Халқымыздың ХХ ғасырдағы тарихына көз салсаңыз, бір ғана адамның ғұмырынан тұтас бір дәуірдің ізін көруге болады. Ақ патшаның отарлық қысымы, 1916 жылғы дүрбелең, төңкеріс, азамат соғысы, кеңестік биліктің орнығуы, ашаршылық, тәркілеу, саяси қуғын-сүргін секілді алмағайып кезеңдер бірінен соң бірі жалғасып жатты. Сол аласапыранның арасында елдің сөзін сөйлеп, баланың сауатын ашып, әнімен халықтың мұңын жеткізген арда азаматтардың бірі – Қапез Байғабылұлы.
Алаш ардақтысы 1896 жылы қазіргі Алматы облысы, Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Қапездің балалық шағы қазақ даласының ескі салты мен жаңа заманның табалдырығы қатар көрінген кезеңге тұспа-тұс келді. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, жастайынан өлең-жырға, қисса-дастанға, әншілік өнерге құмар болып өседі.
Жас жігіттің тағдырындағы үлкен белес- тердің бірі – Ыстамбұлда білім алуы. Сол жерде діни біліммен қатар түркі дүниесінің рухани мұрасымен танысып, тіл үйреніп, дүниетанымын кеңейтеді. Түркиядан туған жеріне оралған соң қараңғы қазақтың көзін ашу, елге білім беру мақсатымен Жетісу өңіріндегі Жалаңашта, Торайғырда, Сүмбеде, Екашада, Ақтоғайда, Тоғызбұлақта, Кегенде мектеп ашуға атсалысып, өзі де бала оқытқан. Бұған ақынның атақты «Үш Меркі» деген әніндегі:
«Білім алдым Ыстамбұл қаласында,
Қазақтың тәлім бердім баласына», – деген жолдар дәлел.
Қапездің ел алдындағы еңбегі ашаршылық жылдарында да айқын көрінді. 1931-1933 жылдардағы нәубет қазақ даласын қара жамылдыр- ғанда жан-жақтан босып келген аш-жалаңаш адамдардың жағдайына алаңдаған азаматтардың бірі осы Қапез болды. Зерттеушілердің дерегінде оның шамамен алпыс үйлі «Облатком» атты ауылды ұйымдастырып, аштықтан босқан адамдарға қолдау көрсеткені айтылады. Ақын бұл туралы жоғарыда аталған ән сөзінде:
«Он жасымда, қайтейін, бала болдым,
Он бесімде жол іздеп, дала қондым.
Отызымда ағайын ашыққан соң,
Бір өзім алпыс үйге пана болдым», – деген екен.
Осылайша Қапез ашыққан елге тамақ тауып, жалаңашқа киім беруге күш салған. Осы еңбегі үшін сол кездегі өкіметтің марапатына ие болды. Бірақ сол дәуірдің парадоксы осында еді. Халықты аштықтан алып қалуға тырысқан, ағартушы азаматтың өзі кейін сол қоғамның саяси қуғынына ұшырап, құрбанына айналды.
Жалпы, халық композиторларының әндері мен күйлерінен өздері өмір сүрген заманның тынысын, сол дәуірдің мұң-мұқтажын, елдің қуанышы мен қайғысын аңғаруға болады. Өйт- кені халықтың өнері – уақыттың үнін жоғалтпай сақтайтын рухани шежіре. Бір әннің әуе- зінен тұтас бір дәуірдің бейнесі көрініп, бір шумағынан ел басынан өткен қилы кезеңнің табы сезіліп жатады. Қапез Байғабылұлының әндері де – осындай тарихи жүкті арқалаған асыл мұра. Оның шығармаларынан ашаршылық жылдарының ащы зары, жетім мен жесірдің көз жасы, ел басына түскен ауыртпалық, қуғын-сүргіннің қаралы табы айқын сезіледі. Сондықтан Қапез әндерін тыңдаған адам сол дәуірдің елесін көз алдына әкеліп, халықтың басынан өткерген қасіретін жүрегімен сезінгендей болады. Демек, Қапездің әндері – жай ғана музыкалық мұра емес, ХХ ғасырдың аласапыран жылдарын, халықтың мұңы мен тағдырын бойына сіңірген қасіретті кезеңнің айнасы іспетті. Мәселен, ақынның «Айхай» әнінен – ана мен баланың айырылуы, жетімдік, аштық, жоқшылық көрінеді:
«Аналары айрылған баласынан,
Айрылған балалары анасынан.
