Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Отбасылық өмірге қадам: 8 жұп некеге дейінгі оқытудан өтті

0 72

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Берік шаңырақ құру үшін екі жастың бір-бірін жақсы көруі жеткіліксіз. Отбасылық өмір өзара түсіністік пен сенімді, жауапкершілік пен сыйластықты, сондай-ақ психологиялық, құқықтық, медициналық және қаржылық тұрғыдан дайындықты талап етеді.

Осы бағытта Тараз қаласында некеге тұруды жоспарлап жүрген және жас отбасылардың отбасылық өмірге саналы түрде дайындалуына бағытталған «Отбасылық өмірге қадам: саналы таңдау және жауапкершілік» атты оқыту бағдарламасы өткізілді.
Бағдарламаға 8 жұп қатысып, отбасылық өмірдің маңызды бағыттары бойынша арнайы оқытудан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Білім мен тәжірибеге негізделген оқыту қатысушыларға отбасы құндылықтарын нығайту, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті қалыптастыру, репродуктивті және құқықтық сауаттылықты арттыру, қаржылық мәдениетті дамыту және эмоциялық интеллектіні жетілдіру мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берілді.
Бағдарлама 5 модульден тұрды. «Серіктестік және жауапкершілік» модулі барысында отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі, сенімі, ортақ шешім қабылдауы және жауапкершілікті бөлісуі туралы айтылды. Модульді Тараз қаласы №2 емханасының жанындағы «Жан-нұр» Жамбыл облыстық жастар денсаулық орталығының жетекшісі, психолог Лаура Сламова жүргізді. Отбасылық өмірде әр адамның пікірі мен сезімін құрметтеу, қиындықтарды бірге еңсеру және ашық қарым-қатынас орнату – берік шаңырақтың маңызды негіздері екені түсіндірілді.
Ал «Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық» модулінде жас жұптарға денсаулықты сақтау, отбасын жоспарлау және жауапты ата-ана болуға дайындық мәселелері бойынша маңызды ақпарат ұсынылды. Бұл бағыттағы оқытуды «JANUIA medical center» жанындағы «Жігер» жастар денсаулығының жетекшісі Гүлзира Қалдыбаева жүргізді.
«Құқықтық сауаттылық» модулінде қатысушылар неке және отбасы саласындағы заңнамалық талаптармен, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерімен танысып, отбасылық қатынастардағы құқықтық жауапкершілік жөнінде қажетті мағлұмат алды. Модульді «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің заңгері Роза Кушакова өткізді. Сонымен қатар жас отбасылардың тұрмыстық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын қаржылық сауаттылық мәселесі де назардан тыс қалмады.
«Қаржылық сауаттылық» модулінде отбасылық бюджетті жоспарлау, кіріс пен шығысты тиімді басқару, ортақ қаржылық мақсатарды белгілеу және қаражатқа жауапкершілікпен қарау мәселелері қозғалды. Бұл бағыт бойынша М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Гүлзат Искакова түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – «Эмоциялық интеллект және отбасындағы қарым-қатынас дағдылары» модулі. Бұл бөлімде қатысушылар өз эмоцияларын түсіну және басқару, жұбының сезімін қабылдау, бір-бірін тыңдау, келіспеушіліктерді өркениетті түрде шешу және отбасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру жолдары туралы білім алды. Модульді психолог Лаура Сламова жүргізді. Мамандардың айтуынша, отбасыдағы көптеген түсініспеушіліктің алдын алуға дұрыс қарым-қатынас, өзара тыңдай білу және мәселелерді ашық талқылау арқылы мүмкіндік бар. Сондықтан мұндай оқыту жастардың отбасылық өмірге дайындығын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Оқыту барысында қатысушылар мамандармен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Бағдарлама жас жұптарға отбасы құрудың тек қуанышты сәттерден ғана емес, өзара жауапкершілік пен күнделікті еңбектен тұратынын түсінуге мүмкіндік берді.
Бағдарлама соңында оқудан өткен 8 жұпқа сертификаттар табысталды. Сертификат алу – тек оқыту курсын аяқтағанын білдіретін құжат емес, сонымен қатар отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарап, өзара түсіністік пен сыйлас- тықты басты құндылық ретінде қабылдауға жасалған қадам.
Бүгінгі таңда жастардың отбасылық өмірге саналы түрде дайындалуы – қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі. Себебі мықты отбасы – мықты қоғамның негізі. Ал отбасындағы татулық пен тұрақтылық өз кезегінде бала тәрбиесіне, ұрпақтың болашағына және қоғамның әлеуметтік әл- ауқатына тікелей әсер етеді.
«Отбасылық өмірге қадам: саналы таңдау және жауапкершілік» бағдарламасының негізгі мақсаты да – жастарға отбасылық өмірдің мәнін терең түсінуге, өзара сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастыруға және болашаққа сеніммен қадам жасауға қолдау көрсету.
Отбасын құру – өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Ал бұл шешімді біліммен, түсіністікпен және жауапкершілікпен қабылдау – берік шаңырақтың бастауы.

Арайлым ҚАДЫР,
Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау
орталығы» КММ психологы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.