Қазақ поэзиясының кең тынысты әлемінде өзіне тән үнімен, табиғатпен тілдескен сырлы жырларымен танылған қаламгерлер аз емес. Әр ақынның жүріп өткен жолы, өлеңге әкелген өз бояуы, сөзге айналдырған өз әлемі бар. Сондай дара дарынның бірі – Құланда туып, қара өлеңге қанат қаққан Қуандық Шолақ. Оның жырларынан туған жердің самалы, ауыл тіршілігінің тынысы, адам жүрегіндегі сағыныш пен уақыт туралы толғаныс қатар сезіледі.
Қуандық Абашұлы 1941 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен өлеңге ден қойып, жүрегіндегі сырын қағазға түсіре бастайды. Дегенмен, ақынның өмір жолы бір ғана әдебиет саласымен шектелген жоқ. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін тәмамдап, еңбекке араласты. Әртүрлі қызметтер атқарып, ауыл тіршілігімен біте қайнады. Бірақ қандай жұмыста жүрсе де қолынан қаламын тастаған жоқ. Керісінше, күнделікті өмірдің өзінен өлеңге азық тапты.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Ата жұрт» деген атпен 1982 жылы жарық көрді. Одан кейін «Кешіккен көктем», «Күзгі ырғақтар», «Көк сеңгір», «Менің атам», «Қоңыр әуен», «Қоңыр жел» секілді кітаптары оқырман қолына тиді. Бұл атаулардың өзінен-ақ ақынның поэ- зиялық әлеміне тән сырлы сарын аңғарылады. «Ата жұрт» – туған елге деген перзенттік сезімді танытса, «Кешіккен көктем» мен «Күзгі ырғақтар» табиғаттың мінезін, уақыттың тынысын сездіреді. Ал «Қоңыр әуен», «Қоңыр жел» атау- лары ақынның сөз саптауындағы сабырлы да сырлы әуезді айқындай түскендей.
Қуандық Шолақ поэзиясының басты ерекшеліктерінің бірі – табиғатты адамнан, адамды табиғаттан бөліп қарамауы. Ақын табиғаттың әрбір көрінісінен адам көңілінің күйін табады. Заманымыздың заңғары Әбіш Кекілбайұлы ақын өлеңдері туралы: «Мейлінше сөз сапырмай, нақты көркем жазады екенсің.
«Жалғыз терек тұғыр еткен бөктерді,
Қарға омбығып тұрып қалған леп белгі.
Ақындығым осы-ақ шығар, табиғат,
Өзіңді оқып беріп қана шектелдім», – деп айтыпсың. Шығармаларыңның қай-қайсысы да осындай. Жаза түс. Қаза түс. Халқыңның көңілін таба түс», – деп жоғары бағасын берсе, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза Қуандық Шолақтың ақындық болмысына ерекше ықылас танытқан. Шерағаңның: «Қазақтың рухани кеңістігінде екі Шолақ бар. Бірі – Балуан Шолақ, екіншісі – Қуандық Шолақ», – деген сөзі ақынға көрсетілген үлкен құрметтің белгісі еді.
Ақынның кітаптарын ақтарсаңыз, адам мен уақыт мәселесі де кең көрініс табады. Өмірдің өткіншілігі, артында із қалдыру, кейінгі ұрпаққа мұра қалдыру туралы ойлар оның жырларынан жиі ұшырасады.
«Бос кетуді өмірден күнә көрем,
Кейінгіге қалар ма мұра менен?
Маңдайыма әлемнің менікі дер,
Жазып кетсем өлмейтін бір-ақ өлең», – деген жолдардан ақынның шығармашылыққа деген жауапкершілігі анық байқалады. Бұл – әрбір қаламгердің көкейіндегі үлкен сауал. Адам өмірден өтеді, уақыт өзгереді. Ал оның сөзі қалуы мүмкін. Сондықтан ақын үшін өлең – көңіл көтерудің немесе сезімді сыртқа шығарудың ғана құралы емес, кейінгіге қалатын рухани мұра.
Сонымен бірге ақынның шығармашылық мұрасында балаларға арналған дүниелердің де орны ерекше. «Менің атам» атты жинағы – осының айғағы. Өскелең ұрпаққа арнап өлең жазу – қаламгерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бала жүрегіне жол табу үшін ойды жеңіл жеткізумен қатар, тәрбиелік мәнін де жоғалтпау қажет. Қуандық Шолақ бұл бағытта да қалам тербеп, жас оқырманға арналған шығармаларын ұсынды. Мәселен, «Жақсы бала демес кім?» атты өлеңінде:
«Суардым да байталды,
Қозы-лақты қайтардым.