Жетім, жесір, жалаңаш ашыққан соң,
Сабанның дән іздейді арасынан».
Бұл жолдардың өзінен-ақ Қапездің заман шындығын сырттай бақыламағанын аңғарамыз. Ол халықтың ортасында жүрді, аштықты көрді, босқан елдің зарын естіді.
Ал «Дүние-ау» әні:
«Жапалақ «жалп» етеді жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасында?
Дос болып қас қылғаннан сақта, құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», – деген жыр жолдармен өріледі. Дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиевтің репертуарындағы бұл әнді тыңдап отырсаңыз, адамды адалдыққа, достыққа, сертке беріктікке үндейді. Сондықтан «Дүние-ау» – тек лирикалық ән емес, адамдық өлшемдерді сөз ететін философиялық туынды.
Қапез әндерінің тағы бір ерекшелігі – оның өз өмірінің шежіресіне айналуы. Мұндай шығармалардың бірі – белгілі әнші Рамазан Стамғазиевтің орындауында ел арасына кең тараған «Қапездің қоштасуы» әні. Оның кең тараған нұсқасында:
«Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма?
Жетім-жесір қасында дос қалды ма?
Өкінбейін десем де өзегім бар,
Өтіп кетті дүние қас-қағымда.
Әзәзілге сендің бе?
Айтқанына көндің бе?
Халқым деген Қапезді
Жау деп ұстап бердің бе?!
Итжеккенге айдаған –
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған
Бұл – Қапездің әні еді.
Қалып барады артымда балапаным,
Аямасын ағайын алақанын.
Кебін емес, кебенек киіп барамын,
Қош, есен бол, Ақтоғай, Алатауым!»
Бұл ән Қапездің өмірінің соңғы кезеңімен байланысты. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін күшейген шақта ол «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, айдауға жіберілді. 1939 жылы Коми АКСР-індегі Ухта қаласында қаза тапты. Ұлтының ұлы перзенті араға 20 жылға уақыт салып 1958 жылы толық ақталды.
– Қапезді тұтқындаған кезінде №1593528 партиялық билетін, №854175 кәсіподақ билетін, мақтау қағазы, түрлі анықтамалар мен 45 парақтан тұратын жеке құжаттарын қоса тәркілеген. Сонымен қатар күш қолданып, ұрып-соғу арқылы мынадай жауап алынған:
Сұрақ: Сіз контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде тұтқындалдыңыз. Айтыңызшы, сіз өз кінәңізді мойындайсыз ба?
Жауап: Иә, мен шынымен де контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі болдым және бұл үшін өз кінәмді мойындаймын.
Сұрақ: Айтыңызшы, сізді осы контрреволюциялық ұйымға кім, қашан және қандай жағдайда алды?
Жауап: 1937 жылдың наурыз айы шамасында Нұрбек Балабеков келгеннен кейін көп ұзамай пәтеріне соңғы шақырылған адам мен болдым. Онда Балабеков оның еңбегін ешкім бағаламағанын айта бастады. Мен оның сөзіне келісіп, 1921 жылдан бастап халық ағарту саласында қызмет етіп келе жатқанымды, еңбегімді ешкім бағаламағанын айттым. Осыдан кейін Балабеков: «Кеңес өкіметінен құтылсам, қуанар едім», – деген. «Кеңес өкіметінен қалай құтыламыз?» – деп сұрадым. Сонда Балабеков маған: «Жақында уақыт келеді. Бұл істі жеделдету бізге байланысты», – деді. Осы әңгімелерден кейін Балабеков маған Құлымбетов, Жандосов және басқалар басқарған контрреволюциялық ұйымның бар екенін айтты. Ол мені осы контрреволюциялық ұйымға қосылуға шақырды. Мен оған бірден ештеңе айтқан жоқпын, сонда Балабеков маған Қазақ ағарту халық комиссары Жүргеновтің де осы ұйымның мүшесі екенін хабарлады. Осыдан кейін Балабековке осы ұйымға кіруге келістім».
