз сапарға», – деп басталатын әнді білмейтін қазақ кемде-кем. Әуені құлаққа сіңісті, сөзі көңілге жатталып қалған бұл әнді талай буын бала кезінен шырқап өсті. Ал енді осы тұста кейбір оқырманның: «Еее, бұл әнді осы кісі жазған екен ғой!» – деп таңырқайтыны анық. Иә, «Жолың болсын, жолаушы» деп аталатын бұл ән – сөзі мен әуені жүрекке жол тартқан әсерлі туынды. Ақын Серік Тұрғынбековтің нәзік лирикалық сөздері мен композитор Әсет Бейсеуовтің сырлы әуені ұштасқан бұл шығарма 1980-жылдары дүниеге келді. Әннің бағын жандырып, халыққа кеңінен танымал еткен алғашқы орындаушылар – Айткүл және Қанат Құдайбергеновтер еді.
Осы ретро әндердің қатарында «Ақкөлден ұшқан аққулар» әнінің де орны бөлек. Қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, күміс көмей әнші Нұрғали Нүсіпжанның сырлы да сазды орындауында бұл ән сексенінші жылдары талай жүректі жаулап, ел арасына кең тарады.
«Ақкөлден ұшқан аққулар,
Қай жаққа қанат қақтыңдар?!
Айналып қайта келіңдер,
Ақкөлден ұшқан аққулар», – деп басталатын ән уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге жетуі – оның халық жүрегінен өз орнын тапқанын аңғартады.
Сонау 1995 жылдары ел арасында:
«Өмірімнің сәулелі,
Бал күндері, сұлуым.
Неге сонша әуреге,
Салдың мені, сұлуым?

Айналдым, сұлуым,
Жайдарлы, сұлуым.
Махаббат жылуы,
Мөп-мөлдір тұнығым», – деп шырқалатын бір ән кең тарады. Алдыңғы толқынға етене таныс «Сұлуым» атты бұл әннің сөзін Серік Тұрғынбеков жазса, әуенін белгілі сазгер Марат Ілиясов шығарған еді. Ән жақында ғана өмірден озған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Болат Әбдіахметовтің орындауында тоқсаныншы жылдардың сырлы сазына айналды. Ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жалаңаяқ қыз» бен «Сұлуым» шығармалары әншінің қазақ еліндегі абыройын айрықша асқақтатты.
Сонымен бірге Серік Тұрғынбековтің сөзіне жазылған, ел жүрегінен орын алған әндердің бірі – «Туған жерім тамаша». Әнге Алтынбек Қоразбаевтың әуезді әуені қосылып, туған жерге деген перзенттік сағыныш пен ыстық ықыласты жүрекке жеткізді.
«Атырау мен Алтайым, әнмен шашу
шашайын,
Сағындырған Сарыарқа, барсам саған
ай сайын.
Қасиетті Қаратау, асыл текті Алатау,
Жер жәннаты Жетісу, туған жерім – тамаша!» – деген рухты қайырмасы бар әнді әр жылдары әр орындаушы шырқап, халықпен бірге жасасып келеді. Әсіресе «Меломен» тобының орындауында әннің жаңа буынға қайта жол тартқаны белгілі.
Алтынбек Қоразбаев демекші, дәл осы сазгермен ақынның жүрегінен шыққан «Менің дағы бір аққуым бар шығар?» әні де әлі күнге дейін тыңдарман жүрегінен көше қойған жоқ, көшпейді де. Халық әртісі Әлішер Кәрімовтің орындауында кеңінен танылған әннің дүниеге келу тарихы да қызық.
Бұл жайында әннің әуенін өмірге әкелген Алтынбек Қоразбаев: «Серік ағамыз Мәдениет министрлігінде жұмыс істеп жүргенінде бір шаруамен іздеп бардым. Көп әңгімелестік. Бір уақытта ағамыз: «Бір өлең жазып едім, әнге келе ме, көрші», – деп үш шумақ өлеңін ұсынды. Арада жылдар өтті. Мен ол туралы ұмытып та кеттім. Бір күні архивімді ақтарып отырып, сол өлең көзіме ілікті.
«Алатаудың басындағы қар шығар?
Қар болса егер, ол да кетер, аршылар?
Көңілімнің айдынынан ұшатын,
Менің дағы бір аққуым бар шығар?»
Әнге сұранып тұрған өлең. Шөмішбай Сариев, Исраил Сапарбай бастаған ағаларыма хабарластым. Ол кісілер мұндай өлең жазбағанын айтты. Әнді жарыққа шығарып, айтып жүрдім. Халыққа кең тарады. Бірақ сөзін жазған автор белгісіз болды. Бір күні Серік ағам жолығып қалып: «Алтынбек, сен орындап жүрген «Менің дағы бір аққуым бар шығар?» деген әніңнің сөзін мен жазғанмын ғой», – деді. Сөйтіп, сол күні-ақ Қазақ радиосында әннің сөзін жазған Серік Тұрғынбеков екенін айтып, жұрттан сүйінші сұраған едік», – деп еске алады.
Жалпы, Серік Тұрғынбекұлы Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Еркеғали Рахмадиев, Алтынбек Қоразбаев, Сейдолла Бәйтереков, Марат Омаров, Марат Ілиясов секілді белгілі композиторлармен шығармашылық байланыста болып, талай әнге сырлы сөз арнады. Соның бір жарқын мысалы – Сейдолла Бәйтереков әуезін әспеттеген «Түркістан» әні. Оны қазақ өнерінің мақтанышы Роза Рымбаева асқақтата орындап, көпшілікке кеңінен танытты. Ал Әсет Бейсеуовпен шығармашылық үндестіктен туған «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар» әнін танымал әнші Тамара Асар және өзге де өнерпаздар орындап жүр.
Осындай өлмес шығармалар жазған ақынның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және республикалық «Махамбет» сыйлығының лауреаты, халықаралық Түркі поэзиясы фестивалінің жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Парасат» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ақынның қаламы қолында. Демек, Серік Тұрғынбекұлының айтылар сөзі әлі таусылған жоқ. Өйткені шын ақынның жыры жасымен емес, жүрегіндегі отымен өлшенеді. Ал Серік ақынның жүрегіндегі сол от – Торғайдың төсінен тұтанған, елдің рухымен нәрленген, қазақ сөзінің қасиетімен алаулаған от.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.