Тілін алсам үлкеннің,
Тілазар деп айтар кім?
Ағам жақсы көреді,
Тәтті әкеліп береді.
Дәптер, кітаптарын еш
Жыртқан емен, себебі.
Апам жақсы көреді,
Атам жақсы көреді.
Айтқандарын бұлжытпай
Орындаймын себебі», – деп жыр- лайды. Оқып отырсаңыз, өлеңнің негізгі өзегі – бала тәрбиесі мен отбасындағы сыйластықты дәріптеу. Ақын баланың күнделікті тіршілігін, малға қарасып, үлкендердің айтқанын тыңдап, ағасының кітап-дәптерін ұқыпты ұстауы арқылы оның еңбекқор, тәртіпті, үлкенді сыйлайтын, бауырмал болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қарапайым әрі жеңіл тілмен жазылған бұл өлеңнен қазақы тәрбиенің тағылымы сезіледі. Баланың жақсы мінезі мен әр ісінен ата-әже, ата-ана, аға-бауырға деген құрметі аңғарылып, өскелең ұрпақты еңбекке, әдептілікке, отбасын қадірлеуге үндейтін тәрбиелік мәні айқын көрінеді.
Дәл осындай балалар жүрегінен жол табатын «Атам айтқан» атты өлеңінде ақын үлкеннің өнегелі сөзін бала тәрбиесінің өзегіне айналдыра отырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге үндейді:
«Риза еткен құлқы елді,
Кішіпейіл Илабек.
Атам айтқан: «Үлкенді
Сол секілді сыйла», – деп.
Атам: «Нағыз азамат
Жіпті де алмас көлденең.
Арлы, ұятты таза нақ
Илабекдей бол», – деген.
Көрер әлі-ақ көздерің,
Айтамын нық шешіммен.
Атам айтқан сөздерін
Шығармаймын есімнен».
Өлеңнің өн бойынан үлкеннің ақылын тыңдап, жақсыны үлгі тұту, өтірік пен әдепсіздіктен аулақ болу, үлкенді сыйлау, ар-ұятты биік ұстау секілді тәрбиелік мәні зор ойлар аңғарылады. Ақын атаның сөзін жай ғана ақыл ретінде емес, баланың өмірлік ұстанымына айналған өнеге ретінде көрсетеді.
«Өлеңді Авгийдің ат қорасына айналдырған бәзбіреулердің «жырлары» секілді іш пыстырмайды. Өлеңге деген жан тазалығы осындай болса керек-ті. Ақындық – көзбен көріп, болмаса қолмен ұстайтын нәрсе емес, ол – шын талант иесінің ішіндегі алай-дүлей қайнап жатқан беймәлім құбылыс. Кеудені қысып, шабытты кернеген тылсым күшті шалқыта жазу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Ал қазақы қара өлеңді құйқылжыта жазу Құланның Қуандығының қолынан келді.
Қуандық ақын көп оқиды. Көп оқығанының белгісі болар, табиғатты ерекше суреттейді. Бір жағынан алып қарасаңыз, Жаңатұрмыстай қасиетті өлкенің саф алтындай мөлдір де таза ауасы, сұлулығы Альп тауларынан асып түспесе, кем түспейтін, қысы-жазы асқар шыңын қар басып жатқан ақбасты Алатаудың ғажап көрінісі таңдайдан бал тамызар тұшымды өлеңге айналмай қоймайтыны анық. Қуандық ақынның «Сусамыр суреттері» деген өлеңінде:
«Жартастағы анау, желкілдек желең жекендер,
Желбіреп тынбай барады ойнап бұрылмай.
Қорымтас үстіндегі маңқиып тұрған таутеке,
Көз ұшындағы әрең көрінер қара шыбындай», – деген шумақтар бар. Сойқан суреттеу, «Сусамырға» тартып кеткің келіп тұрады, – дейді журналист Марат Диханбай.
Отты өлеңдерінде өзі өрнектегендей оның ғұмыры туған жерімен тығыз байланысты болды. Ол үлкен қалалардың әдеби ортасына ұмтылып, ауылдан алыстаған жоқ. Құланда жүріп-ақ қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосты. Сол еңбегі уақыт өте келе лайықты бағасын алды. Айталық, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты болды. ТҮРКСОЙ-дың Мақтұмқұлы атындағы төсбелгісімен марапатталды. Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұның бәрі оның әдебиетке сіңірген еңбегінің ел тарапынан мойындалғанын көрсетеді.
Құланның қоңыр топырағынан түлеп ұшқан ақынның есімі де, сөзі де туған елдің рухани жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.
Жұматай КӨКСУБАЙ