Осылайша Қапез Байғабылұлын 1937 жылғы 25 желтоқсанда 58-баптың 10, 11-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жібереді, – дейді белгілі тарихшы Рашид Оразов.
Қапездің әншілік мұрасы ұзақ уақыт бойы кең көлемде зерттеле қойған жоқ. Оның бір себебі – саяси қуғын-сүргіннің салдары. «Халық жауы» атанған адамның атын атаудың өзі қауіпті болған заманда оның әндерін ашық айту да оңай емес еді. Сондықтан Қапез мұрасы халық жадында, ел арасындағы әншілердің орындауында сақталды. Кейін зерттеушілер мен өнерпаздар сол мұраны қайта жинап, ғылыми айналымға енгізуге күш салды. Сағатбек Медеубекұлы, Ғалымжан Досанұлы, Рамазан Стамғазиев секілді зерттеушілер мен әншілердің еңбегі арқылы Қапез шығармалары кейінгі буынға жетті.
Биыл тұлғаның туғанына 130 жыл толуына орай ғылыми конференциялар, экспедициялар мен туған жерінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сонымен бірге белгілі жазушы-драматург Аршын Нұрбақыттың «Қапез» атты пьесасы көрерменге жол тартты.
– Алаштану мен ұлт тарихын ұлықтау – бүгінгі буынның қасиетті борышы. Қапез Байғабылұлы сияқты ел бостандығы мен ар-ожданы жолында шаһит кешкен арыстарымыздың есімін ұмытпай, олардың өнегелі өмір жолын кейінгіге аманаттау – бізге парыз. Осы перзенттік парызды өтеу мақсатымен Қапез бабамыздың рухына арнап пьеса жазып, оны Кеген халық театрының сахналап, тарихи қойылымның тұсауы арыстың өз кіндік қаны тамған қасиетті Тоғызбұлақ төрінде кесілуі біз үшін үлкен мәртебе әрі рухани сабақтастықтың белгісі болды.
Бұл бастама – ел үшін жанын пида еткен ардақты тұлғаларға сахна өнері арқылы білдірген аз да болса перзенттік алғысымыз бен тағзымымыз. Анығында, тарихи тұлғаларымызды бұлайша насихаттау арқылы біз олардың атын асқақтатып қана қоймаймыз, ең алдымен өзімізді, бүгінгі ұрпақты адамгершілік пен тұлғалық биікке көтереміз. Бабалар рухына тағзым ету – келешекке жол нұсқайтын темірқазығымыз болып қала береді, – дейді А.Нұрбақыт.
Тұлға туралы сөз еткенде оның «Тілші» газетінде түрлі мақалалар мен корреспонденциялар жазғанын айтпай кетуге болмас. Зерттеушілер оның «Ескергені осы ма?», «Шаруа тіршілігі», «Аткезшімен күресу», «Оқу, оқыту жабдығы», «Жазықсыз 20 қара сойылды» секілді мақалаларын атап көрсетеді. Бұл жазбалар Қапездің тек әнмен сөйлеген өнерпаз емес, заман мәселесін қаламмен де көтерген қаламгер болғанын көрсетеді.
Жалпы, Қапез Байғабылұлы – көпқырлы тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығы – жоғары оқу орны студенттері үшін ғылыми жобаға арқау боларлық тың тақырып. Ал қапезтанушылар үшін оның әнші-композиторлық, ағартушылық, саяси қайраткерлік және журналистік қырларын саралап, жан-жақты зерттеу – уақыт еншісіндегі маңызды міндет.
Жұматай КӨКСУБАЙ